Мақсаты:
І. Елтаңба, ту, әнұран туралы түсініктерін нығайту. Рәміздердің пайда болуы және тарихтағы маңызы жайлы түсініктерді дамыту.
ІІ. Оқушының есте сақтауын дамыту, өз ойын дұрыс жеткізуге ынталандыру.
ІІІ. Оқушыларды Отансүйгіштікке,адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің туын, елтаңбасын, әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Рәміздерге байланысты түрлі-түсті суреттер, буклеттер, карта, Отанын,ж ер туралы нақыл сөздер,шарлар…
І-жүргізуші: Арма ағайын!!! Құрметті оқытушылар, қонақтар және студенттер!!!!
Бүгін үлкен мереке яғни, ҚР-ң Мемлекеттік Рәміздер күні!!! Осы мерекелеріңіз құтты болсын. Бүгін сіздердің назарларыңызға «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты ____ сыныбының ашық тәрбие сағатын өткізгелі отырмыз. Олай болса, бүгінгі тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер! (Сабақтың мақсатымен, жоспарымен таныстырылады)
ІІ-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалсын! (орындалды)
І-жүргізуші: Қазақ елі ұлан – байтақ. Бір қиырынан екінші қиырына дейін ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның тұяғы шағылған деп суреттеледі аңыздарда. Айтса айтқандай, батысынан шығысына 3000 шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне 1600 шақырым, жалпы аумағы 27173 мың шаршы шақырым алып аймақты қалай әсірелесе де тұрарлық.
Осындай кең-байтақ жерге ие жас, егеменді еліміздің өзге елдердегідей өз «іңгәсі» бар. Ол – көтерген Туы мен Елтаңбасы, асқақтата әуелеткен Әнұраны. Еркіндікке ұмтылған қай ел, қай халық та өз даусымен сөйлеуді, өз үнімен жар салуды армандайды. ҚР-ның Ата заңының 9-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар», — делінген.
Біздер тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландарымыз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелер мен аталарымыз сияқты қадірлеуге,сүюге қорғауға тиіс екенімізді естен шығармайық.
ІІ-жүргізуші: Бүгінгі ашық тәрбие сабағымызды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың мына сөздерімен бастауды жөн көрдік: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлектіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.Мемлекеттік рәміздер-халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр» деп атап көрсетті.
І-жүргізуші: Олай болса, кезекті бейнесюжетімізге береміз! (видеоролик көрсетілді)
ІІ-жүргізуші: Егеменді еліміз жер бетіндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, 1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен 4 — маусым «ҚР Мемлекеттік рәміздер күні» болып белгіленді.
ҚР Конституциясы 1995 жылы 30-тамызда референдумда қабылданды. 9 бөлім, 98 баптан тұрады. 9-бабында ҚР мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұранның сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен бекітілген. 34-бапта әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті екені айтылады. Мемлекеттік рәміздер белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман аңсарын, басқалармен байланыс мұраттарын білдіреді.
Осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір азамат терең түсініп, оны қастерлей білу керек.
І-жүргізуші:
Рәмізім-елдігімнің белгісі,
Білу керек бала дағы ең кіші.
Рәміздерім-әнұран, ту, елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.
ІІ-жүргізуші: Ендеше, келесі кезекті студенттердің өлең шумақтарына береміз! (оқыды,шықты)
І-жүргізуші: Мемлекеттік туымыз бірыңғай көгілдір түсті.Бұл түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанды елестетеді. Бұлтсыз ашық аспан әрқашан да бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны. Көк түс – Қазақстан халқының бірлік,ынтымақ жолына адалдығын білдіреді. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн – қозғалыс, даму, өсіп- өркендеудің, өмірдің бейнесі. Қанатың жайған қыран құс – бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Күннің астындағы қалықтаған қыран елдің еркіндік сүйгіш асқақ рухын,қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін жария етеді. Ағаш сабына бекітілген тұстағы тік жолақ ұлттық оюлармен өрнектелген. Күн, қыран, ою-өрнек – алтын түсті. Қазақстан Республикасы мемлекеттік туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.
1 студент: (Жәнібек)
Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков – ҚР Мемлекеттік Туының авторы, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері, Қазақстан дизайн өнерінің негізін қалаушылардың бірі. 1938 жылы 12-қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Ленинград жоғарғы көркем өнер училищесін бітірген. Алматы қаласының бас суретшісі.
ІІ-жүргізуші: Елтаңба негізі – Шаңырақ. Ол елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі.Шаңырақ – күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі. Көшпелі түркілер үшін үйдің ,ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлдүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныс бейнесі. Шаңырақ айналасындағы уықтарды тұлпардың қанаты қоршап тұр. Қанатты тұлпар қазақ поэзиясында кең тараған бейне. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол – өлмес өмірдің бейнесі. Бесбұрышты жұлдыз «бағыңыз ашылып, жұлдызыңыз жарқырай берсін»деген асыл тілекті айқындап тұр. «Қазақстан» жазуы қазақ елінің айғағы. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков, Шот-Аман Уәлиханов.
2студент: (Жарылғасын)
Мәртебесі, мақтаны.
Елтаңбасы елімнің
Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбәт, әдемі!
Тұнығындай көңілдің
Ортада-аспан әлемі.
Құт, береке, шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ.
Екі жақтан көмкеркен.
Тәуелсіздік жолында
Талай-талай тер тамған…
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім-Елтаңбам.
І-жүргізуші: Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған, Бекболат Тілеухановтың әні «Қазағым менің» — орындайтын хор (айтылды).
ІІ-жүргізуші: Жандарбек Мәлібекұлы – ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Өзбекстанға еңбегі сіңген сәулетші. 1942 жылы Қызылорда обылысы Жаңақорған ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Ташкент политехникалық институтының сәулет өнері факультетін бітірген. Ташкент қаласындағы ғылыми зерттеу жобалау институтының қала құрылысы шеберханасының жетекшісі, жобалар жөніндегі бас сәулетшісі, қазір Астанада тұрады. Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан – ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы. Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші, мемлекет сыйлығының иегері, белгілі қоғам қайраткері. 1932 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған. Мәскеу архитектуралық институтын бітірген. «Қазақ қала құрылысын жобалау» институтының қызметкері.
І-жүргізуші: Олай болса, назарымызды бейнекөрініске салайық!!! (көрсетілді)
ІІ-жүргізуші: Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы –Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы,бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.Әнұранды түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.
І-жүргізуші: Әнұран мәтінінде ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрініс табады. Сонымен қатар асыл мұрамыз – еліміздің кең байтақтығы,жер мен ел байлығы ,біздің ұрпақтарымыздың болашағына айқын жол ашатыны көрініс тапқан. Ең бастысы – тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса айтылған. Әнұран 2006 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны қабылданды. Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Әнұраны деп жарияланды. Кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған ән сөзіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кейбір түзетулер енгізілді. Әнұран авторлары: Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
ІІ-жүргізуші: Ендеше, ортаға ________ орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнін қабыл алыңыздар!!! (орындалды)
І-жүргізуші: Қазақстан қасиетті мекенім
Өзіңді жырлап мәңгілікке өтермін
Елім үшін, жерім үшін жан пида
Республикам, Отаным, Атамекенім
ІІ-жүргізуші: Олай болса, құлақ салып келесі бейнеклипті тамашалайық!!! («Сәлем саған, туған ел!»)
І-жүргізуші: Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет- ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады.
Қазақстан: Туымен-Тұғырлы,
Елтаңбасымен- Еңселі
Әнұранымен айбатты ел!
ІІ-жүргізуші: Осымен, ____ сыныбының дайындаған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты ашық тәрбие сағатын жабық деп жариялаймыз!!! Көңіл бөліп, алтын уақыттарыңызды қиып келгендеріңізге коп рахмет!!!
Венера Жумашевна Жолмухамбетова
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы,
№ 9 орта мектептің тарих пәнінің оқытушысы