Алматы қаласындағы «Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицей» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі физика, математика, жаратылыстану бағыты бойынша балаларды білім нәрімен сусындатады. Осы мектептің ұлағатты ұстазы, үздік мұғалімдерінің бірі – Мустафаева Ақкүміс Қалмұханқызы.
Ақкүміс Қалмұханқызы 1967 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық кентінде (бұрынғы Ералиев) дүниеге келген. 2010 жылдан бастап Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен 5-11-сыныптарға сабақ береді. Еңбек өтілі 30 жылға жуықтаған ұлағатты ұстаз көптеген жетістіктерге жеткен. Оқушылардың тіл байлығын дамыту, шығармашылық ізденістерге бет бұруына жол сілтеу, әдебиетке баулу сынды мақсаттарда жұмыс істейді. Бар еңбегін аямай ілім үйретіп жүрген сүйікті ұстаз оқушыларымен бірге қалалық, облыстық, аудандық шараларға белсене атсалысады. Атап айтар болсақ, «Мұқағали Мақатаев оқулары», «Мағжан оқулары», «Абай оқулары», жалпы қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты барлық оқуларға қатысып, мүмкіндігінше жүлделі орын алып жүр. Сонымен бірге, қала, аудан көлеміндегі олимпиадалардан да оқушылары олжалы оралатынын айта кетті. Атап айтар болсақ, қалалық Мұқағали оқуларынан жүлделі 3-орын, қалалық Абай оқуларынан 3-орын, аудандық Мұқағали оқуларынан 1-орын, Республикалық Бітібаев атындағы олимпиаданың қалалық байқауынан 1-орын, Республикалық көлемнен ең үздік жетістіктері үшін деген номициямен оқушысы марапатталды, осы секілді тұғыры биік жүлделі орындардан көрініп келеді. Жетістігі бір төбе ұстаз, биылғы жыл ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, аудандық, қалалық көптеген мақтау қағаздар мен марапаттарға ие болған. Ең алғаш ұстаздық қызмет жолын 1988 жылы Аспара ауданы Аспара орта мектебінде бастаған ол кейін Меркі ауданында, Тараз қаласында жұмыс істеген. Қазіргі уақытта №143 мектеп-лицейінде мұғалім болып жүргеніне 8 жылдай уақыт болыпты. Әкесінен ерте айрылған білікті маман кішкентайынан өнер-білімге жаны құштар, зерек болып өседі. Сол арман жетегінде жүріп, баршаға бірдей бұйыра бермейтін жоғарғы оқу орнына келіп түседі. Шығармашылыққа жаны жақын ұстаздың біз білмейтін қырлары да бар екен. Ән айтып, домбыра шертіп, өлеңді өз мәнерінде оқитын кейіпкер бір кездері журналист болғысы келгенін де жасырмады.
«Мен үшін ұстаз болу – табиғатымнан берілген сый. Мен бұл мамандықты өзімнің жаратылысыма сай мамандық деп есептеймін» — дейді зор қуанышпен Ақкүміс Қалмұханқызы. Жастайынан өлең шығарып, түрлі тақырыптарға эссе-шығарма, күнделік жазып жүрген ардақты ұстаз сол қиял, бала арманының шынайы шындыққа жанасып ұстаз болғандығын бүгінде мақтанышпен айта алады. Ақындық қабілеті басым ұстаздың қазақ тілі және әдебиеті пәнінен мұғалім болуына өлеңге деген құштарлығы әсер еткен. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде сынып жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған екен. Сол кісінің жетекшілігімен бірқатар мектепішілік байқауларға етене атсалысып, қатысқан. Мектеп бітірісімен Қазақ мемлекеттік Қыздар университетіне сонау Маңғыстаудан келіп оқуға түседі. Оқуды бітірісімен мамандығы бойынша мұғалімдік жолмен күні бүгінге дейін үздіксіз қызмет етіп келеді. Қаламы мен қағазы қолынан түспейтін мұғалімнің бүгінде 30 шақты өлеңі бар. Ендеше бір өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Өлеңім – өмір серігім
Ойымды тербеп бір асыл,
Жүректен шығар жыр-әнім.
Өлеңім-өмір серігім,
Тұп-тұнық мөлдір бұлағым.
Өлеңім – өмір ертегім,
Шабытты ұшқыр желкенім.
Мұңымды саған айтамын,
Сырымды саған шертемін.
Өлеңім – өмір базарым,
Көңілімнің әні – өлеңім.
Өзіңнен алған қуатты,
Өзіңе қайтып беремін.
Өзіңе қымбат көркемім,
Өзімдей асау тентегім.
Еркелегем жоқ ешкімге,
Алдыңда сенің еркемін.
Өзіңе аян мұңдарым,
Құпия қымбат сырласым,
Жанымның сен бір бөлшегі,
Жүректен шыққан жырларым!
Көбінесе өмірді жырлайтын ұстаз соңғы кездері поэзия ауылынан алыстап кеткенін айтады. Себебі жұмыс ауыр. Қағазбастылық салдарынан шығармашылық жұмыстарға уақытым тым аз дейді кейіпкер. «Біздің бала күнімізде мамандықтың ең құрметтісі мұғалім болатын. Мұғалімдерге біз қызығып әрі құрметпен қарайтынбыз. Сол себептен де болу керек — мен осы мамандықты таңдадым. Мұғалімдіктен керемет бір пайда тауып, асып-тасып, байып та кеткен жоқпын. Бірақ ешқашан өкінген емеспін. Мен оқушыларыма үнемі айтып жүремін: мұғалім болу, ол – адал еңбек. Сондықтан оны бағалай білу керек» — дейді, Ақкүміс Қалмұханқызы.
Көбінесе шығармашылық жұмыстар Елбасының «Рухани Жаңғыру. Болашаққа бағдар» мақаласында айтылған шараларға дәл келеді. Рухани жаңғыру бойынша мектептегі тәрбие сағаттары, пікірталас, қазақ тілі әдебиеті бірлестігі осы тақырыпта жұмыс істеп келеді. «Айта кететін тағы бір жайт, оқушылар әлеуметтік желілілерге байланып алған. Ешқандай көркем әдебиетке, кітапханаға бармайды, қаншама рухани дүниелерден құр қалып отыр. Соларға біз көмек бере алмай отырмыз, себебі баланың қасында үнемі ұялы телефон»- дейді уайыммен ел ертеңін ойлаған ұстаз.
Отбасында сүйікті жар, абзал ана, сүйкімді ене, үш немеренің әжесі болып отырған Ақкүміс Қалмұханқызы – өмірде жұрт қызыға да қызғана қарайтын бақытты жандардың бірі.
Гүлия Айтуған,
Білім айнасы
Алматы қаласы