Home » Мақалалар » Математика сабағында «Tarsia» активитиі көмегімен оқушылардың белсенділігін арттыру

Математика сабағында «Tarsia» активитиі көмегімен оқушылардың белсенділігін арттыру

Егеменді еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ол өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да жан-жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Сондықтан, мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Осындай аса қажетті технологиялардың бірі сабақта ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалану. Заман талабына сай оқыту үрдісін жетілдіре отырып АКТ-ны игеру әрбір мұғалім үшін қажетті шартқа айналды. Мұғалімдердің тәжірибесі көрсеткендей, дәстүрлі емес сабақтарды ұйымдастыру оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Сондықтан сабақта оқушы іс — әрекетін ынталандыратын ерекше формаларын таңдау керек. Солардың бірі «Тарсия» математикалық пазлдарды құрастыру ойындары.

Тарсия – математика пәнін оқыту үшін әр түрлі басқатырғыштар құрастыруға арналған бағдарлама. Тарсия – математика пәнін оқытуда топтық, жұптық жұмыстарда қолданылады. Тарсия бағдарламасының көмегімен тіктөртбұрышты және үшбұрышты кеспе қағаздардан тұратын әртүрлі пазлдар жасауға болады. Оның қарапайым түрі 6-15 тапсырмадан, күрделі түрі 22-30 тапсырмадан тұрады.

Математика сабағында қолданылатын ойын түрлері оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шыңдай түседі. Балалар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дұрыс орындайтын болады. Тәжірибе көрсеткендей, әдеттегі бірсарынды сынып сабағындағы оқушылар ойын кезінде өте белсенді болады. Тарсия: оқушының белсенділігін, пәнге құштарлығын, сыни ойлау қабілетін және ізденімпаздығын арттырады, «жасырынып» жатқан қабілеттерін ашуға көмектеседі, өзіне деген сенімділік пайда болады. Оқушы негізгі ұғымдарды еске сақтайды, білім сапасы жақсара түседі, өз сыныптастарымен диалогқа қатысады, бір-біріне қолдау көрсетеді, топта жұмыс жасай білуге дағдыланады, басқаға сын көзбен қарап, тиімді шешім қабылдауына мүмкіндік алады. Дегенмен де, бұл «Тарсияны күнделікті сабақта қолдану керек» деген мағынаны білдірмейді. Сабақтың түріне, кезеңіне байланысты оқушыларды жалықтырмай тиімді пайдалану – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мұғалім ойын барысында топтар арасындағы талқылауды, олардың қаншалықты жұмыс жасағандығын бақылау арқылы балалардың пікірлеріне қолдау көрсетіп, тиімді әдістермен басқаруы керек.

Нұржамал Қасымбекова

Шымкент қаласы,

физика-математика бағытындағы

Назарбаев зияткерлік мектебінің

математика пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.