Home » Мақалалар » Мектептің кәсіби қоғамдастығы – оқыту үдерісін жаңартудың маңызды стратегиясы

Мектептің кәсіби қоғамдастығы – оқыту үдерісін жаңартудың маңызды стратегиясы

Қоғам дамуының әр саласында болып жатқан өзгерістерге орай білім саласы да жаңғыру үстінде. Ұстаздардың негізгі міндеті сапалы білім беру десек, мұндай міндетті жүзеге асыруда мұғалімдердің шеберлік, іскерлік, көшбасшылық қасиеттерінің маңызы ерекше. Біздің мектеп ұжымы мектептің оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгеріс ендіруде бірлескен жұмыстарға басымдық бере отырып, деңгейлі бағдарлама мақсатына қол жеткізу үшін тынымсыз жұмыс жүргізуде.
Педагогикалық шеберлік орталығының бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасы мектеп басшыларының 9 айлық біліктілікті арттыру курсы бойынша оқыған №86 мектеп-гимназиясының директоры Мусаева Қалдықыз Айтжанқызы «Мектептегі тәжірибе» кезінде білім мен біліктілікті дамытуда, ортақ жұмысты жоспарлауда, мәселені бірлесе отырып талқылау, талдау, ортақ шешімге келу үшін мектепте қоғамдастық құру маңызды екенін ұжымға түсіндірді. Оқу мен оқытудағы әдістер мен тәсілдерді жаңашылдандыру және мұғалімдердің де заман талабына сай өзгеруі қажеттігі туралы пікір алысты. Кембридж бағдарламасының негізгі идеясы мен мазмұнын түсіндіру мақсатында ұжымның 80 мұғалімі қатысқан тәжірибелі коучерлердің бірігіп өткізген бірнеше коучинг-сессиялары өтілді. Мектеп басшысының қолдауымен 1-деңгейді оқыған коучерлер: Луқпанова Клара мен Оспанова Айман «Lesson study» тақырыбына коучинг-сессия өткізді. Оқытуды жетілдіру және оның сапасын арттыру құралы ретінде мұғалімдерге «Lesson study» әдісін ұсыну арқылы тәжірибені жетілдіру мақсат етілді. Осы әдісті қалай пайдалануға болатынын мұғалімдер топтарының арасында өтілген сабақтар бойынша өзара пікір алмаса отырып, тәжірибелерімен бөлісті. «Жапониядағы ашық сабақ», «Сабақты зерттеу» бейнежазбалары көрсетіліп, «Lesson study»туралы кең түсінік берілді. «Құбыр» психологиялық тренингі   мен  «Ақылдың алты қалпағы» арқылы мұғалімдер өз ойларын ортаға салды.
«Мектептің кәсіби қоғамдастығы – оқыту үдерісін жаңартудың маңызды стратегиясы» тақырыбында коучинг-сессиясын Мусаева Қ.А. Ахметова Л. Қ. Мырзабекова Н. Дәкенова Н.Д. өткізді. Мұғалімдердің кәсіби даму ортасын құрып, кәсіби дамуына қолдау көрсету және өзін-өзі жетілдіруді дамытуға көңіл бөлінді. Коучинг-сессияда «Энтузиазм», «Желілік қоғамдастық – педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру құралы» бейнежазбалары көрсетіліп, «Қоғамдастық» таныстырылымы арқылы кәсіби қоғамдастықтың жұмысы туралы ақпарат берілді. «Бір мақсатқа жұмылу» тренингі қызықты өтіп, мұғалімдердің белсенділігі артты.
Бұл тренингте мұғалімдердің бірліктегі қарым-қатынасы нығаятынын іс-әрекет үстінде байқап, мектептің кәсіби қоғамдастығын құрғанда, жұмыстың нәтижесін көруге болатынын өздері әрекет барысында дәлелдеді. Коучинг барысында қоғамдастықтар үшін қатысушы мұғалімдердің пікірі бағаланатын іс-шаралар пайдалы болатынына көздері жетті. «SWOT» кері байланыс парағын толтыру арқылы мұғалімдердің өзіндік көзқарастары қалыптасып, кәсіби қоғамдастықтың тиімділігін білді. Директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орындасары Досқазиева Б.Қ «Қоғамдастық белгілі бір топтың, ұжымның өзара ынтымақтаста жұмыс жасау үшін ортақ мүдде туындағанда құрылады» деген пікірін айта отырып, желілік қоғамдастықтың қызметі туралы ойын өрбітті. Коучинг барысында мұғалімдерге «Қоғамдастық не үшін қажет?» деген сұраққа мұғалімдер ақпарат тарату үшін, ынтымақтастық жасап, өзара қолдау көрсету үшін, білімді қалыптастыру үшін, ұжымдық пікірді біліп отыру үшін қажет деген тұжырымға келді.
Нәтижесінде: «Көкжиек» қоғамдастығы құрылып, құрамына қызығушылық танытқан мұғалімдер бірден мүше болды. «Көкжиек» қоғамдастығы: «Зерттеуші», «Үйлестіруші», «Дамытушы» топтарына бөлінді.
Зерттеуші топтың мақсаты: қоғамдастықтағы жоспарды дамыту бағытында орындалатын жұмыстарды бағыттайды және бақылайды. Қоғамдастық желіні жақсартуға жауапты болады. Желілік қорлардың бөлінуін және пайдаланылуын бақылайды әрі мүдделі адамдарды тартады.
Үйлестіруші топтың мақсаты: қоғамдастық желінің әр түрлі бөлімі арасындағы және желі ішіндегі бірлесіп өткізілетін іс-шараларға қатысты шешім қабылдайды. Бұл топтың міндеті желілік қоғамдастық жоспарына сәйкес коучингтер және тәлімгерлік жұмыстарды ұйымдастыру. Құрамына І және ІІдеңгейді меңгерген мұғалімдер енді.
Дамытушы топтың мақсаты: қоғамдастықтағы оқыту мен оқу үдерістерін жетілдіру әдістеріне назар аударады. Дамытушы топтың міндеті: оқу бағдамаларын әзірлеп, оқытудың жаңа стратегияларын қабылдауына қолдау көрсету арқылы қоғамдастықты дамытуға өз үлестерін қосады. Бұл топтың міндеті мұғалімдердің 7модульді сабақтарына қолданып, жұмыс жасауына ықпал етеді. Құрамына ІІІдеңгей мұғалімдері, психолог, әлеуметтік педагог, мектептің жалпы қоғамдастыққа мүше болғысы келген мұғалімдер енді. Кәсіби қоғамдастықтың құрамындағы мұғалімдердің арасында бірлесіп жұмыс істесек, балаларға барынша терең білім береміз деген сенім қалыптасты.
«Мектеп мәдениеті» тақырыбында Мусаева Қ.А., Бекжанова С. ,Шормантаева Л., Савлиева Л. коучинг-сессия өткізді. Мектеп мәдениетінің ұжымдық құндылықтар жүйесі, ұжым мүшелерінің қызметтегі, өмірдегі бірлескен, қабылданған іс-әрекеттер мен ережелерінің жиынтығы, мұғалім оқушылар әлеуетін құраушы негізгі факторы екенін ұғындыруға назар аударылды. «Берк-Литвиннің ұйымға өзгеріс енгізу» моделі мен «Банка және бүрге» тәжірибе бейнежазбасы және «Мектеп мәдениеті» таныстырылымы көрсетіліп, мұғалімдердің жалпы мәдениет, оның түрлері, мектеп мәдениетінің маңызы, мазмұны мен алатын орны туралы түсініктері қалыптасты. «Мектеп мәдениетінің өлшемі» жаттығуы жасалып, «Отыз ромбик» толтырылды. «Нысана» кері байланыс парағы арқылы мұғалімдер ойларын түйіндеді.
Мектебіміздің бастапқы ахуалын анықтау үшін жинаған деректердің, сауалнамалар мен сұхбаттардың талдауы арқылы анықталғандай, оқушылардың дарынына әлі де көңіл бөліну керектігін ескеріп, олардың шығармашылық ізденістерін көтеру қажет деп табылды. Мектеп-гимназия директорының зерттеу тақырыбы: «Талантты және дарынды балаларды оқыту арқылы оқу жетістіктеріне жету» екені айтылып, мұғалімдер арасында талқыланды. Осы тақырыпты мұғалімдерге терең меңгерту мақсатында «Талантты және дарынды балаларды оқыту арқылы оқу жетістіктеріне жетуге бола ма?» тақырыбында Мусаева Қ.А. Мүсіреп Л.Қ. Каракбаева Б.У. коучинг-сессия өткізді. Дарынды және талантты балаларды анықтауға мұғалімдерге бағыт-бағдар беріліп, талантты және дарынды балаларға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуге мән берілді. Әли Байжігіт туралы «Лучше всех» бағдарламасы мен «Дарынды балалар», «Төрт жасар қыздың 7 тілді меңгеруі» бейнежазбалары көрсетіліп, мұғалімдердің оқу процесінде оқушыларды бақылау арқылы олардың таланты мен дарындарын айқындай алуына жағдай жасалды.
«Сaбaқтa мұғaлiмнiң өзiнiң нe бiлiп, нe iстeйтiнi мaңызды-aқ, бiрaқ oның ықпaлымeн шәкiрттeрiнiң нe бiлiп, нe iстeйтiнi oдaн дa мaңыздырaқ. Нaғыз ұстaз мiнe, oсынысымeн бaғaлaнaды»,– деп Цицeрoн айтқан дaнaлық сөздi басшылыққа aлa oтырып, талантты және дарынды балаларды оқыту арқылы оқу жетістіктеріне жету көзделуде.
Көшбасшы ретінде мұғалімдер құзырлы болып, құзіретті оқушылар дайындауы үшін коучинг үдерісі мен тәлімгерлік үдерісін ендіріп, мұғалімдер көшбасшылығын дамытуға күш салды. Мұғалімдердің кәсіби өсуіне, іс-тәжірибесін жетілдіруіне оқушы үнінің, «Lesson study» әдісінің тигізетін ықпалы зор.
Желілік қоғамдастыққа аудан мектептері де қызығушылық танытып, магнит мектептері тартылды. Аудан көлемінде Кембридж бағдарламасының бірінші деңгей тыңдаушылары бүгінгі таңда мектептегі тәжірибе кезеңін өткізіп жүрген мұғалімдер қауымы бірігіп желі құрды.
Басқа мектептермен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу, мектептер арасында «көпіршелер» тұрғызу, сол арқылы мұғалімдердің кәсіби шеберліктерін арттыру үшін көрші мектептермен, аудан, қала мектептерінің қоғамдастықтармен байланыс орнаттық, форум, конференцияларға қатысып, ПШО т.б порталға, білім сайттарына материалдар жіберіп, жарияланды. Өз іс -тәжірибелерін тарату бойынша әдістемелік құралдар шығарып, баспасөзде жарияланды.
Ұлы жазушы М.Әуезовтің «Мұғалім – адамгершіліктің биігі», «Ұстаз – ұлы есім»  деген қанатты сөздері әрқашан ұстаз қауымының еңбектеріне берілген үздік баға болып қала береді. Бізге ең қымбатты – болашақтың баянды негізін қалайтын жас ұрпақты сеніп тапсырып отырғандықтан, сол сенім биігінен көріне алатынымызға сенімдімін.

                                        Ахметова Ләззат Қасенқызы,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ғ.Мүсірепов атындағы
№86 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
«ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.