Home » Балабақша » МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Балабақша– келешек ел басқарар, жер – суына иелік етер, ел – халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап өмірдің ең басты  сатысын қалайтын киелі ұя. «Ауылына қарап, азаматын таны»- дейді халық даналығы. Жас ұрпақтың иманжүзді білімдар азамат болып өсуі, ең алдымен, ата-анасы, одан соң білім алар алтын ұясы және қоршаған ортасына байланысты. Мектепке дейінгі білім беру — бұл бала тұлғасы мен санасының қарқынды дамитын құнды, қайталанбайтын кезеңі, сондықтан балабақша-баланы тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы.

Президенттің жолдауында: «Ұлттық бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте білім деңгейімен айқындалады» — деген байламы жеке адамның құндылығын арттыру, оны дайындайтын ұстаз жауапкершілігінің өсуі, тынымсыз еңбек, сапалы нәтиже деген ұғыммен егіз.

Қазіргі балабақша жағдайындағы  білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа инновациялық педагогикалық технологияны  игерген, психологиялық-педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан, қабілетті және нақты тәжірибелік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашыл педагог-зерттеуші, ойшыл тәрбиеші болуын қажет етеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көпнұсқалық қағидасы бекітілген, білім мекемелерінің педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны тиімділігіне қарай пайдалану педагогтан үлкен шеберлікті талап етеді. Сол себептен балабақша педагогтарының кәсіби дамып өсуі     жаңа технологияны меңгеру-мұғалімнің кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами  келбетінің  қалыптасуы , өзін-өзі дамытып оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруы басты мақсаттардың бірі болуы тиіс.

Қоғамдағы қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру жүйесінде оқыту, тәрбие беру үрдісін технологияландыру- басты мәселенің бірі. Осыған орай мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесіне оқыту мен тәрбиелеудің әр түрлі инновациялық технологиялары жасалып енгізілуде.

Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғы шарттар қажет:

  • Оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу;
  • Тәрбиеленушілердің сабаққа қатыспаушылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми- әдістемелік, оқыту-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау;
  • Жаңа оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, білімді деңгейлеп беру технологиясын меңгеру арқылы балаларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игеруге қол жеткізу;
  • Оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу қажет.

Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары:

  • Балаға ізгілік тұрғысынан қарау;
  • Оқыту мен тәрбиенің бірлігі;
  • Баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту;
  • Баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;
  • Баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;
  • Әр баланың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу;
  • Баланың оқу үрдісін сезінуі.

Білім беру жүйесінде педагогикалық технологияны қолдану келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау әрбір педагогтың міндеті болып табылады. Тәрбиеші өмір талабына сай жаңа технологияларды оқу процесі мен тәрбие аясында шебер қолдана білуі керек .

Еліміздің бүгінгі мен ертеңі өскелең  ұрпақ еншісінде. Ал осы ұрпақты бүгінгі таңда жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары өзбетімен ізденуге қабілетті етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – жас ұрпақты шығармашылыққа жетелеу.

 

Алимбаева Эльнура Досымовна

Меңгеруші

Алматы облысы Қарасай ауданы

 Қырғауылды ауылы «Ақ көгершін» балабақшасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.