Home » Мақалалар » Баланың мектепке психологиялық-педагогикалық дайындығы

Баланың мектепке психологиялық-педагогикалық дайындығы

         Баланы мектепке қалай дайындаған жөн? Кішкентай оқушыны мектепте кездескен алғашқы қиыншылықтарды жеңе білуге қалай дайындауға болады?

Осындай сұрақтар болашақ оқушылардың ата-аналарын да, тәрбиешілерін де мазалайды, осы сұрақтарын олар балабақшалардың психолог мамандарына  жолдайды. Ата-аналар мен педагогтардың мазасыздануы түсінікті де: өйткені оқушының алғашқы жылдағы табысы келер жылдардағы оқуының табысының негізі, мектепке деген дұрыс көзқарасының негізі, одан қалды мектептегі және болашақ үлкен өмірдегі табысының негізі болып табылады.

Психологтар мен педагогтарды ойландыратын бір жәйт – соңғы кездерде нашар оқитындар қатарына сырттай  тәп-тәуір, ойлау қабілеті жоғары деңгейде, оқу мен жазуды мектепке дейін-ақ меңгеріп алған балалардың қосылуы. Мұндай балалардың ата-аналары психологқа кеңеске келгенде: «Біз баламызбен көп дайындалдық, оның дамуына көп күш жұмсадық. Неліктен ол нашар оқиды?» — деп, дал болады. Мұның басты себебі баламен дайындалған сабақтардың барлығы дерлік мектепке дайындықтың негізі бола алмайды. Қазіргі заман психологтары көпжылдық теориялық және тәжірибелік зерттеулер негізінде баланың мектептегі оқуды бастауына аса қажет жеке бас қасиеттерін анықтады (оқуға қажет қасиет д.а.).

Осы қасиеттердің даму деңгейі баланың оқудың алғашқы сатысындағы білімді меңгеруінің табыстылығын айқындайды, дәл осы қасиеттерді баланың мектепке дайындығын қалыптастыру кезеңінде естен шығармау керек. Бұл мүлде оқу-тәрбие жұмысы тек оқуға қажет қасиеттерді дамытумен шектеледі деген сөз емес: «психикалық даму» ұғымының «мектептегі оқуға дайындық» ұғымынан әлдеқайда аясы кең. Педагогтар мен ата-аналардың басты міндеті – баланың толыққанды және үйлесімді дамуын қамтамасыз ету. Бұл жерде ең басты мәселе қандай сабақтардың баланың дамуы мен мектепке дайындығына қажет деңгейді қамтамасыз ете алатынын дәл анықтау. Баланың үлкендердің тапсырмасын қалай орындайтыны да өте маңызды – егер ол оқу дағдылары көзқарасы жағынан қате тәсілдерді қолданатын болса, әрі қарай дұрыс қалыптаспаған дағдылар мектеп бағдарламасын толық игеру жолында кедергі болуы мүмкін. Үйретуге қарағанда қайта үйрету әрқашан қиын екені белгілі ғой.

Кейде ата-аналар да, тәрбиешілер де «дамытушылық сабақтар қанша көп болса, баланың мектепке дайындығы да сонша жақсы болады» принципімен әрекет етеді. Ал бұл әрекет баланың ақыл-ой және физикалық шамадан тыс шаршауына әкеліп соғады да, денсаулығының нашарлауына ықпал етеді.

«Мектепте оқуға дайындық» деген не ұғым? Әдетте, мектепке дайындық дегенде баланың психикалық, физикалық немесе әлеуметтік дамуының оның денсаулығына нұқсан келтірмей, мектеп бағдарламасын игеріп әкете алатын деңгейін айтады. Демек, «мектепке дайындық» дегеніміз баланың мектепте оқуға физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік дайын болуы. Осы үш құрамдас бір-бірімен тығыз байланыста, біреуінің жетіспеушілігі баланың мектепте оқуының табыстылығына кері әсерін тигізеді. Бала ағзасының негізгі функционалдық жүйесінің дамуы мен денінің саулығы мектепке дайындықтың фундаменті болып саналады.

Нурманова Жанар Сарсен-Калиевна,

№10 «Алма» сөздері бұзылған балалар үшін

арнаулы (коррекциялық)

мектепке дейінгі ұйымының

                         жоғары деңгейдегі

І санатты психологы және әдіскері,

Ақтөбе қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.