Home » Білім және тұлға » МҰҒАЛІМ МАМАНДЫҒЫ – БАРЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫҢ  анасы

МҰҒАЛІМ МАМАНДЫҒЫ – БАРЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫҢ  анасы

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді.

Ұлы мұғалім шабыттандырады.

Уильям Уорд

 

 

Мектеп – бұл картада көрсетілмеген бір шағын мемлекет. Бұл мемлекетте тек ең мықты, ең табанды, ең жауапты, ең төзімді, ең шынайы, ең шыдамды, ең шыншыл, ең, ең, ең… адамдар ғана тұрақты тұрғыны бола алады. Мен де осы мемлекеттің бір тұрғыны болуды армандағанмын.  Мұғалім… Бұл менің бала кезімдегі арманымның бірі болатын. Осы арманымның орындалғанына өте ризамын. «Ұстаз» деген атаққа толық ие болу үшін, ең алдымен ұстазды балалар мойындау керек. Балалар біздің сыншымыз, сырттай бақылаушымыз. Солардың көңілінен шығудың жолын қарай жүріп, біз осындай дәрежеге жеттік. Мен оларға осы үшін де ризамын. Балаларға дұрыс жолды бағыттап, дұрыс тәрбие бере отырып, өзімді өзгертемін. Мен олардың қателіктеріне, кемшіліктеріне шыдамдылық танытып, кешіре отырып, өзіме талап қойғыш болдым. Мен шәкірттеріммен тығыз қарым – қатынаста байланыс жасағаннан үлкен ләззат аламын. Өмір бір орнында тұрмайды, бәрі өзгереді, алдыға жылжиды. Мектепте артта қалар емес, ол балалармен бірге дамып, жаңарып келеді. Ал, ұстаз қанша жыл өтсе де, мәңгі ұстаз болып қала береді. Сабаққа келгенде мен балаларға шығармашылықпен жасаған жұмыстарының, өздерінің жеке басының қайталанбас қабілеттерін анықтауға, өзін – өзі ашуға, тануға үйретемін. Оқушының сабаққа деген қызығушылығын ояту үшін, олардың өз – өзіне деген сенімділігін, танымдық белсенділіктерін дамытамын. Оқытудың тиімді және нәтижелі болуы үшін оқушымен кері байланыста боламын. Оқуға деген мотивациясы жоғары, дарынды балалармен оқытудың тиімді әдістерін пайдалана отырып, қосымша сабақтар жүргіземін. Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, -деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу- әр мұғалімнің міндеті. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Мұғалімнің негізгі басты мақсаты — рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады. Қазіргі заманғы мұғалімдер ақпараттандырушы, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Жақсы қасиеттерді болашақ ұрпақтарымыздың бойынан көргіміз келсе, олардың табыстарына таңдай қаққымыз келсе, ұстаз қауымы аянбай еңбек етуіміз қажет деп ойлаймын. Мұғалімдер қоғам, қоғамдастықтар, ата-аналар мен оқушылар алдында олардың мектебі беретін білім сапасына ұжым болып жауап береді. Мен өзім жұмыс істеп жүрген мектебімді — өз үйімдей, өзім сабақ беретін оқушыларымды — өз балаларымдай, бірге қызметтес болып жүрген ұстаздарды өз туыстарымдай өте жақсы көремін десем артық айтқаным емес. Егер мамандықты қайта таңдау қажет болса, мен осы ұстаздық мамандықты ойланбастан тағы да таңдар едім.  Басқа  мамандық  туралы бала кезден бастап ойыма да кіріп шықпапты. Қоғам үшін өзіңді жауапты  санаудан артық бақыт бола ма? Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген сөз бар ғой,  ол шындық екен. Жұмысыңды  аңсап бару,  қуанып  қайту,  өзіңнің  не бітіргеніңді,  енді не  істейтініңді  білу,  бұл — мамандығын  сүйген адамның ісі. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар    көбірек   білім алып   шықпақшы. Солай  болған  соң, ең  әуелі  мектепке  керегі – білімді, педагогика,  методикадан  хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». /А.Байтұрсынов/  Жаһандану  заманында  ұлттық  бәсекеге  қабілетті   болудың басты көрсеткіші  білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық   деңгейге көтеру  кезек күттірмейтін  өзекті  мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Өйткені,  ұстаз  ел­дің ертеңгі  тізгінін  ұстайтын  ұрпақ  тәрбиелейді. Адам  тәр­бие­леу — ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз.  Шындығында барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып тәрбиелейтін ұстаз. «Мұғалім  мамандығы – барлық мамандықтың анасы»,-  деп  қалай  дәл  тауып  айтылған. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның  өміріне  жол   сілтер шамшырақ  болары анық.

 

Алибекова  Шара Ермекбайқызы
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы,
Алмалы ауылы,
№181 жалпы білім беретін қазақ орта мектебі
математика  пәнінің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.