Мақсаты: Жас мамандарға көмек көрсету және ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру. «Айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымыз қандай, олар кімдер, біз кімбіз, өзімізді өзіміз танимыз ба?» — деген сұрақтарға жауап іздеп, тұлғаның адами көзқарасын анықтау.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, шар, таратпа сандар.
Нақыл сөздер: «Жас келсе іске», «Жас маман! Әрбір бала – бір жұлдыз. Жарқырауына көмектес!»
Психолог: — Құрметті ұстаздар!
Өз қызметтерін аянбай, алаңсыз жүргізуіне ұшқыр ой, алғыр зейін, ашық көз, ояу көкірек керек екені даусыз. Сергек қимылмен, ширақ оймен, сезімтал жүрекпен адал еңбек ететін олардың зерделеріндегі ойларынан түйін алу. Бүгінгі мақсат: айналамыздағы адамдарымызбен қарым – қатынасымыз қандай, олар кімдер, біз кімбіз, өзімізді өзіміз танимыз ба? — деген сұрақтарға жауап іздеп, тұлғаның адами көзқарасын анықтау.
Мектебіміздің қоғамдық өмірінде де алатын орны, атқаратын рөлі өз мәніндегі жас мамандардың ауызбіршілігін тудыру, көппен жұмыс істей білудің маңыздылығын, ерекшелігін тағы да айқындай түсу болды.
Ендеше тренингімізді бастамас бұрын, біз тренинг ережесімен танысайық.
Тренинг ережесі:
- Өз ойын ашық айту;
- Өзгелердің пікірін құрметтеу;
- Белсенді әрекет ету;
- Шынайылық;
- Топтасып жұмыс жасау.
Ал, енді сіздерге сәттілік тілей отырып, тренингімізді бастаймыз.
1.Танысу жаттығуы:
Қатысушылар шеңбер бойымен тұрады. Психолог қатысушылардың барлығына сандар жазылған қима қағаз таратады.
Нұсқау: Қима қағазда жазылған сандарды әр қатысушы өз өмірімен байланыстырып айту керек.
2.Жағдаят шешу.
1-жағдаят. Оқушы сабақ үстінде себепсіз күле береді, мұғалімнің ескертуіне құлақ аспайды: Мұғалімнің іс-әрекеті қандай болу керек?
2-жағдаят. Оқушы мұғалімге: «Мен бұл оқушымен бірге отырғым келмейді. Оның себебін сізге айта алмаймын». Мұғалімнің жауабы қандай?
3-жағдаят. Сыныпқа сіз кірдіңіз. Оқушылар сізді елемей, қағаздан ұшақ жасап, бір-біріне лақтырып жатыр. Сіздің әрекетіңіз, қалай тынышталдырасыз?
4-жағдаят. Сіз жаңа сабақ түсіндіріп жатырсыз, бір оқушы сізге сабақ түсіндіруге мұрша бермейді. Сіз оқушыға тыныш отыр дедіңіз, оқушы тыңдамады. Не істеу керек?
Оқушының оқудағы жетістіктеріне көңілі толмайды, өзінің икемділігінен күмәнданады, оқу материалын түсініп, игеріп алатындығына көзі жетпейді, ол мұғалімге: «Сіз қалай ойлайсыз, мен қашан да болсын сыныптастарымнан қалмай жақсы үлгеріп, оқып кете аламын ба?» — дейді. Сіздің жауабыңыз?
Жауаптар
1) Сенің икемділігің өте жақсы, мен саған үлкен сенім артамын.
2) Қане, отырып әңгімелесіп, мәселені шешейік.
3) Әрине, бұл туралы сен күмәнданбасаң да болады.
5-жағдаят. Сабаққа кіруге қоңырау соғылды. 8-ші сынып оқушылары кабинеттің алдында оқытушыны күтіп тұр. Кабинет жабық. Оқытушы келіп, кілтпен есікті ашайын десе, кілттің орны қағазбен бітелген. Оқытушы оқушыларға күмәнді көзқараспен қарап шығып: «Бұл кімнің ісі, осылайша сабаққа кедергі жасайын дедіңдер ме?» — деп өзінің наразы көңілін білдірді. Оқушылар сасып қалды, қарсыласайын деп еді, оқытушы тыңдамай одан әрі дауыс көтеріп кінәлай берді. Осы сәтте директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары келіп: «Кешіріңіз сәл кешігіп қалдым. Мен сізге басқа кабинет ашып берейін, себебі бұл кабинет сырланған еді, бөгде адам кірмеуі үшін мен кілт орнын әдейі қағазбен бітеп едім» — деді.
Сұрақтар:
1) Неліктен шиеленіс пайда болды?
2) Шиеленісті болдырмауға болатын ба еді?
3) Осындай жағдаяттардың дұрыс шешімін табу үшін, оқытушы қандай сапаларды игеру керек?
4) Бұл жағдайда сіздің әрекетіңіз?
6-жағдаят. Мұғалім математика пәнінде оқушыларға тапсырма берді. Бұл тапсырманың өзіндік ерекшелігі бар еді. Мұғалімнің түсінігі бойынша балалар бұл ерекшелікті таппай, қате шығарған сияқты болды.
— Кімнің жауабы 27-ге тең болды? — деп сұрады ол. Сонда үш оқушы қол көтерді. Олар: Айгүл, Арман және Талғат еді. Арман алдында отырған Талғаттың қолын тартып қалды, бұны мұғалімнен басқа ешкім байқамады. Ал балалар осы үшеуіне күлді. Сонда Талғат тұрып тапсырманы тақтаға жазып, өз ойын дәлелдеді.
Мұғалім үш балаға қандай баға қою керек?
7жағдаят. Еңбек сабағы басталды. Бүгін балалар ойыншық жасаулары керек еді. Мұғалім олардың заттарын түгендегенде бірнеше оқушының құралдары жоқ болып шықты. Заттары түгел балаларды мұғалім мадақтап, заттары түгел еместерге ескерту жасады да жаңа сабақты түсіндірді. Балалар жұмысқа кірісті. Бірақ заттары жоқтары еш жұмыссыз отырды, себебі оларға қалғандары ешнәрсе бермеді. Мұғалім осындай жағдайда не істеуі керек?
III. «Сандармен ойын» жаттығуы.
Мақсаты: Ұжыммен тығыз қарым-қатынас жасау және көңіл-күйлерін көтеру мақсатында ойнатылады.
Нұсқау: Қатысушылар шеңбер бойымен отырады. 1-ден 50-ге дейін сандарды атау керек. Бірақ, 3 және 7 санына келген қатысушы санды атамай, үнсіз шапалақпен білдіреді. Осылайша ойын жалғаса береді. 50-ге дейін шатаспай санауымыз керек. Шатасқан қатысушы сол жерден ойынды тоқтатады.
IV. «Тілек шамы» жаттығуы.
Қатысушылар жанып тұрған шамды алып, бүгінгі тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, келесі тұрған қатысушыға жақсы тілектер айтып, шамды ұсынады. Осылайша шам шеңбер бойымен айналып, мектебіміздің түлегі, қазіргі таңда мектеп психологі болып жұмыс жасап келе жатқан 20 жылдық еңбек жолы бар ұстаз — Жумадилова Динара Ильясқызына келеді. Жумадилова Динара Ильясқызы өзінің жүректен шыққан жақсы тілектерін жас мамандарға арнады. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға сәттілік тіледі.
Психологтың қорытынды сөзі:
Әрбір жас мұғалімнің жаңаша жұмыс істеп, үнемі ізденісте болуы бүгінгі күннің талабы болса, мектептегі басты тұлға – Мұғалім.
Ы. Алтынсарин сөзімен айтсақ, «Мұғалім – мектептің жүрегі» демекші сіздердің әрқайсысыңыз мектептің жүрегі бола берулеріңізге тілектеспін. Өздеріңіз таңдаған кәсіби мамандықтарыңызды ары қарай дамытып, жоғарыдан көріне беріңіздер деп, — жүрекше шарды барлық қатысушыларға сыйлай отырып, тренингті аяқтау.
Ботаева Гүлайна Үшкемпировна
№23 орта мектебінің психологі,
Тараз қаласы