Home » Баяндамалар » Мектепке дейінгі жастағы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту

Мектепке дейінгі жастағы балалардың шығармашылық қабілетін дамыту

Балалардың шығармашылық қиялы мен қабілетін дамыту, олардың практикалық дағдыларын иемденуі сәбилік кезеңнен басталады. Балалар тілді меңгере отырып, заттарды, олардың қасиеттері, белгілері туралы білімді игере бастайды. Мектепке дейінгі балаларға арналған көркем шығармалар баланы шынайы болмысты нақты әрекетімен таныстыра отырып, оны көркемдеп, баяндап, баланың сөздік қорын молайтып, тілін байытады, көркем өнерге қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына мүмкіндік береді. Мектеп жасына дейінгі балалар сурет өнерімен жалпы топтың ұйымдастырылған іс-әрекетінен тыста, ойынға бөлінген уақыт мезгілінде де шұғылдануға болады. Тәрбиеші бұл ынтаны алған сурет салу дағдыларын қолдануда баланың шығармашылығын қолдап отыруға мүмкіндік жасауы қажет. Жалпы келгенде, бейнелеу өнерін стандарт бойынша үш топқа бөлеміз.

Әдіс-тәсілдер.

Осы бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде тәрбиеленушілердің дарындылығын дамытуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланамыз.

Құммен сурет салу;

Бір басылым;

Бастырма;

Нүктелі арқылы сурет салу;

Әртүрлі заттарды пайдалану арқылы далаппен сурет салу;

Сия тамшысымен саусақпен сурет салу.

«Жіп» графикасы тіс пастасы

Бейнелеу әрекеті үрдісінде балалар бірқатар іскерліктер мен дағдыларды меңгеріп, заттар мен қоршаған әлем құбылысын талдауға үйренеді. Бейнелеу іс-әрекеті барысында тәрбиенің сенсорлық ақыл-ой, эстетикалық, адамгершілік алуан түрлі жақтары жүзеге асырылады. Бала ақыл-ой операцияларының негізінде өз жұмысының нәтижесін ойша елестетіп алып, содан кейін әрекет ете бастайды. Олар іс-әрекетке кірісер алдында өздерінің қалыптасқан түсініктерінің негізінде ақыл-ойдың алға қойған міндеттерін шешу үшін оны жүзеге асырудың әдістерін іздестіреді. Бала бойындағы шығармашылық қабілетті дамытуда оған педагогикалық басшылықты қажет етеді. Көзге көрсете отырып, оның қалай салатынын және оңайдан қиынға, қарапайым түрден күрделіге ауысу жолын қарастыру.

Сурет салу кезінде бала әртүрлі сезімде болады: қуанады, ойынан шықпай қалса ренжиді және т.б. кейбірі табысқа қол жеткізуге талпынады, кейбірінің қызығушылығы басым болады. Осы кезде тәрбиешінің сезімталдықпен қарап көмекке келуі қажет. Сурет салған кезде бала үйренеді, қоршаған орта туралы түсінігі тереңдеп нығая түседі. Баланың психикалық дамуында бұның маңызы зор. Яғни, бір затты бейнелей отырып бала оның сюжетін жасайды, ол туралы өз сезімін көрсетеді. Бұл жерде Аристотельдің мына сөзін есте ұстау қажет.

«Сурет салу баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайды».

Мектепке дейінгі жастағы бала шығармашылығы дегеніміз – сурет, жапсыру жұмысы, ойын, би, бейнелеу қимылдары, дауыс ырғағын салу болып есептеледі. Осы өнер түрлерінде баланың өз белсенділігін дамытуға аса назар аудару керек. Бала шығармашылығын дамыту үшін оларға дағдыны қалыптастыру қажет. Яғни сурет салу сабақтарында мектепке дейінгі жастағы балалар көркем материалды ұқыпты пайдалануға үйренеді. Еңбек қызметінің мәдени дағдыларын қалыптастырады. Мысалы, болашақ суретті жоспарлау, жұмысты жасау барысында өзінің іс-әрекеттерін бақылап отыру. Сапалы жұмыс жасау талабы балалардың алға қойған мақсаттарға жете алатындығын, яғни табандылығын, қандай да бір қиындықтарға төтеп бере алатын ерік-күшін көрсете алады. Ал ұжымдық сурет салу кезінде балалар өзара тіл табысу тәсілдерін үйренеді. Сурет салу барысында олар өз бетімен екі-үш бояудың ішінен бір түсті құрастырып шығара алады. Тәрбиеші балалардың эмоционалдық күйін қалыптастырып, өз жұмысында бейнені өз бетімен жеткізу тілегін оятады. Мысалы, қыс мезгілінің көрінісінің суретін салар алдында алдымен қыс мезгілі туралы суретке қарап әңгімелеп береді және қыс мезгілі туралы тақпақ немесе өлең айтып беруге де болады. 2-3 жастағы балалардың суреттерінде де алдын-ала ойластырылған бейне суреттер шығып жатады. Еріксіз шыққан форма-сызықтар және әртүрлі жасаған пішіндері де бір заттың бейнесін келтіріп тұрады (үйшік, ұшақ, доп, т.б.). Егер де бейнелік қызмет жаңа немесе дәстүрлі емес жағдайларда өтсе, балалардың қызығушылығы арта түседі.

       Бірінші кезең – пайда болу, даму, ойына алған затты бейнелеуге ұмтылу кезеңі. Бала жас болған сайын оның орындаушылық ықыласы тұрақсыз болады. Үш жастағы балалардың тек 30-40 пайызы ғана ойына алғандарын алмастырып алады, айтқан затынан басқасын бейнелеп кетеді. Қолына қарындаш алған соң жасай алмайтынын біліп бас тартады. Бала есейген сайын оның мінезі тұрақталып, тәжірибесі молайып дағдылана түседі.      

Екінші кезең – бейнелеу процесінің пайда болуы. Тапсырманың тақырыбын бергеннен соң баланың бейнелеу бағытын өзі табуына ықпал жасау керек. Бұл кезеңде бала өз қабілетін өзі басқаруға, жұмыс құралдарын (қылқалам, қарындаш, түрлі-түсті бояулар) пайдалана білуге ұмтылады.

Үшінші кезең – алдыңғы екі кезеңмен тығыз байланысты, яғни жалғастыру және аяқтай білу. Бала жұмысын талдау, қарау, оған өздерін қатыстыра отырып баға беру, олардың бойында сенімділікті, белсенділікті дамыту. Мінекей осы үш кезең арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамыта отыру керек. Сурет салу барысында балалардың ой-өрісін жетілдіре аламыз, яғни дидактикалық ойындар арқылы да дамытуға болады. Балалардың танымын, зейінін және бейнелеу өнерінің мәнерлеу құралдарын жеңіл меңгеріп, көркемдік талғамын арттыру.

Кіші топтарда түсті заттың белгісі ретінде қарай отырып, қандай түспен ненің суретін салуға болатынын айтқызса, жоғарғы топтарда, мысалы: «Жасыл түсті бояумен ненің суретін салуға болар еді?» деген ойын тапсырмалар беріледі. Бала тікелей суретін салып көрсетеді. Іс-әрекетке бағыттауға арналған көрнекілік жолақша орнына кез келген түстерді көре алатындай заттар: түрлі-түсті сақиналар, таяқшалар, қарындаштар, орамалдар, жалаушалар, т.б. қолдануға болады. Осы әрекетке байланысты жоғарғы топтың балаларына бос уақыттарында өзі жақсы көретін ойыншықтарының немесе өз жақсы көретін топтағы балалардың суретін салуды ұсына отырып, түсті баланың психикалық көңіл-күйіне байланысты қалай қабылдайтынын анықтау керек. «Кім тез жинайды?» ойынын ұйымдастыру барысында балалардың сурет арқылы қабылдауын, заттың түр-түсін, пішінін, көлемін бейнелеудегі шеберліктерін жетілдіру үшін дербес әрекет етуге дағдыландыру қажет.

Бұл ойында бейнелеудің әсерлі құралдарының бірі – түстерін ажырата білуге үйрету. Яғни, мысалға, көкөністер мен жемістердің суретін салуда сопақша, дөңгелек пішіндерді көз мөлшерімен беруге болады. Осы сияқты тағы да сурет салуға байланысты әртүрлі дидактикалық ойындарды ойнату арқылы балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға болады. Сонымен сурет салу сабағы – арнайы бейнелік таным-түсінік. Бейнелеу өнері әртүрлі қиял-ғажайып сезімдерге де бөлейді.

Төлегенова Бибігүл Қуанышқызы,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

жоғары деңгейдегі IІ санатты тәрбиешісі,

Ақтөбе қаласы

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.