Home » Айтарым бар » МЕКТЕПТЕН ШЕТТЕТІЛГЕН ТАЛАНТ

МЕКТЕПТЕН ШЕТТЕТІЛГЕН ТАЛАНТ

Талант мектептен шеттетіле ме? Ол шеттетілген. Өз сыныптастарының қатарында «мисыз ақымақ», мектебі «ақыл-есі кем» санаған ол екі ай оқығаннан кейін мектептен шеттетілген. Оның оқу үлгерімінің тым төмен болуына 7 жасында қызамақпен ауырып, құлағын зақымдап алуы себеп болған-ды.

Сол мектептен шеттетілген ақыл-есі кем оқушы – 15 жасында өзінің алғашқы өнертабысын жасаған, қазірде бүкіл әлемге танымал талант Томас Эдисон еді. Иә-иә, сол бәріңіз білетін алғаш әріп басатын телеграфты, электр лампасын, дыбыс жзатын фанографты, температураның минималды көтерілуін өлшейтін тазиметрді ойлап тапқан, көшірме аппаратын тұңғыш патенттеген Томас. Айтпақшы, бүкіл әлемнің аузындағы «алло» сөзін сөздік қорымызға енгізген де сол. Ол – мыңнан астам құрылғыларды ойлап тапқан өнертапқыш. Несіне тізе берейік, бәрібір бір жазбамен бітпейтін бірегей ол. Солай, мектептен шеттетілген қабілетсіз оқушы бір кездері адамзатты ақылымен алға сүйрейтін талантқа айналады десе, сенер ме едіңіз?

Иә, баланың қателігіне де құрметпен қарасақ қой. Соған өреміз жетсе ғой. Сонда алдымызда ежіктеп оқитын, салдыр-сатпақ жазатын, 1-ге 1-ді қоса алмайтын бала емес, дүниені дүр сілкіндірер дарабоз, ұлттың көшін бастайтын талантты тұлға тұруы мүмкін екенін мойындайтын ек. Шын мәнінде, маған әрбір бала бос тұрған домбыраның қос ішегі секілді, тек ғажап үн шығара алатын шебердің қолына түссе игі.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.