Home » Жаңалықтар » Мектепке жол

Мектепке жол

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын «Мектепке жол» акциясы биыл да өз жалғасын табуда. Алғаш рет оқушылардың толық мектепке баруын қамтамасыз ету жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырыла бастаған акцияның басты мақсаты – көп балалы отбасылардың оқушыларына, аз қамтылған отбасылардың, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың балаларына көмек көрсетуге арналған. Сонымен қатар, әртүрлі себеппен мектепке баруға жағдайы келмейтін отбасылардың балаларының мектепке бармауының алдын алуға бағытталып іске асырылуда. Көптеген жылдар бойы ұйымдастырылып келе жатқан бұл акцияда жыл сайын көптеген балалар материалдық көмекпен қамтылады. Атап айтсақ, балалар киімдермен, мектепке қатысты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұндай акция биыл осымен он бірінші рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Акция өткізілген он жыл ішінде 2 млн 600 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 17 млрд 800 миллион теңгеден астам материалдық көмек көрсетілді. Акция «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» атты ұранмен өткізілуде.

Осы акция барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің хатын орындау негізінде республиканың түрлі білім ошақтарында көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, білім органдары ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарымен, аудандық әкімдіктермен, жастар және балалар ұйымдарымен тағы басқа қауымдастықтармен бірлесе отырып, «қауіпті топтағы» балаларды анықтау бойынша рейдтер жүргізу, панасыз, қадағалаусыз балаларды анықтау, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар мен балалардың тізімін жасап, олардың мектепке баруын қамтамасыз ету, мецанаттар туралы деректер жинап, олардың балаларға көмек көрсетуін ұйымдастыру сынды көптеген іс-шаралар атқарылуда. Шара аясында мектепке бармай қалған балалардың себептері анықталып, кінәлі адамдарға шара да қолданылады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара биыл да өткізілуде. Ол шарадан Алматы қаласы Жетісу ауданы № 177 жалпы білім беретін мектеп те тыс қалған жоқ. Мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі жасалып, демеуші жандардың көмегімен көптеген балалар мектепке қажетті кітап-құралмен, киім-кешекпен жабдықталды.

Айта кететін жайт, «Мектепке жол» акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады және оған барлық адамның белсене қатысуға мүмкіндігі бар. Жақсылық жасап жарысайық дегім келеді.

Хаутай Алтыншапақ
 Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 177 жалпы білім беретін
мектептің мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.