Арада он жылдан аса уақыт өте, Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліппиіне ресми түрде көшті. Биылғы жылдың қазанында елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі қаріптерін кириллицадан латынға ауыстыру туралы тарихи жарлыққа қол қойғанын бәріміз білеміз.
Осындай игі істі жалғастыру мақсатында, біз де өз тарапымыздан көптеген іс-шаралар атқарып жатырмыз. Қалалық білім беру бөліміне қарасты білім мекемелерінде жоспарлы түрде көптеген іс-шаралар мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі 10 қараша күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында латын әліпбиіне көшуді талқылау бойынша «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» тақырыбында №10 жалпы орта мектебінің базасында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға барлығы 70-ке жақын ұстаздар мен 10-11 сынып оқушылары да қатысты. Олар: Кентау қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры, облыстық мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты, облыстық «Білім-инновация» ер балалар лицейі, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, қала мектептерінің директорлары және оқу-тәрбие ісі орынбасарлары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері. Дөңгелек үстел бағдарламаға сай 2 бөлімнен тұрды, І бөлімде 2 баяндама оқылып, ІІ бөлімде латын әліпбиін талқылау мен пікірталас өтті.
Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.
Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.
Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек.
Латын әліпбиіне көшу – өркениетке ілесу. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев өзінің 2014 жылдың 17 қаңтарындағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында: «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы, — деген болатын.
Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды да тұрғыздық.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» – екенін білеміз. Осы Жолдауда ана тіліміздің Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болғанын, енді оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.
Қалымбетова Ғазиза,
Кентау қалалық білім беру бөлімінің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері, ОҚО