Home » Жаңалықтар » МЕКТЕПТЕ МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ

МЕКТЕПТЕ МҰРАЖАЙ АШЫЛДЫ

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»

 Жақында Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінде осы мектептің түлегі, Павлодар облысы және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанның Сыртқы барлау қызметінің бірінші жетекшісі, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан МҚК барлау бөлімінің бақылаушысы генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы Марденовтың есімімен мұражай ашылды. Тағлымды кештің мақсаты:  ұлы даланың ұлтын сүйген ұландарын ұлағаттау, оларды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету болды. Іс-шараға: Ақтоғай ауданының әкімі Арынов Қаршыға Залмұханұлы, Алматы, Астана, Павлодар қалаларынан келген сыйлы қонақтар, ардагердің туған-туысқандары, жерлестері және БАҚ өкілдері қатысты.

Сонау Алматыдан елім деп ет-жүрегі елжіреп жеткен 85 жастағы генерал-майор Жүкен Марденовты ауылдастары мектеп ауласында қуана қарсы алды. Мектептің кіреберісінде «тірі дәліз» әдісімен салтанатты сап құрған бастауыш сынып оқушылары қолдарына ақ, көк түсті шар ұстап ардагер аталарына сәлем беріп, ізет көрсетті. Аудан басшысы Қаршыға Залмұханұлы қонақтарды мектептің екінші қабатындағы кітапханаға бастады. Мұнда оқушылар жиналған көпшілікті генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлының құрметіне ашылған кітаптар көрмесімен таныстырды. Мұражайдың ашылу салтанаты «Ақтоғайдың қара нары» атанған айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажановтың арнау өлеңінен басталып, аудан әкімі Қаршыға Арыновтың құттықтау сөзімен жалғасты.

-Ел тыныштығын сақтауда азаматтық парызын абыроймен атқарып, халқына адал қызмет еткен генерал-майор Ж.Б.Марденовтей дара тұлғалардың ерлікке тән еңбектерін дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы. Сондықтан, тұсаукесері өткелі жатқан мектеп мұражайы — еліміздің ертеңі — жас жеткіншектерді отансүйгіштікке, азаматтық мінезге тәрбиелейтін бірден-бір атаулы орын болатынына сенімдіміз,-деді өңір басшысы.

Тағлымды кештің ең тартымды тұсы мәжіліс залында өткен Жүкен Марденов пен мектеп оқушыларының сыр-сұхбаты болды. Ардагер мектеп оқушыларына өзінің қызығынан қиындығы мол өмір өткелдері мен қызметі жайында әңгімелеп, қызықты естеліктерімен бөлісті. Жас жеткіншектерге ақылын айтып, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырды. Таңдай қақтырған тамаша сәтті мектептің дарынды, талантты шәкірттерінің әуезді әндері әрлендіре түсті. Генерал-майор 11 сынып оқушыларына өзі туралы жазылған Руслан Иржановтың «Генерал Ж.Б.Марденов. Страницы жизни» атты естеліктер жинағын сыйға тартты.

Іс-шара барысында құрметті қонақтар мектеп ішіндегі «Ақтоғайтану», мектептің бұрынғы директоры Адам Мұхаметжановтың атындағы арнайы кабинеттерді, заманауи үлгіде жабдықталған «Teacher office» — мұғалімдер бөлмесі мен «Рухани жаңғыру», «Робототехника» кабинеттерін аралап, мектеп басшысы Қанымгүл Аяпбековнаның жаңашыл бастамаларын қызыға тамашалады.

«Ақтоғайтану» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде осыдан екі-үш ай бұрын Ақтоғай аудандық ішкі саясат бөлімімен жасалған болатын. Сол жобаның бір тармағы – «Туған жер перзенті» деп аталады. Ол Ақтоғай ауданынан шыққан атақты тұлғалардың ерен еңбегі мен ерлік істерін дәріптеуге арналды. Осы бағдарламаға сәйкес, ауданның: Абай, Тіленшин, Қараоба мектептерінде арнайы мұражай-кабинеттерін, ал қалған мектептерде жеке бұрыштар ашу қолға алынды. Бүгінгі Абай орта мектебінде өткен кездесу – осы игі бастаманың алғашқы жемісі деуге де болады.

Айта кетейік, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әскери қайраткер Жүкен Баймұхамбетұлы Марденов 1934 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданына қарасты Жаңа аттаныс ауылында дүниеге келген. Ол ауылдық орта мектепті тәмамдап, Алматы мемлекеттік шет тілдер институына түседі. Әскери қызметін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Павлодар облыстық басқармасында оперативтік қызметкер болудан бастайды. Кейін Қазақ КСР орталық аппаратында, МҚК Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстық басқармаларында жалғастырып, МҚК Целиноград облыстық басқармасының басшысы міндетін атқарды.

Бар саналы ғұмырын ұлан-ғайыр кең байтақ даласы мен бейбітсүйгіш халқының тыныштығын қорғауға арнаған ғажайып жанның қайсар, сабырлы мінезі, қазақы болмысы, білімі мен пайымының тереңдігі, мәдениетінің биіктігі – өзін қолдап, қошеметтеп келген жерлестерінің ризашылығын арттыра түсті. Мектеп оқушылары қымбатты қонақтың әрбір айтқан өнегелі сөзін мүлт жібермей естерінде сақтап қалуға тырысты.

 

Солтаналинова Қанымгүл Аяпбековна, Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

  • Бүгінгі күні мектебімізде жерлесіміз әрі мектебіміздің түлегі, Павлодар облысы және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жүкен Баймұхамбетұлы Марденовтың атымен мұражай ашылды. Мұражайдың ашылу мақсаты: біздің болашақ ұрпақты осы кісінің өнегелі өмір жолымен таныстырып, ұлы Абай атамыз айтқандай, болашақта «болмаса да ұқсап бақсын» деген ниетте атқарылып отыр. Біз ұсынысты өзіміз жасадық, ал, ҰҚК департаментінің Павлодар облыстық Ардагерлер кеңесінен Мұхаметқали Қинаятұлы, Еркін Ғабдылнасырұлы ағаларымыз және генерал-майор Жүкен Баймұхамбетұлы мұражайды орналастыру, құжаттарды жинауға жан-жақты атсалысты. Мектебімізде үш жүз елу алты оқушы білім алуда. Ардагер ағамыздың мұражайы оларға жақсы өнеге, патриоттық рух беретініне сенімдімін. Бұл кабинет тек мектеп оқушыларына ғана емес, Ақтоғай ауданының барлық жастарына арналады. Республикалық ҰҚК-і де мұражайға біршама кітаптар сыйлады. Мұражай қоры әлі де толықтырылады, жоспар бойынша таныстыру, кездесулер де қарастырылуда. Балалар ардагер ағамен кездесуді асыға күтті. Дайындалды. Олар генералдың өзі келетініне, тіпті, сенбеді де! Міне, бүгін қуаныштарында шек жоқ. «Өнер қуып ой түзе, жақсыға қарап бой түзе» дегендей, жас ұрпаққа ағамыздың жолын берсін,- деймін.

Жантемиров Мұхаметқали Қинаятұлы, ҰҚК Павлодар облыстық департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

  • Бастапқыда, республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұражай ашсақ деп ұсыныс жасаған мектеп ұжымы болатын. Бастама бізге бірден ұнады. Сол себепті, қолымыздан келгенше, атсалысуға кірістік. Іс-шарада жоспарланған әр қадамды мектеп басшысымен ақылдасып отырдық. Қазақта: «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі тарихи кешіміздің басты кейіпкері болып отырған — Жүкен ағамыз – еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің алғашқы барлау қызметінің басшысы, облысымыздың мақтанышы, осы көрсетілген құрметке әбден лайықты азамат. Аға буынның арда жолын жастар болашағына бағдар еткен осынау ортақ іс-шарамыз көпшіліктің көңілінен шықты, деген ойдамыз.

 

 

Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар.

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.