Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісін озық етіп тәрбиелеу – біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Студент кезімнен психологияға қызыға қарап, ұнатып, психологиялық әдебиеттерді көп оқитынмын. Әрине, психолог болуда оғары педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Психолог болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Міне, осындайда «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының керемет сөзін әрқашан мақтаныш сезіммен айта аламын. Адам баласы өмір бойы психологиялық көмекке зәру болмақ. Әсіресе, оның нәрестелік, сәбилік, балалық шақтарында тіпті ауадай қажет деп айтсам да болады. Бала атаулының бойындағы біртіндеп қалыптасатын психологиялық ауыр өзгерістер мен невроздың негізгі себептері, жалпы бала тәрбиесінен хабары шамалы, ал бала психологиясы дегенді естіп көрмеген ата-аналардың сорақылыққа толы қатыгездіктерін айту қажет. Олардың көпшілігі бала тәрбиесінің қиын да қызық сәттерін іздеп үйренудің орнына тек жазалау, қорқытып-үркітумен ұстайды. Үлкендер тарапынан болатын өрескел де, дөрекі қылықтар толып жатыр. Балалардың қорқыныш, үрей және өздеріне сенім білдірмейтіні мен үлгерімі төмендеуінің бірнеше себептері болады: ата-анасының проблемалары (жұмыссыз, ажырасу, ауыру, әлеуметтік жағдайы төмен, ішімдікке салынуы).
Сондықтан, келешек ұрпағымыз жан-жақты болу үшін, психологтің жұмысы тек баламен ғана емес, оның ата-анасымен, тәрбиешісімен бірге жұмыс атқаруы керек.
Психолог өз жұмыстарында әрбір баланың жан-жақты білімді, білікті және тәрбиеленген тұлға болып жетілуіне әсер ететін барлық жағдайды қарастырады. Білім туралы заңда, білім берудегі міндеттерінің ішінде ең маңыздысы – баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру және дамыту туралы айтылады. Психолог бала жанының терең түпкіріне үңіле білсе, өзін де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетуі сөзсіз. Өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруына күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіру керек. Балалармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана нәтижелі болады. Психолог балалармен бірлесе отырып, өзін тануына, жан дүниесін басқара отыруына, айналасымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді.
Психолог маманының адамгершілігі, өз жұмысына берілуі, баланы сыйлап қадірлеуі, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуі маңызды. Білімді ұрпақ өсіру үшін тәрбие мен білім қатар берілуі тиіс. Осы орайда балабақша психолог маманының өзіндік орны бар. Балабақша психологі, ең алдымен, өзінің кім екенін, өз ісінің мақсатын, міндеттері мен іске асыру жолдарын, жұмысы мен жауапкершілігін анық білуге тиіс. Бұл төзімділікті, шыдамдылықты, білімділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білушілікті керек етеді. Балаларды өзіме тартып, ерекшеліктерін, жеке дамуын, қасиеттері мен мүмкіндіктерін күнделікті жоспарлы жұмыс барысында бақылап, дамуына бағыт-бағдар жасаймын. Тек әдістемелік папканы толтырып қойғанынан баланың жағдайы жақсармайтыны аян. Әр баланың өзіндік қасиетін таба білу, шындау, қолдау, дамуына жол көрсету — жұмысымның бір маңызды бағыты деп санаймын. Осы мақсатпен жұмыстың барлық бағыттарын бірдей атқара отырып, балалардың дамуына басты назар аударамын. Елбасымыздың «Күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады» деген даналық сөзінде терең мән-мағына жатыр десем болады. Бала тәрбиесі – мәңгілік мәселе, қиын әрі күрделі іс, тіпті ол тоқтаусыз соғып жатқан жүрегің сияқты. «Баланы бақырып үйретпе, ақырын үйрет» деген. Байбалам салмай, бабын тауып үйретсең ғана еңбегін жемісті.
Мен өз жұмысымда А.С. Макаренконың «Сіз баланы өміріңіздің әрбір сәтімен тәрбиелейсіз» деген өнегелі сөздерін үнемі ұстанып отырамын. Әр баланың өмірде өз орнын табуы, өзіне деген жауапкершілікті сезінуінің маңызы зор. Елжандылық, мейірімділік адам баласына туа бітпейді. Ол айнала қоршаған дүниені дұрыс танып білгенде ғана пайда болады. Бала – өмірде ең нәзік, ең пәк, ең таза жан. Оның үлкейгенде қандай тұлға болып шығуы қоршаған ортасына байланысты. Бала есейе келе мейірімділік пен зұлымдықты, жақсылық пен жамандықты, сатқындық пен әділетсіздікті кездестіреді.
Ұлы Абай атамыз: «Адамзаттың бәрін сүй-бауырым деп» дегендей, жалпы адамзаттық құндылықтарды, рухани адамгершілікті ұрпақ бойына дарытып, өмірге, ата-анаға, достарына деген ізгілік қасиеттерге тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз. Тәрбиенің үш бұлағы бір арнаға құйылса, онда оның суы да мөлдір, тұнық болмақ. Оған Саққұлақ шешеннің мына өсиет сөздері дәлел бола алады: «Ақыл – адамды аздырмайтын ем, білім – таусылмайтын кен, Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы – мінез».
Қорытындылай келе, нағыз психолог болу – өзгенің өміріне өзіңнің өмірін ретінде байлай отырып, олардың жан дүниесіне кіре білу. Әрбір жеке тұлға сенің оқымаған кітабың екен, әр парағын ашқан сайын жаңалық табасың, таңырқайсың, тамсанасың, қызығасың, қынжыласың. Менің ойымша, білімді, білікті, адамгершілігі мол, өз мамандығын жақсы көріп, ізденіп жүретін, жан-жақты дамыған, өмірді, жанұясын сүйетін психолог өзі жұмыс істейтін балабақшасын әрқашан биіктен көрсете алады. Дәрігер – адам жанының арашасы болса, психолог – адам жанының жанашыры. Себебі, алдына келген әр адамның жүрегіне үңіліп, онымен бірге мұнайып, қуанса қуанып, өмірге деген құштарлығын ояту – өзімнің басты міндетім деп білемін.
Алина Айзада Елтаевна
№41«Балдырған» балабақшасы, психолог
Астана қаласы