Home » Мақалалар » Мұғалім болғаныма мақтанамын!

Мұғалім болғаныма мақтанамын!

Пернебаева Асель Құрманғалиқызы,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,
Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі «№3 мектеп-лицей» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

  

 

 

 

 

Тойшыбекова Гүлназ Асхатқызы,
 екі шетел тілі мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті

 

 

 

 

 

«Ұстаздық ету — өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жарық дүниеде бұдан асқан мәртебелі, ізгілікті қызмет жоқ», — деген екен жазушы З.Қабдолов.

Шындығында, осы әдемі сөздердің мән-маңызын мұғалім болғанымда түсіндім. Мұғалімдікті 9-10 жасымнан армандайтынмын. Өзім бала болсам да, менен кейінгі іні-сіңілімді бір бөлмеге жинап алып, ұстаздық етуші едім. Біздің балалық ойынымыз сол болатын, олар мектепке бармай тұрып «әліпбиді» үйренді.

Менің мұғалімдік тәжірибем Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» университетінен бастау алды. Сол ЖОО-дағы бар ғұмырының көп бөлігін мұғалімдікке арнаған Қамқай Баеділқызы 2002 жылы Ш.Беркімбаеваның «Құрмет грамотасымен» марапатталған ұлағатты ұстаз біз үшін үлгілі тұлға. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Қамқай Баеділқызы шәкірттеріне дәріс оқудан еш жалықпай, білім берудің ескі әрі жаңа жүйесін қатар ұштастырып жүретін педагог болды. Болашақ жас мұғалімдердің қауымына идеал болатын маман.

Көп уақыт өтпей, жұмыс орнымды ТарМПИ-ге (бүгінгі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті деп аталады) ауыстырдым. Мұнда да үлгі тұтар ұстаздар жетерліктей. Мәселен, Р.Р.Молчанова секілді ұстаздар өз ісіне адал берілген, білімгерлер тағдырына мейірімділікпен қарайды. Олар еліміздегі білім саласының басты мәселесінің бірі – оқу үрдісіне инновациялық технологияны ендірген жаңашыл ұстаздар! Мұғалімдердің мұндай әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдануы — өз бетінше дами алатын білімді болашақ ұрпақты қалыптастырады. Міне, дәл осындай білгір мамандар жас мұғалімдердің қауымын алға жетелейді.

Міне, Тойшыбекова Гүлназ Асхатқызы да екі шетел тілі мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі, оқу орнымыздағы білікті де білімді жас мамандардың бірі. Ол «Шетел тілдері» кафедрасының аға оқытушысы, Молчанова Роза Ричардевна туралы жылы лебіздерін білдіріп, мұғалім ретінде пір тұтатындығын жеткізді.

«Р.Р.Молчанова, өте білімді, сауатты, ізгі ниетті, тәжірибелі мамандардың бірегейі. Өзім студент кезімді бұл ұлағатты ұстаздан үйренерім көп еді. Ағылшын тілінің болашақ мамандарына үлгі боларлық мұғалімді әрдайым мақтан тұтамыз. Өйткені ол аға оқытушылығымен қатар, ағылшын тілін жетік білетін, өз ісінің хас шебері. «Ұстазы мықтының ұстамы жақсы» дегендей, мұндай мұғалімдерден білім нәрімен сусындауымыздың өзі біз үшін үлкен аброй», — дейді ағынан жарылған Гүлназ Асхатқызы.

Жалпы, біз осы заманғы білім беру жүйесімен жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге құштарлықпен ұмтыламыз. Сонымен қатар, «маман болсаң, адам бол» дегендей, адамдықтың бар болмысын да студенттерге жеткізуге тырысамыз. Өзіміздің еккен мәуелі жемісіміз, яки дәріс алған студенттерім біздің әдісімізді қолданып-ақ жүр. Ең бастысы — өзің сабақ берген білімді ұрпақтан білікті маман мен иманды адам шыққандығында емес пе? Жұмыс өтіліміз бірнеше жыл болса да, мен арқылы ақылына ақыл қосқан бірқатар студенттеріміз бүгінде өз жетістіктерімен мақтана алады. Олардың жетістіктерін естісек, қуанышта шек жоқ, құдды бір өзіміз биік белестерді бағындырғандай сезінеміз! Өйткені мұғалім үшін шәкірттерінің білікті маман, адамдық қасиеті жоғары адам болғандығы – еңбегіңнің ақталғандығы. Бұл сәттерде – «Мұғалім болғаныма мақтанамын!», — деп еріксіз күллі әлемге жар салғың келеді екен!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.