Home » Мақалалар » Мемқызметшілердің әдептілік нормалары

Мемқызметшілердің әдептілік нормалары

«Биылдан бастап еңбекақы төлеудің факторлы-балдық шкалаға көшуі арқасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылық өсті. Бір бос орынға конкурсқа түскендердің саны жиырма адамнан асып отыр».Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағыбақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, мемлекеттік мекемелердегіәдеп жөніндегі уәкілдермен тәртіптік комиссия төрағаларымен кездесуі кезінде мәлімдеді.
«Мемлекеттік қызметшіге деген талап өте жоғары. Тиісінше әлеуметтік жағдайы да Агенттіктің назарынан тыс қалмайды. Ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуына байланысты ахуалды сүзгіден өткізіп, осы мәселені талдауды мықтап қолға алмақшы. Мәселен, белгілі бір мекеменің құрылымын қайта құру немесе өзгерту кезінде мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын сақтауды, демалыс төлемақысы, материалдық көмек және сыйлықақы беру, сондай-ақ, қызметшілердің уақытылы оқуға жіберуін басты назарда ұстаймыз әрі «Әдеп жөніндегі уәкілдер» мен «Әдеп жөніндегі кеңес» мүшелерін осы мәселелерге белсенді араласуға шақырамыз», — деп атап өтті Равиль Тюлебаев.
Кездесу кезінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс еңбек ету фактілері де назардан тыс қалмады. Осы жайттардың алдын алып, заңда көрсетілген талаптарды орындау үшін, артық жұмыс істеудің себептері анықталып, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен шегелеп тұрып шешімі табылуы қажет деген пікір айтылды.
«Әрқайсымыз мемлекеттің даму жолындағы бағыт-бағдарын анық білуіміз керек. Соған байланысты мемлекеттік органның құзіреттілігіне сәйкес, алдына қойылған тапсырмаларын жетік меңгеріп, оның ішінде өзінің қызметтік мінттеріне сай жұмысын жауапкершілікпен және тиянақты орындауы тиіс. Кей кезде мемлекеттік қызметшілер өзі жұмыс жасап жатқан мемлекеттік мекемесінің ережелерін, ондағы көрсетілген құзіреттілік пен мақсаттарды білмейді. Ондай мемлекеттік қызметшінің тиімділігі де төмен болады. Мұндай жағдайлар және жалпы біліктіліктің төмендігі қызметшінің жұмыстан кейін қалып қызмет жасауына ықпал етеді. Осындай деректер анықталған жағдайда оны Әдеп жөніндегі кеңес қарауына шығарып, тиісті ұсыныстар енгізілетін болады. Аумақтарда мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет көрсету жағдайларын ұйымдастыру, жылдық медициналық тегін қызмет көрсетуді енгізу, мемлекеттік спорт объектілеріне тегін бару, үй-жаймен қамтамасыз ету немесе жер телімдерін беру мәселелерін көтеріп, оларды аумақтық Әдеп жөніндегі кеңес отырысында талқылауды ұсынып отырмыз деді.
Сөз соңында республикалық деңгеймен салыстырғанда Маңғыстау өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын сақтау көрсеткіші жоғары дәреже деп түйіндеді Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев.
Осы көрсеткіштерді жағымды қабылдаған Маңғыстау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Иса Есенәлі өзінің атқарған қызметі туралы баяндама жасады. Облыс өңірінде әдеп жөніндегі уәкілдердің  мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеру бағытында көптеген іс-шаралардың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге ие болып отырғандығын атап өтті.
Бүгінгі күні Әдеп жөніндегі уәкілдерге қол қою құқықтары толықтай беріліп, Маңғыстау облысында және қала, аудандарда интернет сайтында, жергілікті газет беттерінде «Әдеп жөніндегі уәкіл – Әдеп айнасы» атты айдар ашылғандығын және алға қойған міндеттер мен атқарылатын шаралардың көп екендігін тілге тиек етті.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.