Таяуда Мектепке дейінгі және орта білім департаменті он-лайн тәртібінде кеңес өткізді. Оған IP-мекенжайы бойынша өңірлерден 300-ден аса орыннан қосылу тіркелді.
Кеңес жұмысына «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингінің», «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының», «Е-әкімдік» ақпараттық жүйесінің, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, облыстардың Білім басқармаларының, қалалардың, аудандардың Білім бөлімдерінің және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мектепке дейінгі ұйымнан орын алуды қажет ететін балалардың санын бақылау мақсатында мектепке дейінгі ұйымға кезекке қоюды келесі бағыттар бойынша қалыптастыру ұсынылды:
1) туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі балалар, 1 жасқа толғанға дейін орын бөлінбейді;
2) жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға республикалық бюджеттен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жолдама алған қызметті алушы кезектен алынады;
3) 1 жастан бастап мектеп жасына дейінгі балалар. Мұнда бөлінетін орындардың 30%-ы мемлекеттік қызметте көрсетілгендей, санатқа сәйкес, 70%-ы қалған балаларға бөлінеді.
Сонымен бірге, қызметті алушы бір мектепке дейінгі ұйымнан орын алуға ғана кезекке тіркеле алады. Бір мектепке дейінгі ұйымнан екіншісіне өткенде алдыңғы кезектілік сақталмайды.
Жұмыс тобы кеңеске қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу үшін балаларды кезекке қою мәселесін жетілдіруді қарастырды және мемлекеттік қызметтің бірыңғай регламентінің жобасын әзірледі.
Қазіргі таңда бірыңғай регламенттің жобасы Білім және ғылым министрлігінің және «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының сайтында орналастырылды, өңірлерге, мемлекеттік емес ұйымдарға, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарастыру үшін жолданды.