Home » Білім және тұлға » Майдангер ұстаз – Ақтай Қабышев

Майдангер ұстаз – Ақтай Қабышев

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

Қабышевтер әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 280 жылды қамтиды. Ақтай Қабышевтың өзі болса – 30 жыл білім саласына адал қызмет етіп, Қазақ СССР-інің Халық ағарту ісінің үздігі атанған ұлағатты ұстаз, екінші дүниежүзілік соғысының батыры, еңбек ардагері.

Ақтай Қабышев 1919 жылдың мамыр айында қазіргі Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласы және ауылдық аймағының Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, Ермак ауданы Калинин совхозында мектеп директоры және математика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Меңгерген білімі мен бар ынта-жігерін шәкірт тәрбиелеуге арнамақ болған жас жігіттің алдағы мақсат-мұраты да асқақ еді. Алайда, қатал тағдыр сүйікті қызметіне жаңадан ден қойып, құлшына кіріскен жас ұстаз армандарының бір-ақ сәтте күл-талқанын шығарды. 1942 жылы соғыс басталды. Ақтай ұстаз да өзгелермен бірге елін, жерін қорғамаққа Қызыл әскерлер қатарына алынып, сонау қиыр шеттегі Камчатка, Владивосток, Курил, Жапон аралдары бағытындағы елді мекендерді неміс басқыншыларынан азат етуге аттанды. Өлім мен өмір арпалысқан қиян-кескі әскери шайқастарда от кешкен қайсар оғылан ерлігімен ерекшелене білді. Тек, 1946 жылы ол жеңіспен елге оралды. Сол жылы өзі еңбек жолын бастаған білім ордасына қайта жұмысқа орналасып, әдіскер, мектеп директоры міндеттерін атқарды. Сөйтіп, бұрынғы армандарын жүзеге асыруға батыл кірісіп кетеді. Ғұмырының 30 жылы тек ұстаздық мамандыққа арналды. Талай түлектің болашағына жолдама берген білікті, ардақты ұстаздың өмірлік тәжірибесі мен іскерлігі уақыт өте келе ауыл шаруашылығында да өзіндік маңызын тапты. Ол 11 жыл Қызылжар ауылының ауылшаруашылық директорының орынбасары қызметін атқарып, ел арасында зор құрметке ие болды. Зейнетке шыққаннан кейін де оны жерлестері ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлап, соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымын басқаруды тапсырды.

Ақтай Қабышевтің 41 жылдық қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады.

Ол – туған ауылы – Қызылжар совхозының құрметті азаматы, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, «За победу над Германией», «Маршал Советского Союза Г.К. Жуков», «Еңбек ардагері», «Президент Н.Ә.Назарбаев» және бірқатар мерейтойлық медальдермен қоса, екі мәрте «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісі және Білім және ғылым Министрлігінің «Құрмет» және «Алғыс хаттарының» иегері. Сонымен қатар, жауынгер-ұстаздың есімі Павлодар облысы ардагерлерінің құрмет кітабы мен «Кто есть кто» кітабында және Павлодар облысы Сарышығанақ ауылы Калинин кеңшарының қысқаша тарихи кітабына да енгізілген.

Ақтай Қабышев – аудан, облыс, республика деңгейінде танылып, өмірі мен еткен еңбегі өзгелерге үлгі болған қадірлі, зиялы, пайымы кең адам болған. Оның зайыбы әрі әріптесі – Шәкен апай да Қазақ ССР-інің Халық ағарту үздігі. Ақтай аға мен Шәкен апай Амангелді, Мұрат, Марат, Жұмабек, Қайырбек, Роза Салтанат, Орынбасар есімді 8 баланы дүниеге әкеліп, 13 немере, 14 шөбере сүйген, 69 жыл өмірдің қызығы мен шыжығын бірге бөліскен жандар. Шәкен ана — «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері.

Бүгінде, «асылдың тұяғындай» бірлігі мығым, беделді отбасының ұл-қыздарының арасында ата-ана жолын қуған Роза, Салтанат, Орынбасар апайлар да өз соңдарынан немере, шөберелерді қуана ілестіріп келеді. Тағылымды тәрбиеден сусындаған текті ұрпақ аяулы ата-ананың асыл қасиеттерін бойларына сіңіріп қана қоймай, өздерінен тараған балаларына да мұра етіп, әрдайым мақтан етеді.

 

Айгүл Молдаш

Білім айнасы

Павлодар қаласы

 

 

   

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.