Home » Ашық сабақтар » Мерекелі, берекелі Алтын күз!

Мерекелі, берекелі Алтын күз!

Мақсаты: күз туралы балалардың түсініктерін жинақтай отырып, эстетикалық талғамдарын ояту, сөйлеу тілдерін, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, топтық жұмыстарда ұйымшылдыққа тәрбиелеу, түрлі ойындар арқылы ой-өрісін дамытып, көңіл күйлерін көтеру. Балалардың бойындағы өнерлерін еркін көрсете білу дағдыларын қалыптастыру.

(сынып іші мерекеге сай безендіріледі, шарлар, жапырақтар, күзге байланысты әуен)

Жүргізуші: — Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бүгін мектепалды даярлық сынып балалары дайындаған «Мерекелі, берекелі Алтын күз!» атты ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!

Балалар үш тілде амандасады.

Жүргізуші: — Мен сіздерді «Кім жоқ?» атты ойын ойнауға шақырамын.

Ойын барысында балалар шеңберге тұрады. Музыка әуенімен әдемі жүріп би билейді. Музыка тоқтағанда көздерін жұмып орындарымен ауыстырып, жерге отырады. Бір баланы матамен жауып тығып тастайды. Қай бала жоғалғанын балалар айтады. Осы ойын кезінде тәрбиеші күз киімін киіп арасына отырып тығылады. Балалар кімнің тығылып отырғанын табу керек.

Алтын күз:
Құрметті ата-аналар!

Айналайын балалар!

Көкөністер қадірлі,

Мерекемен бүгінгі

Құттықтаймын бәріңді!

Көңілдерің шаттыққа толы екен,

Қуаныштарың мол екен!

Қарайтындай тамсанып

Қызықты екен күндерің!

Сендерменен ән салып,

Билегім кеп тұр менің!

Сәлеметсіңдер ме балалар! Мені күтіп қалдыңдар ма? Мен Алтын күзбін!  Ормандарды, тауларды аралап келе жатып, барлық жерді сары, қызыл бояуға боядым. Сендерге мерекеге келдім.

М/ойын: «Жаңбыр мен күн»

Ән: «Алтын күз»

Тақпақтар:
Құндыз:

Көк майсалы көрікті,

Алқаптағы көп егін.

Бұл күндері киіпті

Сары жібек көйлегін.

Жомарт көңіл жарқын күз

Сары алтынға малынған

Жетті міне Алтын күз

Алтын кілем сияқты.

Жандос:

Ой балалар, балалар,

Қоңырқай күз болыпты

Қурап жапырақ солыпты

Ел егінін орыпты.

Ой балалар, балалар,

Ойнайық та күлейік

Енді оқуға кірелік.

 Шапағат:

Қарашы күз келді, күз келді,

Сары алтын жауыпты іздерді.

Құс біткен керуен түзеді

Көңілсіз неткен күз еді.

Қара бұлт қабағын түйеді

Бұталар боз қырау киеді.

Осы ма күз деген

Мектепке баратын бізбенен.

Алихан:

Қыстың жақын қалғанын

Жапырақтар білгендей

Желмен ұшып барады

Жерге қонып үлгермей.

Жапырақтар жамырап

Сайға барып бекінді

Анасынан ажырап

Қалған бала секілді.

 

Би: «Жапырақтар»

Дид/ойын: «Жапырағын тап»

Дид/ойын: «Күз белгісі неде?» (мнемотехника әдісі)

Алтын күз:— Балалар қазір мен сендерге жұмбақтар жасырамын.

 

Қалың киімді ұнатады,

Шешіндірсең жылатады. (Пияз)

Бұл не деген көп киім,

Жетпіс қабат көк киім.

Жаңбыр одан өтпейді,

Қабат-қабат тоны бар,

Түймелеуге жетпейді. (қырыққабат)

Іші толған шәрбат,

Дәмі сондай әйбат.

Үзесің бірден жүзін

Оның аты – (жүзім).

Сырты қандай қатты,

Дәмі сондай тәтті.

Шағып қара таңдап,

Оның аты – (жаңғақ).

Сырты жасыл, қатты,

Іші қызыл, тәтті. (қарбыз)

Үстіне тігіп көк шатыр,

Астында қызыл дәу жатыр. (қызылша)

Жер астында өседі,

Сап-сары боп піседі. (сәбіз)

Тақпақтар:

Тұмарбек:

Көктемде егін егетін

Күзде жиып беретін.

Біздің дала бай дала

Алтын астық айнала.

Альбина:

Біздің дала бай дала

Алтын астық айнала.

Жасады той халқымыз

Жаса жаса алтын күз!

Нұрайым:

Қауын қарбыз жемістермен

Толтырамыз себетті

Алтын күз деп аталады

Күз айы сол себептен.

Талап:

Берекесін сыйлауға

Өлкемізге күз келді.

Жемістерін жинауға

Шақырады біздерді.

 «Көкөністер дауы» сахналық қойылымы.

Жүргізуші:

Өнім биыл тамаша!

Көз тоймайды қараса:

Бұршақ, картоп, қызанақ,

Қияр, пиязға қарашы!

Көкөністер бір кезде жиыла қап дауласты.

Бәрі:

Жиналып қаппыз бәріміз,

Қайсымыз ең дәмдіміз?

Ішімізден адамға

Тиеді көп пайдамыз?

Бұршақ – Арсен:

Кішкене түймедеймін мен,

Ұнаймын мен бәріне!

Дәмді тағамдарымен

Сый жасаймын бәріне.

Алма – Құндыз:

Мен алмамын, алмамын.

Таңдай татар бал дәмім.

Мына тәтті бал-дәмді

Дастарқандарыңа арнадым.

Қызанақ – Жандос:

Піскен кезде қызанақ

Көз тартар қызыл түсімен.

Бар ма адам сүйсінбей

Томат шырынын ішпеген?!

Құлпынай – Альбина:

Жапырақты тасалап

Өскен жерім бақша-бақ.

Қызыл күрең шіркін-ай

Менің атым-құлпынай.

Қияр – Тұмарбек:

Дәмім тілді үйірген

Мен тұздалған күйімде.

Жаңа піскен кезімде

Бәрі жейді сүйсіне.

Өрік – Нұрай:

Пісетін кезім дәл күзде,

Мезгілсіз сен мені үзбе.

Қызығасың көріп,

Менің атым – өрік.

Пияз – Алихан:

Боламын мен дәмдеуіш

Барлық барлық тағамға.

Көкөністер ішінен

Мен пайдалы адамға.

Шие – Нұрайым:

Мен шиемін, шиемін

Күннің көзін сүйемін.

Қышқыл шырын менде бар

Басты төмен иемін.

Картоп – Шапағат:

Мен ұялшақ картоппын

Мен емеспін мақтанар.

Мені жақсы көреді

Үлкендер мен балалар.

Бос айтысты қояйық

Дауласуды тоқтатайық.

Бәрі:

Жиналып қаппыз бәріміз,

Қайсымыз ең дәмдіміз?

Ішімізден адамға

Тиеді көп пайдамыз?

Дәрігер – Талап:

Көкөністер, жемістер

Денсаулыққа пайдалы!

Мұны жатқа біліңдер!

Оларды жақсы көріңдер!

Би: «Көкөністер мен жемістер полькасы»

Дид/ ойын: «Көкөністер, жемістер, жидектер»

Ойын: «Дәмінен ажырат»

Ән: «Күзгі вальс»

Алтын күз: — Қымбатты ата-аналар мен ұстаздар, қонақтар! Елдің дәулеті дастарханмен өлшенеді. Халқымыз үшін қашанда қастерлі нан – ел ырысы, өмір өзегі. Ал, дастархан сәні наннан басталады. Міне, осы дастархан сәні, тіршіліктің нәрі туралы біздің балаларымыздың дайындаған «Нан қадірі» атты ертегісін көруге шақырамыз.

«Нан қадірі»

Жүргізуші: — Баяғыда бір патша болған екен. Оның Гүлжан мен Айжан есімді екі қызы болыпты. Екі қызы байлыққа өте құмар екен.

Бір күні Гүлжан мен Айжан таңертеңгі тамақта дастархан үстінде тұрған нанды көріп жерге лақтырып жібереді.

Айжан: — Әке, мен нанды жемеймін. Нан дәмсіз.

Гүлжан: — Мен де жемеймін. Нан тәтті емес.

Патша: — Қыздарым, бұл қылықтарың дұрыс емес. Сендерге қолдарыңа алтын берейін, мына сарайдан кетіңдер! Енді сендерді көрмейтін болайын!

Жүргізуші: — Әкесі оларға көтергендерінше алтын береді де, сарайдан қуып шығады. Екі қыз орманға келеді. Айжан мен Гүлжанның қатты қарындары ашады. Қолдарында алтыннан басқа ештеңе жоқ.

Айжан: — Гүлжан, менің қарным ашты, нан жегім кеп тұр. Қолымызда алтыннан басқа ештеңе жоқ.

Гүлжан: — Алтынды жеуге бола ма?

Айжан: — Жоқ, болмайды.

Жүргізуші: — Сөйтіп қарындары ашып сандалып жүргенде, орман ішінде бір кедейдің үйін көреді. Екеуі сол үйге келеді. Үйде саулығы кем бір әжей тұрады екен.

Айжан: — Бізге нан тауып бер!

Кемпір: — Ана қапта ұн бар, өздерің пісіріп алыңдар.

Гүлжан: — Айжан сен нан пісіре аласың ба?

Айжан: — Жоқ. Сен білесің бе?

Гүлжан: — Біздің қылығымыз дұрыс емес екен. Әкемізден кешірім сұрайық.

Айжан: — Жақсы, сұрайық.

Екеуі: — Әке, бізді кешіре гөр. Біздікі дұрыс емес екен.

Әкесі: — Қыздарым, қателіктеріңді түсінгендеріңе рахмет. Мен өте ризамын.

Барлық балалар:

Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар!

Жүргізуші:

Әсте, алаңды білмейміз,

Нан болса ойнап күлеміз.

Тіршіліктің көзі – нан ғана

Нан қадірін білейік!

Алтын күз:

Берекелі бақ-дәулет,

Арта берсін тойланып.

Сау болайық әлеумет,

Келгенше жыл айналып, – деп, бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Баршаларыңа зор денсаулық, қажымас қайрат, оқуымызда бүлдіршіндеріміз үлкен жетістіктерге жете берсін деп тілеймін. Өздерінің балдай тәтті тілдерімен, сүйкімді қылықтарымен бізді қуанта берсін!

Айкумис Сайнқызы Бегарыстанова,
БҚО, Теректі ауданы, Шағатай ауылы,
 Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ-нің
мектепалды даярлық сыныбының жетекшісі,

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.