Home » Ашық сабақтар » МУЗЫКА САБАҒЫНДА ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

МУЗЫКА САБАҒЫНДА ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазіргі таңда жалпы білім беру кешендерінде музыка сабағын жоғарғы дәрежеде өткізу көзделіп отыр. Музыка пәні көптеген ізденіс, шығармашылық, іскерлік, тапқырлықты қажет етеді, яғни – шығармашылық пән. Мектептегі музыка пәнінің мақсаты халқымыздың және де басқа ұлт өкілдерінің байырғы сазын терең мазмұнда кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау болып табылады. Сондықтанда мектептегі музыка пәні мұғалімдерінің алдында үлкен міндет тұр. Жас өспірім бойына музыкалық білімді игерту үшін музыка пәні мұғалімінің кәсіби шеберлігі жоғарғы деңгейде болу керек деп ойлаймын. Ал ол үшін пән мұғалімі қазіргі таңда қолданысқа берілген жаңа технология әдіс-тәсілдерін, түрлі бағдарламалар элементтерін дұрыс және ұтымды қолдануы қажет. Өйткені ең алдымен музыка шығармашылық, өнер сабағы екенін үнемі жадымызда ұстап, берілген тақырып мазмұнын шеберлікпен ашып көрсетіп, жас шәкірт бойына музыкалық білімді құнарлы сіңдіруіміз абзал. Оқушылардың музыка пәніне қызығушылығын арттыруда дидактикалық ойындарды қолданудың өзіндік ерекшелігі бар деуге болады. Дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын төрт жақты жүргізген дұрыс:
Бірінші бағыт – дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу;
Екінші бағыт – оқыту үрдісінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайданалана отырып, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіру;
Үшінші бағыт – түрлі музыкалық шығармаларды пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу;
Төртінші бағыт – оқушылардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
Жоғарыда аталған төрт бағыт өзара бірлікте жұмсалып, тұтас күйінде дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу негіздерін құрайды. Мысалы, «Жаңылмаймын жаңылтпаштан» ойыны оқушыларды сөйлеуге, дұрыс оқуға тәрбиелейді. Бұл ойында кім тез әрі жаңылмай оқыса, сол жеңеді. Бұл ойынды сыныпта хормен ән айту барысында дауысты жаттықтыру барысында қолдануға болады. Оқушыларға жаңылтпаштарды айтқызып болғаннан кейін, дауысты және дауыссыз дыбыстардың түрлерін тапқызу қажет. Мысалы: «Жаңылтпаштарымен жаңылысыңқырағандарың жаңылысыңқырамағандарды жаңылыстырмасаңдаршы». Музыка сабағында оқушылардың дауысын жаттықтыру барысында мұндай тақпақтар кеңінен қолданылып, оқушылардың сөйлеу дикциясына тәрбиелейді.
          «Мақалды дұрыс оқы» ойынын лексикадан өтілген материалдарды бекітуде қолданған абзал. Оқушылардың жасырылған нақыл сөздің мағынасы сұрыпталып, лексика туралы түсініктері нығайтылады. Бұл ойынның ережесі бойынша оқушылар қазақ халқының нақыл сөздерін, өлең шумақтарын өз бетінше іздену арқылы табады. Мұғалім ойын ойнамас бұрын оқушылырға ойын ережесін таныстырып, осы мақалға тақырыптас тағы қандай мақал білетінін айтып беруді талап етеді. Мұғалім кіріспе бөлімінен кейін тақтаға өлең шумағы жазылған тор көзді іліп қояды. Бұл ойын оқушылардың сөздік қорын молайтып, ізденімпаздық қабілеттерін жетілдіреді, оларды логикалық ойлауға тәрбиелейді. Оқушылар жасырылған Асан Қайғының өлең шумағының мағынасын, оның тәрбиелік мәнін жете түсінеді. Сол арқылы қазақ халқының нақыл сөздерін оқуға дағдыланады және осындай сөздерге жеңіл әуендерді қосып, ән шығарулары әбден мүмкін.
        «Мақал-мәтелдер айтудан жарысайық» ойыны арқылы оқушыларға тәрбиелік мәні жоғары, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді үйрететін мақал-мәтелдердің мағынасын өздеріне тапқызып, тәрбиелік мәнін өз пікірлерімен айтып беру қабілеттері тәрбиеленеді. Бұл ойында мұғалім әрбір топтың алдына келіп, бір сөз мағынасына қарай мақал-мәтелдерді көптеп табуға жарысады. Осындай ойындар арқылы оқушылар сөз қадірін түсінуге дағдыланып, жаман қылықтардан бойларын аулақ салуға үйренеді. Мақал-мәтелдерді табу, оқушылардың тілін дамытумен қатар олардың әсерлі ән орындауына, сөйлеу дағдыларын да қалыптастырады.
        «Жалғасын тап» ойында жасырылған мақал-мәтелдердің екінші сыңарын табу арқылы оқушылар үлкенді сыйлауға, мінез-құлықтарын жас кезден бастап қадалауға, адамгершілік іс-әркеттерді орындауға тәрбиеленеді. Тәлім-тәрбиелік маңызы жоғары мақал-мәтелдер алдын ала іріктеліп, кесте қағаздарға жазылады. Осыған байланысты оқушылардың әуен шығаратын қабілеттері дамып, сөйлеу мәдениеті дұрыс қалыптасады. Мұндай ойындар оқушының ой жалғастыру, сөйлемді дұрыс құрау дағдыларын жетілдіріп, шығармашылық ойлау қабілеттерін тәрбиелейді. Музыка сабағында осындай көп қолданылатын шаралар мен дидактикалық ойындар оқушылардың байқампаздығын қалыптастырып, іздемпаздыққа тәрбиелейді.
Қорыта айтқанда әрбір музыка пәні мұғалімінің алдында тұрған міндет – болашақ ұрпақтың бойына саз әлемін сіңірте отырып, рухани байлықты қалыптастыру.  «Музыка – менің жан дүнием», — деп орыс сазгері М.И.Глинка айтқандай әр саз маманы музыка сабағын өздерінің шеберліктерімен мектептегі жоғарғы дәрежелі сабақ ретінде көтеруі парыз.

 

 

 

 

 

М.Д.Кондыбаев
№56 мектеп-лицей
музыка пәні мұғалімі
Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.