Әннің қазақ өмірінде алатын зор маңызды басқа халықтан кездестіру екі талай. Қазақтар тіпті жай сабақты да балаларға ән көмегімен оқытады
Э. Вульфсон
Қазіргі IT заманында білім берудің негізгі мақсаты – нарықтық заманда бәсекеге қабілетті маман дайындау. Ол үшін оқушылар кәсіби білім алумен қатар, өзін жеке тұлға ретінде жан-жақтылығын көрсете білуі қажет. Музыка өнері адамзат тарихымен бірге қалыптасып, дамыған өнер түрі болғандықтан адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуында ролі айрықша. Антик заманынан бүгінгі күнге дейінгі ғұлама философтар мен ғалымдардың еңбектері сөзіміздің айқын дәлелі бола алады.
Адамзат тарихында музыка өнері жалпы ойлаумен қатар, тілдің қатынас құралы ретінде айрықша дамыған. Музыкалық тәлім-тәрбие адамзат қауымының түрлі іс-әрекеттерінде, ойын-сауықта, еңбек ету әрекеттерінде берік орын алды. Ол қоғамның мәдениетін, әлеуметтік тәжірибесін жеткізудің құралы болуымен қатар, сол қоғамның дамуына, музыкалық білімнің жинақталуына, адамдардың өмір әрекеттерінің түрленуіне байланысты әлеуметтік категория ретінде өзі де үнемі дамып, қалыптасу үстінде болды.
Ертеде адамның жан-жақты дамуы үшін әр түрлі өнер салаларын меңгеру қалыпты жағдай болып саналатын. Соның ішінде музыка өнері жеке тұлғаның дамып, қалыптасуында аса маңызды роль атқарды. Музыка адам санасына, жүйке жүйесіне ықпал ететін ерекше психофизиологиялық құбылыс болып танылды. Яғни, қоршаған орта — табиғи дыбыстарға еліктеу арқылы (құстың үні, өзеннің шуылы, жапырақтың сылдыры, желдің уілі т.б.) бейнеленеді. Ал, ол дыбыстар – түрлі биіктік пен күштіліктегі жай дыбыстар емес, адам сезімін бейнелеуші, реттеуші сұлулық заңына сәйкестенген әсерлі әуен өрнектері.
Жеке тұлға қалыптастыруда біз оқушылардың жеке дарындылығын ескереміз. Музыканың классикалық үлгілерін тану, үйрену, игеру барысында ерекше қабілетінің дамуына ден қоямыз. Олай болса, оқыту кезінде музыка өнер саласы басқа ғылым салалары — педагогика, психология, этнопедагогика, философия пәндерінің озық әдіс-тәсілдерімен тығыз байланыста әрекеттеседі. Әсіресе, жас ерекшелік психологиясы бойынша баланың даму сатысында есту,зейін қою, қабылдау арқылы қиялын жетелеп өнерге деген құштарлығын дамытады. Осы орайда, оқушыларды музыка арқылы жеке тұлғасын қалыптастырып еңбек, дене, эстетикалық тәрбиесіне баулып, танымдық процестері арқылы жүзеге асырамыз.
Оқушылар музыкалық шығармаларды аспаптарда ойнап үйрене отырып, орындау барысында, өзінің эстетикалық, эмоционалды-сезімдік сана-сезімін қалыптастырады. Жеке тұлғаның эстетикалық талғамын, идеалын оқушының бойына қалыптастыра отырып, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларын саналы түрде қабылдай білуге үйретеміз және өзіндік шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағыттаймыз.
Музыкамен шұғылдану барысында бір жағынан, тыңдалатын музыкалық шығармаларды қабылдау, есте сақтау қабілеттері дамытылса, екінші жағынан, ән салған кездегі дауыс аппараттарының іс-қимылына сәйкес музыкалық-ырғақтық қозғалыстар жасау сияқты еңбек тәрбие процестері жүріп жатады. Мұндай іс-әрекеттер өз кезегінде оқышылардың ынта-ықыласымен сабақта еңбектенуін, тәртіптілігін, іске деген жауапкершілігін, тиянақтылығын талап етеді, әрі іскерлік дағдыларын қалыптастырады.(1)
Ән салу, музыкалық шығармаларды түрлі аспаптарда орындау кезінде көптеген физиологиялық процесстер жүзеге асырылады. Ол балалардың дене тәрбиесіне, денсаулығына жағымды ықпал тигізеді. Атап айтқанда, іс-әрекетпен жүйелі түрде шұғылдану өкпедегі оттегі алмасуын белсендіріп, дауыс аппаратының, дем алу органдарының шымыр да икемді жетілуіне ықпал етеді. Оқушының жалпы денсаулығының жақсы болуын қамтамасыз етеді. Ән салу, музыка тыңдау адамның тонусын, яғни жүйке жүйесімен бұлшық еттерінің физиологиялық жағдайдағы күш-қуатын арттырады. Отырып немесе түрегеп тұрып ән салу процесінде дене мүшелерін (басты, қолдарды) дұрыс ұстауға және тәжрибеде қолдануға дағдыландырады.Яғни, балалардың өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптасуын қамтамасыз етеді(2).
Музыкалық шығармаларды тыңдау арқылы оқушылардың танымдық, образдық, ойлау қабілеттері жетіледі. Мысалы, музыкалық шығарманың құрылымдық ерекшелігіне, өзара байланысына, тембрлік және гармонияның мәнерлілігіне, түрлі фактуралық бітіміне (гомофония, полифония) сәйкес образдық жүйесі қалыптасады. Тыңдау барысында белгілі бір көңіл-күй білдіретін музыкалық реңк, бояу түрлері айқындалады. Музыка түрлерінің еуропалық және ұлттық классикалық, аспаптық және вокалдық шығармаларын тыңдау арқылы оқушылардың жалпы музыкалық қабілеттері, дүниетанымы, талғамы қалыптасып дамиды, ой-өрісі кеңейеді.
Қорыта келгенде, музыка өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, танымдық, тәрбиелік функциялар атқарады. Оның адамның жалпы рухани азығы ретінде, жеке тұлғаның жан-жақты тәрбиеленіп, өсіп өркендеуіне үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бір мақала көлемінде мұндай күрделі тақырыпта жан-жақты ашу – мүмкін емес. Сондықтан, музыка өнері дін мен ұлтты таңдамайтын, тіл ерекшелігіне бағынбайтын ұлы өнер. Музыка өнері жайлы атақты педагог, музыкатанушы Д.Б.Кабалевский: «Адам жасаған өнер — сол адам туралы және сол адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің байланысы осында жатыр… Міне, сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш қуатын арттырып келеді» — деп тұжырымдаған.
Қолданылған әдебиеттер:
- 1 Абдуллин Э.Б. Теория и практика музыкального обучения в общеобразовательной школе: пособие для учителя. – М., 1983. – б. 260
- Э.Б. Абдуллин, Б.М. Целковников. – Вып.1- с. 1.ч – М., 1991. — 340б. Философия, социология, психология искусства и музыкальная педагогика: Хрестоматия.
- Кабалевский Д.А. Прекрасное пробуждает доброе. – М., 1973. – 120с.
Елтайқызы Диана — музыка жетекшісі
КМҚК №15 «Гүлдер» бөбекжайы