Home » Жаңалықтар » Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы өзін-өзі тану пәнінің жүргізілуі, әдіс-тәсілдері

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы өзін-өзі тану пәнінің жүргізілуі, әдіс-тәсілдері

Ежелден дана халқымыз «Бала – бауыр етім» деп, өскелең ұрпақтың көңілі рухты, жаны пәк, таза болғанын армандайтын. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға біткен қасиетті дарытатын орта болады. Ол ең біріншіден отбасы, екіншіден мектеп негізінде жалпы қоғам. Сондықтан осындай ортаны құру біздің парызымыз, біздің міндетіміз.

Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы өзін-өзі тани білген жағдайда ғана жүзеге аспақшы. Осы орайда көптеген жылдар бойы аналық жүрек жылуын бала өміріне еңбек ету жолына арнап келе жатқан Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының маңызы өте зор, сырлы әлемге толы дүние. «Өзін-өзі тану» пәні балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттердің өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіне білуіне және өз ұлтының рухани-адамгершілік құндылықтары негізінде өзінің орнын білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп отырған тәрбие сабағы.

«Өзін-өзі тану » бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетті көтеру. Сол себепті қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе тұлғаны адамгершілік-рухани тұрғыдан дамыту, ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік қасиеттерімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа үйрету. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының басқа бағдарламалардан айырмашылығы Қазақстанның білім беру жүйесінде педагогтарды жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіруге бағыттап, өскелең ұрпақтың өзіндік «менін» қалыптастыруды көздеуінде болып отыр.

Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде педагогтар шешуші рөл атқарады.

Осы мақсатта ОҚО, Кентау қаласы «Алмагүл» бөбек жай-балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында облыстық білім басқармасының бас маманы Ә.Бейболованың ұйымдастыруымен 27-сәуір күні «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің жүргізілуі, әдіс-тәсілдері» атты облыстық оқу әдістемелік семинары өтілді.

Мақсаты: «Өзін-өзі тану» пәнінен кәсіби шығармашылық деңгейлерін арттыру, өзара тәжірибе алмасу; балаларды рухани-адамгершілік құндылықтарға баулу, «Өзін-өзі тану» пәнінің құндылықтарын өмірде дұрыс қолдана білуге үйрету. Семинарға облыстың түкпір-түкпірінен әдіскерлер, тәрбиешілер, облыстық білім бөлімінен бірнеше адамдар қатысты. Семинар өте жоғары деңгейде өтілді. Сыртқы кіре берістен бастап ойын алаңы, гүлдер, гүлзарлар, ертегі кейіпкерлері барлығы қолмен қойғандай эстетикалық талғамға сай жасалған. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер халқымызға, туған елімізге деген патриоттық сезімді оятатын флэшмоб көрсетіп, қатысушылардың еңсесін көтеріп тастады. Семинар облыстық білім басқармасының бас маманы Ә.Бейболованың алғыс сөзімен басталып, барша семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.

Семинардың өтілу барысында әдіскер С.Б. Ибрай «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің жүргізілуі, әдіс-тәсілдері» атты баяндамасын оқыды. Тәрбиеші А.Т. Жапатова Ересек «Василек» тобында «Я и моя семья», ағылшын тілі мұғалімі Е.Н. Стрепкова Ересек «Незабудка» тобында «Why the swallow’s tail is forked», балабақша психологы А.Н. Төлтаева Ересек «Ақгүл» тобында «Достық әлемі», тәрбиеші З.Р. Рустамова Ересек «Незабудка» тобында «Родной край» атты ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерін өтті.

Ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері жаңа талапқа сай, заманауи үлгіде, балалардың қызығушылығын, өмірге деген көзқарастарын аша білуде дидактикалық ойын элементтерін және көрнекіліктерді өз дәрежесінде пайдалана білді. Тәрбиешілердің ізденімпаздылықтарының арқасында әр баланың шығармашылық қабілеттерінің шыңдалғаны осыған дәлел.

Қорытынды бөлімінде семинарға қатысушы ізденімпаз, шығармашыл тәрбиешілердің еңбектеріне талқылау-сараптама жүргізілді. Семинарды ұйымдастырушылар балабақша меңгерушісіне жылы лебіздерін білдіріп, семинарға жоғары баға берілді. Семинар соңында бірнеше қызметкерлер марапатталды. Арнайы келген қонақтар марапаттауға ие болған қызметкерлерге қол шапалақтап құрмет көрсетті, олардың қуаныштарымен бөлісті.

Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры демекші, ұлттың болашағы – оның білімді, талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында. Рухы күшті ұлт озады. Бұл тұрғыдан алғанда жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастыруда «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының орны ерекше. Осы жобаның авторы Сара Алпысқызы «Өмір әдебі» деп аталатын еңбегінде «Ғасырлар бойы әр елдің халықтары осы біз кімбіз, не үшін өмір сүріп, қайда кетеміз, өміріміздің мағынасы неде, басты адами бағдарымыз қандай болуы тиіс?» деген сауалдар төңірегінде іздене отырып , «тіршіліктің осынау мәңгілік сұрақтарына жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды қайта жандандырып, өзіміздің бастапқы қайнар көзімізге оралу керектігіне бір сәт те күмәнданбайтындығын» айтады.

Халық педагогикасы нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлары, даналыққа толы мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, қиял- ғажайып ертегілері, ойындары, тәрбиелеп өсіру негіздері адамгершілік ниеттерге баулиды. Олай болса, адамгершілік тәрбие беру кілті халық педагогикасында деуге болады. Ұлттық асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде тәрбиешілерімізге қажымас қайрат, үзілместей шығармашылық шабыт тілейміз.

«Алмагүл» бөбекжай-балабақша ұжымына және балабақша меңгерушісі Г.Мамасайтоваға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қанымызға сіңген ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында жоғары деңгейде ұйымдастырылған облыстық семинарға алғысымызды білдіріп, еңбектеріңіз жанып, шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін демекпіз.

Гүлбара Жанбекова

Түркістан қаласы, А.Үсенов атындағы

 жалпы орта мектебіндегі шағын

орталықтің әдіскері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.