Мәңгілік Ел, Мәңгілік Қазақстан. Бұл біздің ата- бабаларымыздың мәңгілік арманы, қол жетпес мақсаттары болып саналатын.Қашанда абырой мен бақыт, жаңарулар мен жаңғыртулар оңайлықпен келе қоймайтыны анық. Оған жетуге үміткер елдің еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін тер төккен еңбектің арқасында ғана келетінін жақсы түсінеді. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап болашаққа жол бастап келе жатқан ұлы көшбасшымыз Н.Ә. Назарбаев сынды ел бастайтын көсемі бар Қазақ елі — аз уақыттың ішінде тарихта бұрын- соңды болмаған межелі табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі еліміздің басты мақсаттарының бірі экономикасы дамыған, бәсекеге қабілетті, биік шыңдарды бағындыра білетін жалынды жастары бар, тұғыры биік Мәңгілік Ел атану. « Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл — әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан- жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдарын құрдымға жіберген. Тіршіліктің қиындықтарына төтеп бере алмай жер бетінен жойылып кеткен ұлт қаншама. Біз өзгенің жіберген өткеннің тағылымдарынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана. Ол – Мәңгілік Ел. Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Ол үшін біз үнемі алға ұмтылуымыз керек. Біздің арманымыз да, байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек» — деп атап көрсетті елбасымыз. Ел мен тіл егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі — ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса Мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Ендеше алдына қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасай алады. Мәңгілік Ел деген ұғымның өзі – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғану саясатын ұстану деп түсінуге болады. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобызшы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, бұл тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. Қазақ халқы арасындағы тараған аңыздардың Қорқытты бірде айтулы күйші ретінде көрсетсе, енді бірде ол өлім атаулыға қарсы шара іздестірген қамқоршы ретінде көрінеді.Қорқытты мәңгі өмірді аңсаған, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына қолайлы жер іздеп, жерұйықты шарлаған Асан қайғымен түсіндіруге болады. Біртұтас Түркістан», «Еуразиялық одақ», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ елі идеясы» сияқты ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды.
Мәңгілік Ел идеясы – біздің болашағымыз жас ұрпақтың басты құндылықтарының бірі болып саналады. Ұлттық идея — туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт- санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген этностық сезім. Ол- ұлттың болмысы, өзіндік ерекшелігі.
Президент өз сөзінде «Біз үшін болашағымызға бағдар беріп ұлтты ұйымдастыра біліп, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол- Мәңгілік Ел идеясы. Тар жол тайғақ кешу жолында талай қиындықтардың куәсі бола отырып, тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық . Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі өсіп келе жатқан ұрпақ біздің мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы — Мәңгілік Ел» деп атап көрсеткен болатын. Мұндай ұғым мен қазақпын деген әрбір қазақстандықтың жүрегінің түбінде ұялап жатуы тиіс. Қазіргі таңда осындай ұлттық құндылықтарымызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, жалпы жастарымыздың санасына жеткізу үшін талмай еңбектенуіміз керек. Өскелең ұрпақтың санасына, өмір сүріп жатқан қоғамына құндылықтар мен сенімді сіңіруіміз қажет. Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазіргі таңда біздің қоғам өзінің ерекшеліктеріне сай патриотизм, төзімділік, адамгершілік, ұлтаралық сыйластық ұстанымдарын алға қояды. Бұл құндылықтар Қазақстандағы барлық ұлттар мен этностарды біріктіретін ұлттық идеяға негіз бола алады. Осындай ұлттық идеология құндылықтарын мектеп бағдарламасына енгізіп, жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы зор екені белгілі.
Біз көппіз және біргеміз, бір елміз, бір халықпыз. Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтерміз, ол өзіміздің бірлігіміз бен берекемізге байланысты. Біздің туған жеріміз бір, ол- кең байтақ қазақ даласы. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді « Мәңгілік Ел» етуді мұрат еттік.
Ендеше Мәңгілік Елді нығайту, бұл біздің Отанымыз – Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайту. Мәңгілік Ел, Бұл біздің ортақ құндылықтарымыз, еркін және өркендеген елде өмір сүруге деген құштарлығымыз. Мәңгілік Ел. Бұл- біздің ортақ мекеніміз. Ал ең бастысы- еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін « Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жариялануы. «Мәңгілік Ел» идеясы елімізді өз мақсатына талай сыннан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Қазіргі таңда мектеп жасында тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың өз қоғамынан ойып тұрып орын алатындай, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, жан- жақты сауатты, білімді азаматтар мен азаматшалар болып шығуына біз ұстаздар қауымы шығармашылықпен жұмыс жасауға міндеттіміз. Біз ХХІ ғасыр Қазақстанның « алтын ғасыр» боларына сеніммен қараймыз. Көздеген мақсаттарымызға міндетті түрде жетеміз. Тәуелсіздігіміздің баянды болатынына сенеміз. Сондықтан да Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі болуға әбден лайық. Қазіргі кездегі білім мазмұнының өзгеріп, жаңарып жатқандығы да осының куәсі іспетті. Ата–бабаларымыздың бірнеше ғасыр аңсаған армандарын жүзеге асыру мақсатында, ұшса қыранының қанаты талатын, шапса тұлпарының тұяғы тозатын ұланғайыр жерімізді сақтай отырып, әрбір қазақ баласы оның иесі екенін түсінуіне жағдай жасайық.
Қанафина Алтынай Сұлтанбекқызы,
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім
беретін орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі,
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы