Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мәңгілік ел — ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді… Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ — мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы— Мәңгілік ел», — деді. Мәңгілік Елдің сарқылмас байлығы мен әсем табиғаты, өлмес тілі болуы қажет. Осы бағытта сіз бен біз болып еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп жүрміз. Өйткені, бүгінгі күні жасаған Мәңгілік елді сақтап қалып, көркейтуші әрине, біздің болашағымыз – бүгінгі жас ұрпақ. Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету екендігін бәріміз білеміз. Сол мақсатқа жету үшін сұрақтар туындайды. Сабақты қалай пайдалы, қызықты етіп өткізуге болады? Мектептен шыққан оқушы бүгін алған білімнің пайдасы, жаңалығы туралы айта алатын дәрежеде оқыту үрдісін қалай ұйымдастыруға болады? Оқушы болашақ маман ретінде бүгінгі күн талабына сәйкес болып, жаңа кәсіби міндеттерді шешуге дайын болу үшін не істеу керек? Осы сұрақтарды шешудің бір жолы – оқытуда инновацияны қолдану, яғни мұғалімнің жаңа қаруы ретінде инновациялық әдіс–тәсілдерді кеңінен пайдалану.
Осы орайда, Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында мектептердегі педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы әзірленіп іске асырылуда. Жаңартылған білім беру бағдарламасы материалдары Қазақстан Республикасының мектептеріне арнап әзірленген мектеп пәндерінің оқу бағдарламаларына, оқу жоспарларына және бағалау моделіне негізделген. Сонымен қатар, мұғалімдерге сабақты модельдеу арқылы бағдарлама материалдарын өз тәжірибесінде сынап көруге және оны ой елегінен өткізіп, рефлексия жасауға, сондай-ақ оқушыларға барынша қолдау көрсетуге бағытталған жаттығулар мен тапсырмаларды әзірлеуге мүмкіндік берілген. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында Қазақстанда жүріп жатқан білім беру саласындағы өзгерістер мен білім беру бағдарламасын жаңартудың өзектілігі туралы ақпарат қамтылып отыр. Мұнда пәндер бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың күрделілігінің өсу ретімен, мазмұны мен мақсаттарын таныстыру және пәндер бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына қол жеткізу мақсатында критериалды бағалау жүйесін түсініп, қолдана білуін қамтамасыз ету міндеттерін шешу жолдары қойылған. Бұл қойылған мақсат, міндеттер «Мәңгілік Ел» идеясын іске асырудағы субъективті көзқарастардың орындалуын қамтамасыз етеді.
Осы мақсатты іске асыруда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚБАИ мамандары оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған жаңа білім беру бағдарламасымен таныстыру қарқынды жүргізуде. 2018 жылда Алматы облысы бойынша 5480 мұғалімі жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша біліктілін арттырды. Атап айтқанда, бастауыш сынып -1700, қазақ тілі -690, орыс тілі-510, ағылшын тілі-340,география және жаратылыстану-176,тарих және заң құқық негіздері-218, физика-151, биология және жаратылыстану-190, химия және жаратылыстану-98, математика-479, информатика-166, дене тәрбиесі-660 мұғалімі.
Қорыта айтқанда, білім беру ұйымдарын басқарудағы басты міндет болашағымызға бағдар ететін – «Мәңгілік Ел» идеясын мектеп оқушыларының бойында қалыптастыруға, яғни отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу, бәсекелестікке бейімдеуде сапалы, терең білім беру болмақ!
Байузакова А.К.,
«Өрлеу»БАҰО АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша ПҚБАИ »
Басқару және білім сапасы кафедрасының
аға оқытушысы