Ақмола облысының мектепке дейінгі ұйым әдіскерлері «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» 11.09. — 04.10.2017 ж. аралығындағы «Мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы әдістемелік жұмыстың ұйымдастырушылық-педагогикалық аспектілері» blended learning режиміндегі курсынан өтті. Курсты оқу барысында әдіскердің жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдарымен жақынырақ танысуға мүмкіндіктер туды.
Курстың басты ерекшелігі – ақпараттармен қашықтықта отырып-ақ бөлісе алу. Яғни, әдіскер жұмыс орнында отырып-ақ қажетті құжаттармен жұмыс жасай алады. Вебинарлар, онлайн-форум, онлайн-дәрістер тыңдай алады. Бұл әдіскер жұмысының сапасын арттыра түспесе, төмендетпейтіні айдан анық.
Әсіресе, біз сияқты әдіскер ретінде жұмысын жаңадан бастап жатқан жас мамандарға бұл – білімін арттырып, дүниетанымын кеңейтуге таптырмайтын мүмкіндік. Курс кезінде тыңдаушылар тек дәрістерді талдап қана қойған жоқ, топтарға бөлініп, жоба жұмысын қорғады. Жоба жұмысы әр мектепке дейінгі ұйымның тәжірибесіне негізделіп жасалды. Яғни, курс тыңдаушылары тек жоба ғана қорғамай, өзара тәжірибе алмасты десек те болады. Әдіскер ретінде жұмысын жаңадан бастап жатқан жас мамандар мен талай жыл еңбек өтілі бар әдіскелердің бірлесе жұмыс жасауы курстың көркін кіргізе түскендей көрінді.
Курс кезінде мектепке дейінгі ұйым әдіскерлеріне бағыт-бағдар беріп, жол сілтеген курс жетекшісі, тьютор – Жалмуханова Жаңылсын Өтегенқызы, ақпараттық-инновациялық бөлім басшысы – Муканова Роза Ақылбайқызы және IT маман – Ахметов Алмат Хайроллаұлы еді.
Атап өте кететін тағы бір жайт – «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының толықтай ақпараттық коммуникациялық технологиялармен қамтылғандығы. Әрбір әдіскер курстың алғашқы күні жеке дара жұмыс жасап, Ұлттық білім беру порталымен жақынырақ таныса алды.
Мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы әдіскерлердің педагогикалық шеберлігін арттыру курсы әрбір әдіскерді шыңдай түскені сөзсіз. Сол үшін де «Өрлеу» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша ПҚ БАИ» басшысы Еркін Тұрашұлы Исимбаевқа айтар алғысымыз шексіз.
М.Т. Боскынбаева
«Мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы
әдістемелік жұмыстың ұйымдастырушылық- педагогикалық аспектілері» курсының тыңдаушысы,
Ақмола облысы Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы «Ақбота» балабақшасының әдіскері