Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық дәуір біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды түбегейлі өзгертуде. Бұл кезеңде мемлекет дамуында ғылым мен білімнің алатын орны тіпті ерекше болмақ. Егемен елімізді өркениетке жетелейтін білімнің бастауында мектеп пен жас ұрпақ бойына білім нəрін беретін ұстаз тұрады. «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын мұғалімдікі» – деген М. Жұмабаев ұстаз мәртебесін сол заманнан-ақ асқақтатып кеткен еді. Өйткені, ұстаз мәртебесі – қоғам мәртебесі!
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы Жолдауында Білім және ғылым министрлігіне «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заң дайындау тапсырылған болатын. Жолдауда ұстаздардың мәртебесін көтеру, мұғалімдерге үлкен қолдау көрсету қажеттілігі айтылды. Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады. Жолдауда білім беру саласын дамытуға байланысты көп дүние айтылды. Жүзеге асса, құба-құп дейтін бастамалар да баршылық. Ал, біз көптен күткен мұғалім мәртебесіне қатысты заң жобасы жөнінде сөз қозғауды жөн көрдік. Ол үшін қабылдануы осы жылы жоспарланған заң жобасының мұғалім құқын толыққанды қорғайтындай болып жасалуына қоғам болып бақылау қажет.
Біріншіден, білім басқармаларын жергілікті әкімшіліктен Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне өткізіп алуы керек. Мектеп мұғалімдерін өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан осы қадам ғана құтқара алады. Заң бабына қосымша ретінде «Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен шенеунік» жауапқа тартылуы тиіс» деп көрсетілуі керек.
Екіншіден, мұғалім қауіпті мамандыққа айналды. Бүгіндері ата-аналардың арасында мұғалімге дөрекілік көрсетуді заңды құқым деп санайтындар да жоқ емес. Сондықтан, мұғалімге қол жұмсаған адамға құқық қорғау органы қызметкеріне қол көтерген адамға тағайындалатындай жаза қолданылуы тиіс. Бала құқы туралы заңдық норманың асыра орындалуы мектептегі талап қойғыш, білікті ұстаздардың біразының обалды болуымен аяқталуда. Тіпті оқушы мұғалімге, ата-ана мұғалімге қол көтерген жағдай да қалыптасып үлгерді. Бұл – білім сапасына, тіпті білім саласына үлкен соққы болған жағдайлар еді.
Үшіншіден, бюджеттен мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс. Сонда мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинау қиынға соғатын болады.
Әрине, заң жобасын дайындауға қатардағы мұғалімдер де тартылуы тиіс.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда ең негізгі мәселелер – ұстаздың міндеті, ұстаздың құқы, ұстаздың статусы, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының міндеті, білім бөлімі әдіскерлері мен басшыларының міндеті, әр дәрежелі білім саласындағы мекемелердің жеке құқы мен міндеттері, педагогтің жұмысқа қабылдануы, жүктеменің ең аз, ең көп нормасы, жұмыстан шығарылу ережелері, мұғалімдік санатты жоғарылатып отыру, мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, қайта даярлаудан өтудің нормалары, Білім беру ұйымдарының педагог кадрларының біліктілігін бес жылда емес, 3 жылда бір рет біліктілігін арттыру сынды ұсыныстар мен мәселелер толық ескерілуі керек.
Сонымен қатар, педагогтар мәртебесі туралы заңмен қатар, «Білім туралы» Заңға да, бала құқығы, ата-ананың жауапкершілігі туралы нормативтерге де өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі керек. Себебі, бүгінгі XXI ғасырда ұстаздың қағазға сабақ жоспар жазып немесе компьютерде жоспар жазып, оны шығарып алып қол қойғызып жүруі, үй аралап кезекшілік жасап, әкімдердің есептік жиналыстарында бос залды толтырып жүруі – ұят. Заңда ұстаздың міндеті толық белгіленсе, оның сыртындағы шаруадан әр ұстаз заң бойынша бас тартуға құқылы болар еді. Осы заң негізінде әркім өз жұмысын атқарса, онда тәртіп болады. Тәртіп болған жерде нәтиже де болады. Менің ойымша, «Педагогтар мәртебесі» туралы Заңда, бірінші кезекте мұғалім мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілуі тиіс. Себебі, бүгіндері білім беру саласы әбден орныққан, білім экспорттаушы елге айналған Еуропаның бірқатар дамыған елдерінде мұғалім мемлекеттік қызметкер саналады. Ол елдерде педагогтар арнайы құқықтық мәртебеге ие.
Қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені, ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Бір айта кетерлігі, педагог болудан кейінгі жас буын басын алып қашады. Өзі ұстаздан тәлім алса да, келешегін білім-ғылым саласымен байланыстырып елестете алмайтындар қатары көбейгені сөзсіз. Неге? Ұлы ақын Абайдың «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік, енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеудеміз. Бірақ, қазір жастар арасында осы жолға бет бұратындар саны жылдан жылға азайып барады. Олар мұғалімдік мамандық «болашақта қажетсіз мамандық» дегенмен түсіндіргісі келеді. Уақыт дәлелдегендей, денсаулық пен білім мәселесі қай заманда да қажеттілігін жойған емес. Қай заманда болсын, әріп үйретіп, қолға қалам ұстататын жанның қажеттілігі жойылмақ емес. Елбасымыз халыққа Жолдауында: «2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», ‒ деді. Елбасының осы қамқорлығы барша әріптестерімді қуантты.
Әлемде мыңға тарта мамандық бар, соның бірде-біреуі болашақ қоғамның белсенді мүшесіне және азаматтық тұлғасына білім мен тәрбиені дәл ұстаздай бере алмайтыны анық. Бүгінгі партада отырған шәкірт ертеңгі күні қоғамды алға сүйрейтін маман, көшбасшы болады. Олай болса, мұғалімнің мәртебесіне қоғамның мәртебесі тұрғысынан қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын.
Құлжанова Роза Абдуллақызы
Қызылорда қаласындағы
№5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету)
мектеп-интернатының тәрбиешісі