Жер бетінде кеңінен тараған спорттың түрі – баскетбол. АҚШ-тың Массачусетс штаты Спрингфилд қаласында колледж оқытушысы Джеймс Нейсмитке қазір баскетбол табынушылары мың алғыс айтатын болар. Өйткені, осы адам бүгінгі баскетболдың атасы саналады. Ғасырдан артық тарихы бар спорттың бұл түріне Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да қызығады. Мектепішілік жарысқа қатысушылардың көптігі өз алдына сабақтан тыс уақытта баскетболдың ойнау тәсілін меңгергісі келетіндердің саны да артып келеді.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында басталған біріншілікке 8-12 сынып оқушылар түгелдей қамтылып, нағыз бәсеке өткізілді. Жасерекшеліктеріне байланысты кіші және үлкен топтар болып бөлінген командалар олимпиадалық жүйе бойынша бақ сынасты.
Жоспарлы жарысты өткізу арқылы оқушылардың спортқа деген қызығушылықтарын арттырып, үздік ойыншылардан мектептің әр жастағы баскетбол құрамасын жасақтауды көздеген додаға 23 команда қатысты.
— Дәстүрге айналған жарысқа командамызбен жылда қатысамыз. Бұл біз үшін сыныбымыздың намысын қорғаумен қатар үлкен тәжірибе. Сабақтан қолымыз қалт ете қалса да, спортзалдан табылуға тырысамыз. Жаттығу үшін бізде барлық жағдай жасалған. Баскетбол секцияна келіп ойын жайлы дәріс алатындар көп. Солардың барлығына спорттың бұл түрі ұнайды деген ойдамын. Олимпиада бағдарламасына енген баскетбол адамды жылдамдыққа, дәлдікке, ұшқырлыққа үйретеді. Сондықтан өз басым баскетболды спорт деп қана санамаймын, — дейді чемпионаттың үздік ойыншыларының бірі Қайыржан Болатбеков.
Айдан артық уақыт ішінде мектеп спортзалын нағыз мереке алаңына айналдырған қыздар мен ұлдар командалары 280 оқушыдан жасақталды. Бұл дегеніңіз мектеп оқушыларының жалпы санының 45 пайыздан артығын құрайды. Бүгінде бұқаралық сипат алған жарыста үлкендер тобынан 1 орынды 12 «А», 2 орынды 12 «С», 3 орынды 12 «Е» сыныптары жеңіп алды. Ал төменгі топта 9 «С», 8 «А», 9 «М» сыныптары командаларының айы оңынан туды.
Ал ересек қыздар тобы арасынан 12 «К», 10 «А», кіші топтан 8 «В», «С», 9 «L» сыныптары бұрымдыларының бағы жанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұдан бөлек жарыста өз шеберлігімен көзге түсіп, көрермендер көзайымы болған 10 оқушы үздік ойыншылар болып танылды.
Жарыстың жабылу салтанаты да жоғары деңгейде өтіп, оған 400 –ге жуық оқушы қатысты. Бұл жерде жеңімпаздар командалар аталып, жеңіске жеткендерді жалпы мектептік лездемеде мақтау қағаздары, кубоктармен марапатталатын болып шешілді.
Рауан Тәттібекұлы,
Жарыстың бас төрешісі,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі