Өмірдің әр түрлі кезеңдерінен сүрінбей өту, тұлға ретінде дамуы үшін адамға білім қай жаста да қажет екенін, әр адам өз өмірі, кәсіби әрекеті барысында үздіксіз білім алуға тиіс екенін айқындай түседі. Мемлекетіміздегі білім беру жүйесін жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында негізгі мәселенің бірі «өмірлік білімнен – баршаға өмір бойы игерілетін білім» ұстанымына өту болып табылады.
Шетелдік зерттеулерде дағды мен іскерлікті дамыту ерекше орын алады. Көптеген классификациялардың ішінде ең танымалы Блум Таксономиясы болып саналады. Өйткені ол таным процесінің барлық деңгейін нақты қамтиды. Блум Таксономиясы АҚШ және Жаңа Зеландия, Австралия, Ұлыбритания және Германия елдерінің білім қорына айтарлықтай үлесін қосуда.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша БАИ мамандар үшін қалыптасқан кәсіби іс-әрекетіне өзгерістер енгізу, өз тәжірибесін басқа нақты адамдардың, қоғамда жинақталған тәжірибемен байланыстыру, біріктіру, кәсіби құзырлықты қалыптастыру болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесін әлемдік деңгейге бағыттау мақсаты туындап жатқан бүгінгі жағдайда педагогтік мамандыққа қазіргі уақытта қойылатын талаптар одан білімнің, өзін-өзі ұйымдастыруының жоғары деңгейін қажет етеді.
Кәсіби іс-әрекетін осы бағытта құрғанда ғана маманның біртіндеп өз жұмысынан ләззат алу, көрген нәтиже арқылы әрі қарай табысқа жету құлшынысы өсе бастайды. Адамның еркімен игерілген білім ғана оның қажетіне айналары анық екендігі сөзсіз. Джон Дьюидің «іс-әрекет арқылы үйрену» термині еске түседі. Әріптестеріңнің жетістігін әділетті бағалау, егер біреуді қатарға тарту керек болса, ұжымның көмегіне сүйену, үнемі өз іс-әрекетіңе сыни көзқараста болу, өзіндік саралау негізінде оң өзгерістерге ұмтылу, шешім қабылдауға дайын, кез-келген іске тәуекел ету, өз жұмысындағы қателіктерді таба білу, шешудің бір жолы емес, бірнеше жолын қарастыру, бастаған істі аяқтау, айналаны тануға деген қызығушылық, психология-педагогикалық өздігінен білім алуға деген үнемі сұраныс – міне кәсіби өсудің басты қағидасы.
Жаңа кәсіби көзқарастар қалыптастырудың тұтқасы төмендегідей әрекеттерден тұрады:
*әрекеттің жаңа түрлерін меңгеру;
*жаңа шығармашылық ойлардың тууы;
*жаңалықты тәжірибеде қолдану;
Маманның іс-әрекеті жаңа ақпараттар жайлы идеялар жинақтаудан басталып, шешім қабылдаумен аяқталатындай етіп жоспарланады.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БА институтының базасында өткізіп жатқан іс-әрекеттер (оқыту семинарлары, ашық аудиториялар, педагогикалық десанттар, дөңгелек үстелдер, Э.Ш.Т. т.б) әрбір педагогтың кәсіби дамуына бағытталған. Мұндағы кез-келген қызметтің мақсаты қатысушылардың қажеттілігіне, қарым-қатынас жасауына, ой алмасуына, тануына жақсы мүмкіндік алуына жағдай жасалған.
Кәсіби дамуда конференция, семинар, дөңгелек үстелдерде айтатын ойыңызды дұрыс құра білу де маңызды орын алады.
- Менің айтқандарым көпшілік аудиторияға маңызды бола ма?
- Мен оларға жаңа не айта аламын?
- Менен неге үйренеді, осы аудиториядан немен кетеді?
- Мен қаншалықты жеткілікті және қызықты жеткізе аламын?
- Менің тілім аудиторияға қаншалықты түсінікті және жақын?
Әр маманның дамуында ізденіс үрдісі үнемі жүруі қажеттілігінің болуы жөнінде жоғарыда айтып өттік. Ізденіс үрдісі төмендегідей ұстанымда ұйымдастырылады:
*ынтымақтастық, әріптестермен бірлесе іздену;
*ой толғаныс, кез-келген маңызды деп тапқан мәселеге;
*өзара оқыту, «біз бәріміз бір-бірімізден үйрене алмыз.
«Ізденіс кезінде жағдайды салыстыра отырып, өз түсінігімізді дамытуға үйренеміз. Бұл алдыңғы түсініктердің өзгеруі және қайта қаралуындағы адамда сапалық өзгерістің пайда болуына негіз болады» деген пікір бұған дәлел бола алады. Осындай сапа мен міндеттер маманның сипатына байланысты арнаулы өлшемдерді талап етеді:
- Өзгерістерге ашықтық пен жұмыстың дәстүрлі әдістерін өзгертуге дайын болу;
- Жетекші (көшбасшы) болуға деген қабілеттілік пен топта жұмыс істей алу;
- Үйренуге және алған білімін күнделікті жұмыста қолдануға құштарлық;
- Басқа мұғалімдерге үйрету қабілеттілігі.
Уақыттың талабы адамның өзінің өзгеруімен немесе өзін саналы түрде өзгерте алуымен байланысты. Өзгеруде мазмұн, мақсат, форма мен әдіс, технологиялар білімдік үрдістің субъектілерінің арасындағы қарым-қатынас стилі жаңаша біліктілікті арттыру ісінің жетекші идеясы болып табылады. Кәсіби дамуда педагог белгілі бір позиция мен әлеуметтік мәртебені иеленеді, өзін-өзі анықтап, өзінің қабілеттерін дамытуға, педагогикалық ақиқатқа жаңашылдық тұрғысынан өзгерістер жасауға мүмкіндік алады, өзінің кәсіби мүмкіндігін жүзеге асырады. Бұл жерде қоршаған ортаға деген қатынасы, яғни жаңаны көре алу, қарама-қайшылықты табу, өзіне-өзінің сенуі эмоционалдық тұрақтылық маңызды орын алады. Бұл орайда нәтижені қамтамасыз ететін кәсіби және жекелік әрекеттесу, кәсіби және жекелік өсу, кәсіби ізденіс, кәсіби шебер адамдардың өзара ынтымақтасуын ескерген жөн. Біліктілікті дамыту – адамның жан-жүйесін жаңа деңгейге көтеретін психологиялық үрдіс. Ол маманның болмысының өзгеруіне, ақырында сол адамның, қоғамның ілгерілеуіне үлес қосуымен анықталуға тиіс. Біз біліктілікті арттыру жүйесінде жоғарыда тоқталып кеткен дамытушы орта жасауды кәсіби өсудің негізгі шарттарының бірі деп есептейміз. Осы мәселелерді ескергенде ғана кәсіби даму жетістіктеріне қол жеткізуге болады.
Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан педогогикалық жаңаша үрдістер шығармашылық бастаулардың түрткісі болуда. Бұл біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын талаптардың маңыздылығын арттыруда. Біліктілікті арттыру жүйесіндегі мамандар да өзін-өзі дамытуға мүдделі болуда. Яғни осы жүйеде жұмыс жасайтын маман кез-келген жаңа бастамаларға батылдық танытып, түрлі шешімдер қабылдауға дайын болып, икемді, жылдам, бәсекелестік таныту мүддесінен шығу қажеттілігі туындауда.
Кәсіби дамуда маманның біліктілігін негізгі іс-тәжірибесі мен шығармашылық және методологиялық білімдерінің бірлігі құрайды. Әр маман өз іс-әрекетін білім берудегі әлемдік жетістіктермен және өзін-өзі анықтау тенденциясымен, өзінің ұлттық, отандық бастауларына үн қатумен байланысты құрғанда ғана нәтижеге жетпек. Үздіксіз білім – толассыз, тоқтаусыз білім.
Кожахметова Жулдыз Сергазыевна,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ,
Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының
ӘҰМБ басқармасының жетекші маманы