Төрткүл дүниедегі барлық жаратылыстың жалғастығы бар. Адамзат баласының ең басты арман-мақсаты өзінен кейін ұрпақ қалдыру. Ұлағатты ұрпақ-ізгілікті іздің жалғасуы. Мен Тлешова Дамира Орынбасарқызы логопед-маманы болып балабақшада жұмыс істеймін. Менің мамандығымның міндеті, тіл кемістігі бар (белгілі бір дыбысты дұрыс айта алмау, тұтығу және т.с.с.) балалармен де, ересектермен де жұмыс істеу. Алдымен, маман тіл кемістігінің себебін анықтайды. Бұл үшін ауыз қуысындағы сөйлеу аппаратының қалай орналасуын, дыбыстардың қалай шығатынын, дауысы қалай шығып тұрғанын білуі керек. Сөйлеу ақауын жою үшін логопед оның пайда болу себебін анықтауы тиіс. Бұл ретте оған адамның даму деңгейіне: ол қаншалықты сауатты, оның сөздік қоры қандай дәрежеде бай екендігіне тағы да көңіл бөлу керек. Жақсы логопед адам сөйлегенде ерін мен тілдің дұрыс орналасқандығы туралы бәрін біледі, оған сөйлетуге арналған жаттығулар мен жаңылтпаштар да белгілі – баламен жұмыс жасаған кезде ол өз дағдыларын белсене қолданады.
Ұяда не көрсе ұшқанда соны ілетін сәби балапандар айналасындағы құбылысты тез танығыш, тез қабылдағыш болады. Ата-ананың сәбимен қай мәнерде қарым-қатынас жасауы үлкен маңызға ие. Өйткені, баланың болашағы жөргекте жатқаннан басталады. Әрине, бауыр еті баласымен қалай қарым-қатынас жасау әр ата-ананың еркі. Бөбегімен салмақты сөйлесіп, ойлы ойындар ойнаса баланың санасы айналасын ақыл-оймен танып, бағытын дұрыс таңдайды. Бала тілі-бал деген. Әр сәбидің өзіне жарасымды тәтті қылығы болады. Еркелеп, тілін төсеп сөйлейтін, әріптерді сақауланып бұзып айтатын бүлдіршіндердің тілдерін жаттықтырып, дұрыс тәрбиелеу менің міндетім. Тіл кемістігінің қай түрі, оны қалай түзетуге болатынын тек логопед маман айта алады. Өйткені жас ерекшілігіне сәйкес мүмкін ол дыбысты айту ертерек болар (артикуляциялық бұлшық еті әлі жетілмеген), ересектер уақытынан бұрын сары уайымға салынып, балаға ескерту айтып, өз бетінше түзетпекші болады. Одан күткен нәтиже болмай, баланы босқа жылатып, тіпті дыбыстың айтылуы басқаша қалыптасуы мүмкін.
Мысалға балалардың нормативті «Р» дыбысын айтуы 4,5-5 жас аралығында біртіндеп қалыптасады. Кейбір өте шыдамсыз ата-аналар 2-3 жастан бастап РРРРР деп айтуын сұрап қинайды. Нәтижесінде бұл дыбысты көмеймен айтып үйреніп кетуі мүмкін, оны түзету қиынға түседі. Мүлдем сөйлей алмайтын баланы қалай үй жағдайында тілін дамытуға болады деген сұрақтар бізге жиі қойылады.
Балада алдымен сөзді түсіну қалыптасады (импрессивті сөзі), содан соң ғана сөйлеуі (экспрессивті сөзі) қалыптаса бастайды. Яғни ата-ана бала өмірге келгеннен бастап онымен сөйлесе бастауы керек. Ақ жүректі, пәк көңілді балалар әлемінің әдемілігі бұл ғұмырдағы ең керемет кезең деп бағалаймын өз басым. Балалық шақты аңсамайтын адам баласы кемде-кем шығар, сірә. Қоғамға арлы азамат тәрбиелеп қосу бірінші ата-ананың, екінші балабақшаның, үшінші мектеп ұжымының міндеті деп білемін. Қазақтың ұрпағы өз тілінде өргектеп сөйлеп, кәусар-бұлақтай мақал-мәтелдермен сусындаса, жыр-дастандарын жаттап, ертегі-аңыздарына сеніп өссе әр сәбидің өмірінің өрісі шұрайлы болады.
Ана тілің-арың бұл,
Ұятың болып тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте – деп Қ.Мырзалиев айтқандай әр сәби жаңа отырғызылған жас шыбық секілді. Оның тамырына тәрбиелік мәні бар нәр беріп, түзу өсіру біздің міндетіміз. Ана тілінде анық сөйлеп, алдыңғы жолын дұрыс таңдауы біздің бірден-бір борышымыз. Кейбір ата-аналар баланың тілі өз бетімен шығып дамиды деп ойлайды. Баланың тіл дамуы төңірегіндегі адамдармен қарым-қатынас жасаудан шығады, әсіресе ата-анасымен тілдік қарым-қатынас тығыз болу керек. «Менің баламды дұрыс сөйлетіңізші!» деп көп ата-аналар логопедке өз жұмыстарын, өз жауапкершіліктерін сырғыта салғысы келеді. Ал логопед маманы сиқыршы болар ма еді, тез арада баланың дұрыс сөйлеуін түзетіп, сөздік қорын толтырып, грамматикалық түрде дұрыс айтқызып, байланыстырып сөйлеуін жетілдіріп, ата-анасына керемет жан-жақты білгір баланы шығарып бере алмайды ғой. Сондықтан, дұрыс сөйлеу процессі жеңіл болатын нәрсе емес.
Логопед өзінің сөйлеген сөзінде тіл кемістігі бар болса, «етікші етікке жарымайдының» кебін киеді. Ол пациентке сөйлеу кемістігінің себебін анықтап, туындаған жағдаяттарды шешуге көмек беруі үшін шебер психолог болуы тиіс. Логопедке балалармен жиі жұмыс істеуге тура келетіндіктен, олармен ортақ тіл табыса білуі маңызды. Мұндай маманға есте сақтау қабілетінің жақсы болуы да қажет: ол барлық жаңылтпаштарды, сөйлеу машықтарына арналған жаттығуларды жақсы есте сақтауы тиіс. Оған шыдамды, байсалды болуға машықтануы қажет, себебі адамды қысқа уақытта дұрыс сөйлеуге үйрету мүмкін емес.
Тәрбие – болашақтың темірқазығы. Пайғамбарымыз Мұхаммедке бір кісі келіп, баласының тәрбиесі туралы ақыл-кеңес сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз ол адамнан балаң қаншада еді деп сұрапты. Әлгі кісі – ұлым жеті жаста еді деп жауап беріпті. Сонда Пайғамбар – сен бала тәрбиесін жеті жылға кешіктірген екенсің деген екен. Мынау дүрбелең дүниеге жаңа келіп, жан-жағымен қарым-қатынас жасауға талпынған балғын ғұмыр иесінің тұла-бойы кіршіксіз таза болады. Сол тұнық тағдырды даңғыл жолға бағыттау бүкіл қоғам міндеті. Бүлдіршіннің болмысына адалдықты, ар-намысты, ізгілікті, өнер мен өнегені, имандылықты сіңіріп өсіру біздің басты мақсатымыз.
Бала жанының баптаушы бағбаны болу, әрине үлкен жауапкершілік. Әр сәбидің мінез-құлқына орай, олармен тіл табысу оңайға түспейді. Ата-анасы сеніп тапсырған бүлдіршіндердің болашағына араласу біз үшін сындарлы уақыт. Оң-солын танымаған бейкүнә балаларға болашақтың даңғыл жолын көрсету, бағып-баптау үлкен тәжірбиені, білім мен өнегені, ұстамдылықты талап етеді. Ғұлама Абай атамыз қара сөзінде былай деп жазады, »Адам ата-анадан туғанда есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы, сондайдан білген-көргені көп адам білімді болады». Жақсы адам болу үшін, сәбидің де жан-жағы жақсылықпен қоршалу керек. Балалық патшаның тағынан артық. Бақ дәулетті белінен кешкен небір бай-патшаларда, батыр-бағыландарда, ақын-жазушыларда балалық шағын аңсаған.
«Құста болғым келмейді қанатым бар,
Қанатым бар күмістен жаратылған,
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Жас ананың құшағында жаңа туған.» – деп ақиық ақын Мұқағали жазғандай, мөлдір бұлақтай балалық кез бәріміздің арманымыз. Өткен уақыт оралмаса да, сәбилердің бала шағы алаңсыз, бақытты өтуіне біз атсалуысымыз керек деп білемін. Жас жеткіншектің жүрегіне имандылықтың, адалдықтың дәнін сеуіп, сол дәнді саялы жеміс ағашы етіп өсіре білсем, сол баладан ауыл-аймағын, туған тілін, салт-дәстүрін, атамекенін айнымай сүйетін ақжүректі адам ержетсе арманымның орындалғаны.
Менің тәрбиелеп жүрген бүлдіршіндерім бағытын дұрыс танып, Отансүйгіш, адамгершілікті ту етіп ұстаған ар-намысты, абыройлы азаматтар болып өссе, ол менің арман-мақсатымның орындалғаны. Тәрбиеші ғана емес, ана ретінде де өте бақытты болар едім.
Тлешова Дамира Орынбасаровна,
Жамбыл облысы Меркі ауданы
әкімдігінің білім бөлімінің
«Балауса» балалар бақшасы МКҚК, логопед