Home » Мақалалар » Мен шынармын, қайыспайтын бір емен

Мен шынармын, қайыспайтын бір емен

«Педагог – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақтаған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, барлық жамандықтардан және жұқпалы аурулардан аулақтаушы адам»-деп,қоғам қайраткері А.В.Луначарский айтқандай, мына дамыған заманда ұстаз тұлғасының бұрынғыдан да биік болары даусыз. Өйткені ұстаз – әр уақытта да ұлы тұлға.

Алғаш хат танып, сөз сырын ұғынған сәтте мұғалім боламын деп ойлағаным жоқ.Бірақ ұстаз тұлғасын өзгелерден артық көрдім.

Тіл әдебиет пәнінің мұғалімдері сыныпқа бірде бірде Қасым, бірде Мұхтар, ал бірде Сәкен болып кіруші еді. Сол ақындардың өлеңдерімен сабағын бастай жөнелетін мұғалім сипаты мен үшін маңызды бола бастады. Әрбір ақын-жазушының өмір деректерінен оқулыққа енбеген қызғылықты тұстарын әнгімелеп, шығармаларын талдайды,өлеңдерін жатқа оқытатын. Сол уақытта біздің сыныптағы барлық оқушы түгелімен әдебиет әлеміне еніп, сөз өнері теңізінде жүзіп кетуші едік. Сол сәтте әдебиетші-мұғалім болсам деген балаң арман қанша жүректе оянбады десеңізші!Талаптың тұлпарына мініп, жастық жалынмен уақыттың қалай өткенінде білмей қалдым. «Мұғалім – зор  тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты»,-деп К.Д.Ушинский айтқандай, менің жас санаға сәуле беріп, жанам деген жүрекке от беретін әдебиетші ұстаз атанған кезім-ең бақытты сәтім.

Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін:әкемнен өмір алсам, ал ұстазымнан өмірді жақсы өткізу туралы білім алдым.Осындай ой, осындай сезім менің әрбір  шәкіртімде оянуы үшін жазылмаған ақ парақтай жас санаға туған тіліміз бен ұлттық әдебиетіміздің жауhарларын оқыт отырып, елім деп елжіреп, жұртым деп жігерлендірер сезім сіңіру үшін бар күш-жігерімді жұмсап келемін.

Міне тағы қоңырау! Өсер ел ұрпақтарын білім ордасына шақырып дамылсыз сыңғыр қағуда.Дамылсыз аққан өмір өзеннің ағысымен бірге дамыл таппайтын ұстаздық өмірімдегі кезекті дәрісі басталды.

Бақыттың үлкені – өзіңді-өзің тану.Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. «Ұстазы  жақсының  ұстамы жақсы» демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік!

 

Абеуова Бакыткул Курманалиевна,
Алматы қаласы, Медеу ауданы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-мастер

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.