Білім беру сапасын көтеру, ұлттық құндылықтарымызды балалардың бойына сіңіру мақсатында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру арқылы оқу-тәрбие үрдісін жаңғыртумен қатар оны жүзеге асыратын педагогтердің көзқарасын, балалармен қарым-қатынасын түбегейлі өзгертіп, оқыту мен оқу жүйесіне, балабақша пен тәрбиеленуші өміріне жаңа өзгеріс әкелді. Нәтижесінде педагогтар тәрбиеленушілерге қалай білім мен тәрбие беру керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді бала тұлғасын қалыптастыру – біздің бүгінгі басты мақсатымызға айналды. Л.А. Сенеканың «Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз үйренеміз» атты жолымен сапалы білім мен үздіксіз ізденіс арқасында ерекше идея мен өзгеше ой-өрісті, ұстанымды қалыптастастыруға бастау алдық. Өрлеумен бірге кәсіби тұрғыда өрлей отырып, әлемдік білім беру стратегияларын зерделеп, өмір бойына білім алуды үйрендік. Бөбекжайымызда жаңа белестерге жету мақсатында шығармашылық орта құрылды. Тәрбиешілерге арналған коучингтер өткізіліп, бір-бірімізге бағдар беріп, озық тәжірибесімен танысу, оның ерекшеліктерін танып-білу, оларды салыстыру мен талқылау мүмкіндігіне жеттік. Ұжымымызда қызметтің саналылығы, жаңаны тану, оны сынау, жаңаша жұмыс жасау парадигмасы қалыптасты. Балабақша тек тәрбие ошағы ғана емес, ол үлкен өмірге бастау дайындайтын, қанатын қомдап ұшыратын тұлғаны қалыптастыратын, баланы мектеп өміріне дайындайтын орта. Білім ордасы үнемі жетілдіру жолында, заман талабының үздіксіз айналым шеңберінде өзгеру қажет деп ойлаймын.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде: «Мен қоғамда қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыру ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деді. Елбасымыз Н. Назарбаев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті. Расында да, біріншіден, «Мәңгілік ел» идеясын зерттеп, зерделеуде, насихаттауда һәм оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл орайда көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ азаматының үлес қосқаны абзал.
Екіншіден, ұлттық идеямызды бөбекжайда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, білімгерлерге жете жеткізу үшін қажырлы жұмыс істеуіміз керек. Бұл орайда бөбекжайымызда «Мәңгілік ел – ұлттық идея» тақырыбында педагогикалық кеңес өтіп, тақырып кең көлемде талқыланып, тәрбиеленушілер бойына басты байлығымыз ұлттық құндылықтарымызды сіңіру жолдары жан-жақты талқыланды. Өскелең ұрпақтың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.
Жылкыбаева Казына Оразалиевна
«Ақерке бөбекжай» КМҚК әдіскері