Home » Сценарийлер » Еркіндікке бет түзеген көш-керуен

Еркіндікке бет түзеген көш-керуен

Токушева Акмарал Кызылшиликовна,
Дмитрий Карбышев атындағы №16 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 (Н.Тілендиевтің «Көш- керуен» күйі)

Сахнаға қазақтың ұлттық киімін киген екі жүргізуші шығады.

1-Жүргізуші: (күй аясында). Қазақ жері-түгін тартса майы шыққан дарқан дала! «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап», бейбіт жатқан, алып даланың төскейі- түлік, қойнауы- мүлік!

Қазақ жері- Алатау мен Қаратау, Алтай мен Тарбағатай, Көкшетау мен Орал сынды таулары бар таулы жер!

Қазақ жері- Арал мен Каспий, Балқаш пен Байкал, Алакөл мен Жасылкөлдей көкшіл теңіздері бар — теңізді жер!

Еділ мен Жайық, Ертіс пен Сыр, Есіл мен Нұра, Шу мен Талас, Арыс пен Ақсу, Лепсі мен Тентектей өзендері бар – өзенді жер!

Қазақ жері – тау мен тасты, мұз бен құзды жарып шығып, сай салада сылдыр қағып, Желмаядай желіп аққан бұлақтары көп — бұлақты жер! Ойында орман,  қырында – қарағай  қалғып  тұрған, адырында ақбөкен, қиясында құралай ойнақ салған бұйрат- бұйрат белдер  мен бетегелі белесінде- құлан босқан, тауларында текесі,  асқарында арқары,  аюы мен барысы, бұғысы мен  бұлғыны ен жайлап өріп жүрген, елге- қоныс, малға- өріс болған түйенің талысындай  далдиған алып дала!

2-Жүргізуші: Қазақ елі – сол даланы мекен еткен, отауынан – өн кетпейтін, ошағынан от  сөнбейтін  сауықшыл жомарт халық! Елінің төлейіне орай жері де жомарт.

Қазақ елі —  сонау Алтайдан Пиренейге  дейін билік еткен  ер Еділ батырдың елі.

Қазақ елі – асқан батырлығымен,  ақыл парасаттылығымен Египет  еліне билік жүргізген Бибарыстың елі, үндіні билеген Бабырдың елі!

( Құрманғазының « Сарыарқа» күйі).

1 –Жүргізуші: 1723 жыл. Көктем. «Аланы жылқы, ақтылы  қой айдаған» қазақтың биелері құлындап, қойлары қоздап жатқан қауырт шақ болатын.

Дәл осы  көктемде жоңғар қақпасынан есетін игі желдің орнына  Ебінің  есегі соғып берсін Апталап  соққан дауыл толас  тапқанда сол Жоңғар қақпасынан Жоңғардың құмырсқадай қаптаған қалың қолы таудан құлаған  тасқыңдай қазақтың кең даласына ақтарылды.

 ( Ақтабан шұбырынды көш  слайд көрсетіледі)

2- Жүргізуші: Тоз –тоз болған ел шұбыра қашып, Алқа көлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады. Кір жуып, кіндік кескен  Атамекен  артта қалды. Ботадай боздаған босқын ел жанарларын жас жуып, қан қақсады. Қарлыққан дауыспен үн салып » Елім — айлап» еңіреді. Жер аудара  көшкен жалпақ жұрт жаппай  із салған сансыз сүрлеудің сорабынан жалпиған  жалпақ жол түсті.

«Елім- ай» әні.

1 –Жүргізуші: Ол – қара қазақ баласының  жалаң аяғы  қашап салған қара жол!

2- Жүргізуші: Ол- Қаратауды қазып асқан қасқа жол! Қан жоса болған қазақтың қаны сіңген қанды жол!

1 –Жүргізуші: Ол – ата – бабаларымыздың басынан кешкен шемен шежіресін шерткен шерлі жол!

 (Сахнаға  азып-тозған ақтабан шұбырынды көш жүріп өтеді)

Зар: Мынау заман, қай заман –қысқан заман,

Басымыздан бақ дәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

Елім –ай, Елім-  ай !..

( Н.Тілендиевтің « Көш – керуен» күйі).

2- Жүргізуші: « Даудан қашып жүріңдер, дүрлікпе тек!

Жаудан қашып, қор болып үрікпе,-деп,

Біріктірді қазақты Төле биі:

«Бақыт, жеңіс, азат күн – бірлікте !» — деп.

( Сахна  пердесі ашылады. Он екі қанатты қазақ үйі. Төрде Ұлы жүздің ақсақал биі Төлені  ортаға алып Кіші  жүзден кісілігін танытқан  Әйтеке би мен Орта жүздің  ордасын тіккен  Қазыбек би отыр.)

 

Төле би: « Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді».Тұрған жерін тұрақтаған тұғыры берік ел едік. Іргемізді ірітпей, бір жеңнен  қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, атам қазақтың абыройын сақтайық!

Қазыбек би: Үш жүздің басын біріктіріп кең пейілді, бауырмал  халқымызды бір тудың астында жинайық.

Әйтеке би: Қадірменді ағалар, айтқандарыңа мен де келісемін. Бірақ сол халқыңды  ұйыған  айрандай бір құтыда жинақтап ұстайтын ел басшысын сайлайық.

( Сахнаға қайратты жас Сабалақ батыр шығады.)

 Сабалақ батыр: Армысыздар, ардақты аға билер!

Төле би: Бар бол балам, өзің қай баласың?

Сабалақ: Мен бе? Мен…..

Мен бәйтеректен сытылған қисық бұтақпын,

Үйірінен безе қашқан саяқпын.

Бөктергіні бүре алмай жүрген бүркітпін,

Қайран жұртым үшін жан қияр бейбақпын!

Батаңды бер! Ел-жұртымнан ер жинап,

Ата жауға – найзағайша атылам!

Төле би: Болайын деген бала екенсің. Бердім батамды,бар, балам.

(Құрманғазының « Сарыарқа» күйі).

1 –Жүргізуші: (күй аясында)

« Абылайлап» Сабалақ қол бастады,

Абылай  хан атамыз ел басқарды

Ерлігінен хандардың басталады,

Егемендік, елдіктің сел бастауы.

( Сахна пердесі ашылады. Хан ордасы. Хан тағында Абылай отыр. )

Абылай хан (тұңғиық ой құшағында):  Иә-ә-ә , ата- қонысты жау қолынан тазарту керек. Қайтіп? Қалай? Іргесі  бүтін ел қалды ма ? Құрақ көрпедей қырық құрау,  басы бірікпейтін  елдің берекесі кеткен жоқ па ? сайда – саны, құмда ізі қалды ма? Ойраттардың ойранына ұшырап, байтақ даланың сай – саласына сіңіп кетпеді ме ? Ал телім- телім боп  тентіреген  жұртымды тезектей  теріп, қалай жинап алмақпын?

Қош……

Менің халқым намысқой  халық. Ар- намысын  басындағы бөркінен де биік ұстайды. Ұран тастап ел намысын  ауызға алып ат қойсаң атойлап артыңнан еріп жүре береді.

Ел тізгінін ұстанған екенсің  — еліңнің мінезін біл.

Қош…..

Жоңғарды былай қойғана, қырда – қытай, ойда – орыс отыр. Екі ұлы мемлекет екі  өкпеңнен қысып турған жоқ па? қазақты қалмаққа қалжалатып қойып, аңдысумен, арбасумен отыр. Қытай келіп қыдыңдамаса  не қылсын…

Иә –ә –ә… Түптің түбінде, біреуіне көнген жөн болар…

( Абылай хан ойланып отыр. Сахнаға Бұқар жырау  шығады.)

 

Бұқар жырау: Хан шешімі ел кесімі

Хан жарлығы – халық тағдыры,

Абылайшам ! Толғамың қалай?

Абылай хан:( тебірене сөйлеп): Толғамның түйіншегі қиын болып тұр, жырау. Жан – жақтан жау түйілген бір пақыр жұртпыз. Оң  жағымызда – жоңғар, маңдайымызда – қытай, арқамызда – орыс. Бүйірісізді  түрткілеп Бұхар  әмірі тұр қайсысына тәж етеміз?

( Сахнаға  қазақ батырлары шығады.)

 

Жәнібек батыр: Қасқыр талаған  қойдай быт-шыт болған қайран жұртым, елдік қалпың тозып ебелек болдың ба? Жау таптар, арқа тұтар асқарың жоқ- жермен жексен болған жетім жұртпысың ?

Бөгенбай батыр:

Уа, хан ием, осылай үнсіз қырыла береміз бе? Ерлерді жинап неге қарсы шықпасқа?

Бұхар жырау: Әй, Абылайшам, қазақ далаға біткен дарақ, дауыл да шайқайды, жел де  тербейді. Ежелгі дұшпан ел болмас, дүрбіт пен шүршіттен дәрмен күтпе Абылай, қилы кезеңде  қия кесер жол тап! Жый жұртыңды.

Абылай хан: Батагөй жырауым. Өзің барда, батырларым ерлерді жинап атқа қонайық. Елімнің еркіндігі үшін, жерімнің бостандығы үшін жауға қарсы шығайық!

( Бәрі жиналып сахнадан шығып кетеді. Халық күйі « Ел айырылған» орындалады.)

1-Жүргізуші: Ат ауыздығымен су ішкен,  ер етігімен су кешкен» заман болды. Қалың елді Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бастап, азулы жауды Аңырақайда  аңыратып жеңді, Шапырашты Наурызбай, Райымбек  сияқты киелі батырлар кейін шыққан кесапат  жауды қасиетті қазақ жерінен біржолата қуып тастады.

Халық батырлары ел намысын  қорғады. « Елім» деп  туған ер Сыпатай халық  бірлігін қорғап, достық туын көтерді.

Мықтымын деп қоймаған қоқаңдауын,

Ықтырды көп Сыпатай  Қоқан ханын.

Ойран етті ниетін басқыншының,

Ойлап өтті бірлікті – отан қамын.

Репресия

2-Жүргізуші:1930-1938 жылдар. Қазақ халқының бас көтерер зиялы ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин,Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіровтер қанды қырғын, шегінен асқан заңсыздықтың құрбаны болды.

( Сахнаға сол жылдардағы репрессия құрбандарының бейнесіндегі оқушылар шығады.Арқанның ішінде құрбандар тұрады.Слайд жүріп тұрады)

Ахмет Байтұрсынов: Түбім  түрік, мен өзім,

Ахметпін, Қазақпын.

Болмай қалса керегім,

Отына сал тозақтың.

Білім деген бір тума,

Көзін ашпас аса көп

Ұйықтап жатқан ұлтына,

Ызыңдадым Маса боп.

Белді бекем буған соң,

Бар азапты көрдім мен.

Қазақ болып туған соң,

Қазақ болып өлдім мен.

 

Міржақып Дулатов: Жемісі мол ағаштан,

Ел керегін алғанша,

Аянбадым Алаштан

Жалғыз жауқам қалғанша

Аз өмірде әуре боп,

Көп тартқанмен азапты.

Санасына сәуле боп,

Оятып ем қазақты.

 

Сәкен Сейфуллин: Мен Сәкенмін!

Сейфуллиннің баласы,

Жазылмаған жүрегінің жарасы.

Мен құдайдың ажалынан өлгем жоқ.

Мені өлтірген адамдардың аласы

Көжегіне ұқсамадым қоянның,

Қатарымнан тым ертерек ояндым,

Қызыл туды жырлап едім армансыз,

Ақырында қызыл қанға боялдым.

 

Тұрар Рысқұлов : Мен Тұрармын, Тұрармын!

Қос қанатты қыранмын,

Қайырмасы секілді,

Айтылмаған  бір  әннің.

Азып- тозып аз күнде-ақ,

Елім кетті азғындап

Қамын ойлап халқымның

Сталинге  жаздым хат.

Сол хат менің арым да,

Сол хат менің ажалым!

Бейімбет Майлин: Жазам, жазам әлі де, бір тынбаймын,

Қонсадағы бір күн бақ, бір күн қайғың.

Аманкелді , Жамбылға жан бітірген,

Бейімбетпін – досымын Мырқымбайдың.

Шұға менің өз мұңым, өз ғашығым,

Туған елден жоқ менің өз асылым ,

Құрымбайдай жігіттің құрдасымын.

Аштан өлген Күлпаштың көз жасымын.

 

Ілияс Жансүгіров: Ілияспын! Өлеңге мұрагермін,

Иесімін мынау ел, мына жердің.

Құлагерді жазып ем жүрегіммен

Тағдырына тап келдім Құлагердің.

Жетісумын, Алтаймын, Сарыарқамын,

Жарылмады жүректе жанартауың

Түгел көріп қайтейін кетсе алып,

Қазақстан  жерінің бар алқабын.

 

Мағжан Жұмабаев:  Мағжанмың мен, зарлымын жаралыға,

Сұм өмір-абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл қолым емес, кісендеулі

Сондықтан жаным күйіп- жанады да.

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте бұлт, жерде желмін гулеген,

Жел еркесі-желдің жөнін кім сұрар?

Қазақ елі бір ауыз сөзім саған:

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған.

1-Жүргізуші: Талайдың түбіне жеткен отыз жеті,

Тарихтың қара түнек ол бір беті

Айырып жан – жарынан баласынан

Ерлерді арамыздан алып кетті.

( Динаның «Жеңіс» күйі орындалады.Ұлы Отан соғысы слайд көрсетіледі)

1-Жүргізуші: 1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік , достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Қан сасыған сұрапыл сұм соғысқа Қазақстаннан 1 млн. 196 мың 164 адам қару асынып майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Республикадан  барлығы 2 миллион адам отан қорғау жолыңда от кешті.

( Сахна қараңғыланады. Эпидоскоп арқылы Ұлы  Отан соғысына қатысқан Қазақстан батырларының суреттері көрсетіледі. Ә. Еспаевтың « 28 ер» әні орындалады. Сахнаға қолында гранатасы бар шекесін дәкемен ораған қазақ жігіті шығады. Гуілдеп соққан боран мен атылған мылтықтың дауысы естіледі.)

Жігіт: Бармын тартып батысқа,

Жортуыл, қырғын, түн қату

Өлтіру, өлу атысқа!

Жігіттің жігі болғаны,

Жаудан елін сақтаса,

Жау шапқанда еліне,

Қояндай бұғып қашпаса

Атой сап жауға кіремін,

Ұлы Отаным сен үшін!

Менің жаным Отандық,

« Отан!» деп өлем өлсем де,

О,сүйікті, Отаным

« Балам» деп көм көмсең де!

( Қолындағы гранатасын лақтыра бергенде оқ  тиеді. Әлсірей құлаған жігіттің  анасының  дауысы естіледі.)

Ана : Өсіріп пе ем сені мен

Майданда үнсіз жатсын деп

Қарсы шықпай жауына,

Жерге бетін бассын деп.

( Жарық сөніп, ақ сәуле құлап жатқан жігітке түседі. Жігіт қинала орнынан көтеріледі.)

Жігіт: Ант еттім де қорғадым мен,

Жасқанбай – ақ жауымнан,

Көргенім жоқ бой алдырып

Бүгілмедім, мейлі батпан ауырдан.

Бақытына мызғымайтын,

Тас қамал боп қаландым

Сақтап қалам елімді мен,

Өртті, жойқын дауылдан.

 

( Қолындағы гранатасын алға қарай лақтырады да құлайды. Граната жарылысы, уралаған дауыстар естіледі. Н.Тілендиевтің «Сөнбейді, әже, шырағың» әні орындалады. Сахна жарықтанады.)

1-Жүргізуші: Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы.

Лаула, Лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей ер намысты жас өркені бар елдің,

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы!

2-Жүргізуші: 1986-жыл. 16 желтоқсаңда  АлматыдағыРеспублика алаңында дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғаболды.Халық тағдырымен тікелей байланысты бұл көтеріліске алты алаштың алақанына салып ардақ тұтқан жас азаматтары Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Тәшенов, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжановалар халық жадында мәңгі сақталады.

(«Желтоқсан желі» әні . Желтоқсан құрбандарының суреттері көрсетіледі.)

1-Жүргізуші: 1991 жыл. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөнінде конституциялық заң қабылданып, Қазақстан тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялады. Төрткүл дүниені дүркіретіп жетпіс жыл бойы көзімізді көлегейлеген  перде сыпырылды.

Тергеуші: Тұтқындағы Рысқұлбековты алып келіңдер!

Қайрат:    Тұтқынға түстім жаутаңдай

Жоламай ешкім қасыма

Бара қалсаң сәлем айт,

Елдегі құрбы-досыма ( тергеуші мен Қайраттың диалогы)

Тергеуші: — Айыпкер Рысқұлбеков тұр! Шыныңды айт, Савицкийді өлтірдің бе?

Қайрат: Жоқ, өлтіргенім жоқ. Савицкийдің өліміне қатысым жоқ.

Тергеуші: Өлтіргеніңді мойында. Мойындасаң жазаң жеңілдейді. Ақтық сөзіңді айт! Сен 18-күні сағат 10-да қайда болдың?

Қайрат: Жолдастарыммен Фурманов көшесіндеболдым.

Тергеуші:Жоқ, сен өтірік айтасың, сен Сәтбаев көшесінде милиционерді ұрдың! Сен кінәлісің, білесіңбе? (ұрып жібереді)

Қайрат: жоқ, мен ешкімді көргенім жоқ, ұрғаным да жоқ.

Тергеуші: Ақымақ! Әкетіңдер! Көзін құртыңдар! Атыңдар!

Қайрат: Кінәдан таза басым бар

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай қаным бар

Бозторғайдай жаным бар.

Атам десең атыңдар!

Қайрат деген атым бар

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты құрбандық

Атам десең атыңдар!

Жүргізуші: Қайратқа өлім жазасы кесілді. Кеш те болса, Қайратқа кешірім жасалып, 1988 жылы сәуірдің 23-күні ату жазасын 25 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Бірақ белгісіз себептермен Қайрат 1988ж. мамыр айының 21-күні Семей қаласының түрмесінде қаза болады.

2-Жүргізуші: Тәуелсізбін, егеменмін, еркінмін,

Көңілім көкке шарықтады серпілдім

Көкірегім мұздап еді ерідім,

Домбырадай күмбірледі көңілім.

«Кісен ашқан» күй болып бір шертілдім!

Жүргізуші:

Ортаға «Қазақстан- 2050» жолдауын оқуға оқушы шығады.

«Көк тудың желбірегені» әнін  орындалады. Слайд жүріп тұрады. Сахнаға барлық қатысқан оқушылар шығады.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.