Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, шебер аудармашы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі – Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың биыл туғанына 125 жыл толады. Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, білімін Қызылжар қаласындағы медреседен жалғастырған Мағжан 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде білім алады. 1912 жылы оның алғашқы «Шолпан» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылады. 1913-1916 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Мағжан Алаш үніне үн қосып, «Қазақ» газетіне өлеңдер жариялай бастайды. Орынбордағы жалпықазақ съездеріне қатысады. 1919-1923 жылдары «Бостандық туы» газеті, «Шолпан», «Сана» журналдарын да, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, Халық ағарту ісіне белсене араласады. Осы кезеңде атақты «Батыр Баян» поэмасын жазып, «Педагогика» оқулығын Орынбордағы Қазақстанның Мемлекет баспасынан 1922 жылы басып шығарады.
Мағжан Бекенұлы 1923-1927 жылдары Түркістан Республикасынан арнайы жолдамамен Мәскеудегі жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Мәскеуде жүргенде Алаш көсемі Әлихан бастаған ағаларымен қарым-қатынаста болады. Орыс әдебиеті мен мәдениет қайреткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады.
Бұл кезде Мәскеудегі Алаш зиялылары «Күншығыс баспасы» айналасында топталған еді. Баспа туралы XX ғасырдың 20 жылдары баспасөзде аты жиі айтылатын. Қазақша ресми аты — «КСРО хылықтары кіндік бапасының қазақ-қырғыз бөлімі». Оның тарихы 1922 жылдан басталады. Осы жылы автономиялық республикалар мен облыстар үшін кітаптар және мерзімді басылымдар шығаратын КСРО ОАК Шығыс баспасы негізінде ашылды.
Халық арасында «Күншығыс баспасы» деп аталып кеткен бұл мекемеге 1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлов басшылық жасған болса, баспада 1922-1927 жылдары Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да жұмыс жасаған. 1923 жылы Мәскеуге келген Мағжан да аталған баспаға жұмысқа тұрады. Өз шығармашылығымен қатар мекеменің арнаулы аудармасымен де айналысады. Біз Мағжанның Мәскеудегі кезінде аудармасы мен өз қаламынан туған шығармаларға арнаулы тоқтала кеткенді жөн көрдік.
«Күркіреу, найзағай, электр» деген кітапшасының алғы сөзін басқарма арқылы жазған Қыр баласы (Әлихан Бөкейхан) кітаптың жазылу тәсілі мен мазмұнына тоқталады. Басқармадан: «Біз бұдан бұрын орыс кітабын қазақшалап аударып келдік. Енді осы кітапша мен білім беті мен қазақша кітаптің өзін жазатын жолға түстік. Халелдің «Жануарлары», Елдестің «Физикасы» болмаса, білім бетінде бұдан бұрын қазақтың өз кітабы жоқ та шығар» — деп, аталған кітаптың қазақ оқулықтарының алғашқылары екенін атап өтеді.
Аударма кітаптың мәнін қазақи түсінікпен оқырман қауымға жеткізе білген аудармашының шеберлігі туралы былай дейді: «Орыс кітабын қазақ тіліне аударғанда еріксіз соған еріп кетіп, қазаққа түсініксіз дәлелдерді қолданып кітапты қиындатып келеміз. Енді біздің білімге, қаламға жүйрік жігіттер осы Мағжан жолына түссе, ел ағарту ісі сәтті болар еді».
Кітаптың мазмұны мен мақсаты туралы: «Бұл кітапта білім беті Талдыкөлдегі ауылдарда жиылған ақсақалдар, мұғалімдер, оқудағы балаларға сабақ есебінде айтылған болып жазылған. Бұл сабақты берген жігіт өзіне сұрағанға жауап та беріп отырған. Ел алдында тәжірибемен айтқанын дәлелдеген. Сабақ кей кезде айтысқа айналған» деп түйіндейді.
Мағжанның осы нұсқасы да білім бетінен қазақ тілінде кітап жазатын жігіттердің қолданатын жолы.
Соңында электр тақырыбы туралы, физика туралы терең білгісі келетін оқырман қауымға былай деп кеңес береді: «Бұл кітапта электр қысқаша жазылған. Кітаптың іздегені электр туралы әліппеден сабақ берген. Электрмен терең бойлап танысам деген оқудағы інілер, мектептегі мұғалімдер Елдестің «Физикасын» алып оқыған оң» — деп сөзін қорытындылай келіп, соңында «Қыр баласы» деген қолтаңбасымен алғы сөзді аяқтайды.
Мәскеуде жүргенде Мағжанның орыс әдебиеті мен мәдениеті туралы ізденісі тереңдей түскені белгілі. Соның бір дәлелі ретінде М.Горкийдің шығармаларын қазақшаға аударуы еді. 1924 жылы басылған «Сұңқар жыры» аудармасы Мағжанның М.Горкийден аударған бесінші еңбегі еді. Олар: «Сұңқар жыры», «Жұртын сүйген жүрек», «Ана», «Темірді жұмсатқан ана», «Хан мен ұлы». Ал аударма туралы: «Өмірі жаумен алысып, қан жұтып жаралы болған сұңқар – төңкерісшілдер, жылан – жабайы тоғышарлар. «Өрмелеу үшін туған жан ұша алмақ емес». Сондықтан ақын «Ерлердің көзсіздігін, ессіздігін жарлайды» деп жазады. Максим санашыл, дарашыл, романтик ақын.
Іші батпақ, қараңғы, қалың орманға жау қамап, қырылуға айналған елді бастаған батыр қатерден елін құтқармақ болады. Бірақ жолда көп қиыншылық, азап шегіп, ел батпаққа батып өле береді. Қиналған ел долданып, басшы ерге тап беріп, өлтірмек болады.
Қараңғыда жол табылмайды, адасады. Сонда батыр жүрегін суырып алып, көтергенде күндей жарқырап, нұр шашады; елін беті ашыққа шығарып, ажалдан құтқарады да, батыр өледі. Бұл — « Жұртын сүйген жүрек» еді…
«Аударма ұғымды, сұлу жазылған. Тілінде кемдік жоқ». «Термеден» / 81 бет/
Мағжан Жұмабаевтың басқарма тарапынан аударған кейбір аудармалары халық шаруашылығы мен партия съездері мен қаулылары туралы еді. 1925 жылы Мәскеуден Мағжанның тағы бір аудармасы «Кеңес республикалары одағындағы мұғалімдердің І тобының қаулылары» кітапшасы 1000 данамен басылып шығады. Бұл қаулылар арасында «Күншығыс баспасы» басқарма төрағасы Нәзір Төреқұловтың баяндамасы да бар болатын.
Халық шаруашылығы тұрмысын қалай жақсарту мақсатында аударылып басылған еңбектері де аз емес. Солардың бірі – «Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайдасы». Конуковтың кітабын аударып 1925 жылы Мәскеуден басып шығарған. «Бұл кітапта ел шаруашылығының мұң-мұқтажы, қара шаруаның мәдениет жүзінде мешеулігі, шаруашылықты көтеру мен көркейту үшін қарыз серіктестігінің пайдасы баяндалған. Бірнеше мемлекеттік егін шығымы салыстырылған. Сонда Белгия, Германия, Австриянікінен Ресей егіні анағұрлым төмен екендігі қазақ оқушыларына көрініп тұр. Ал қазақ, орыс шаруасын өзінен қандай артық көреді. Бұдан кейін әр мемлекеттің мал шаруашылығын салыстырады. Бұдан дүниежүзінде Дания деген мемлекет бар екендігі, оның бір сиыры жылына 350 шелектей сүт беретіні, 250 шелектен кем бермейтін көрінеді. Данияның бір сиыры біздің 4-5 сиырымызға барабар» — деп сипаттай келе, жаңаша реформалар керек екенін атап өтеді. Кітапшаны қазақшаға аударушы жүйрік жазушыларымыздың бірі – деген баға береді.
Төменде Мағжан Жұмабаевтің Мәскеудегі кезінде аудармасы мен өз қаламынан туған шығармаларының тізімдерін ұсынамыз.
Мағжан Жұмабаевтың Мәскеуден басылып шыққан кітаптарының тізімдері:
- Февральдан октябрьге бет алу [Мәтін] : 2-бөлім / Ленин В., — Мәскеу : Кеңес Одағындағы Елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл . — 134 б. — 6000 дана. Аударған: Мағжан
- Күркіреу, найзағай, электр [Мәтін] / — Мәскеу : Кеңес одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 . — 70 б. — Араб графикасы. — 4000 дана . Жазушы: Мағжан
«Күркіреу, найзағай, электр». Кременский мен Лонковичтың кітапшалары бойынша жазған Мағжан. Мәскеу. 1927 жыл. 70 бет. Бағасы 40 тиын.
- Мағжан. «Сауатты бол». (Ересектердің сауатты болуына қолғабыс қылатын кітап). Мәскеу. 1926 жыл. 63 бет.
Сауатты бол! түзетіліп, жаңғыртылып 4- басылуы / Жұмабайұлы Мағжан, — Мәскеу : Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1928 жыл . — 96 б. — Араб графикасы — 36 000 дана .
- Большевик баласы : бала әңгімесі / Дорохов Павел, — Мәскеу : Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл. — 40 б. — Араб графикасы. — 4 000 дана . Аударған: Жәжеке
- Төрт әңгіме / Иванов Всеволод, — Мәскеу : Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл . — 64 б. — Араб графикасы. — 5000 дана . Аударған: Мағжан
- Сұңқар жыры / Горький,; ауд. М. Жұмабаев — Мәскеу : СССР халықтарының Кіндік баспасы, 1924 жыл. — 45 б. — Араб графикасы. — 4 000 дана . : 25 т.
- Жаңбыр дегеніміз не? / Аударған: Мағжан — Мәскеу : Кеңес дағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1926 . — 16 б. — Араб графикасы. — 5000 дана .
- 1905 жыл / Ленин В.И. Мақалаларды сайлаған: Бектуров; Аударған: Мағжан (Жұмабаев); ескертулерді жазған: Нәжіп — М. : Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1926 . — 280 б.– (Ленин кітапханасы. 2-серия 2-кітап — Араб графикасы. — 5000 дана.
- Кеңес республикалары одағындағы мұғалімдердің І тобының қаулылары / ; ауд. Мағжан — М. : Халық ағарту қайраткерлерінің баспасы, 1925 . — 48 б. — Араб графикасы. — 1000 дана .
- Еңбекші қара шаруаның артельдері мен коммуналары / Конюхов,; ауд. Мағжан Жұмабайұлы — М. : Совет одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1925 . — 72 б. — Араб графикасы — 4 000 дана .
- Қарыз серіктігі, оның қара шаруаға пайдасы / Конуков, — М., 1925 жыл.: 24 тенге
- Май мейрамы / Иосиф, — М. : Кеңес Одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл . — 60 б. — Араб графикасы. — 5000 дана .
- Қара шаруа туралы / Ленин В.И., — М. : Кеңестер одағындағы елдердің Кіндік баспасы, 1927 жыл . — 131 б. — Араб графикасы. — 8000 дана .
- Ж.П. Карревин. «Дүниенің тарих, шаруа жағарафиясы». Аударушы: Жұмабайұлы. Мәскеу. 1927 жыл. 164 бет. Бағасы 1 сом 20 тиын.
- Горов. «Маркс бен Ленин». Аударушы: Мағжан. Мәскеу. 1926 жыл. 76 бет. Бағасы 45 тиын.
- К. Реклин. «XV партия конференциясы не деді». Аударушы: М. Бекенұлы. Мәскеу. 1927 жыл. 68 бет. Бағасы 30 тиын.
- Верещагин. «Бізді кім билеп отыр». Аударған: М. Мәскеу. 1927 жыл. 58 бет. Бағасы 30 тиын.
- Г. Верещагин. «СССР» (Соцялшыл Кеңес Республикаларының Одағы). Аударушы: Мағжан. Мәскеу. 1926 жыл. 72 бет. Бағасы 35 тиын.
Біз бұл мақаламыз арқылы Мағжан Жұмабаевтің Мәскеуде айналысқан шығармашылығына тоқталдық. Ұлт істері үшін бір бағытта – білім-мен ғылым істеріне өздерін арнаған, мақсаттары бір арнада тоғыса алған Алаш азаматтары Алашорда үкіметі таратылып, Кеңес үкіметі орнаған кезеңдерде де өз ұстанымдарынан ауытқымай, қазақ халқы үшін аянбай еңбек ете білді. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткен күннен бастап Алаш мұрасын зерттеп-зерделеу жүйелі түрде жүргізілді. Биыл Мағжан Жұмабаев атамыздың 125 жылдығы мерейтойы аталып өтпекші. Аталған іс-шараға азаматтық үн қосы мақсатымен Мағжан Бекенұлының Мәскеудегі шағармашылығы, баспадан жарық көрген еңбектері туралы осы мақаланы жазып отырмыз. Ұрпаққа үлгі берер Алаш мұрасы әрқашанда ұрпақ санасынан өшпесін деп тілейік!
Мырзағали Абай,
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№ 148 мектеп-гимназиясы