Home » Ашық сабақтар » Л дыбысы және әріпі

Л дыбысы және әріпі

Н.С. Нурмагамбетова

Астана қаласы, Н.Әбдіров атындағы

№33 «Балабақша-бастауыш мектеп»

 кешенінің тәрбиешісі

Мақсаты: Л дыбысымен таныстыру.

Білімділік: құрамында Л дыбысы бар сөздерді талдау. Л дыбысын дұрыс дыбыстап, оның таңбасын, әріпін таныстыру. Л дыбысы бар сөз,с өйлем құрату.

Дамытушылық: ойын арқылы тілдерін, ой-өрістерін, сөздік қорларын, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік:өз ойларын еркін жеткізе білуге тәрбиелеу.

Оқу іс-әрекетінің көрнекіліктері: суреттер,текшелер.

Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, көрнекілік.

Оқу іс-әрекетінің түрі: ойын сабақ.

Оқу іс-әрекетінің барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

— Балалар, қанекей бүгінгі оқу іс-әрекетімізді бастамас бұрын бір-бірімізге жылы лебізімізді білдіріп, көтеріңкі көңіл- күй сыйлайықшы.

Қуанайын мен де,

Қуанасын сен де.

Қуанайық достарым,

Арайлап атқан күнге.

Өткен тақырыптарды пысықтау.

Ол үшін біз сендермен «Дауысты, дауыссыз дыбыстар» ойынын ойнайық. Мен сендерге дыбыстарды айтамын, ал сендер қолдарыңдағы көк, қызыл түсті дөңгелек-текшелермен дыбыстарды ажыратып айтып көрсетесіңдер (тәрбиеші өткен дыбыстарды айтады).

Негізгі бөлім.

— Балалар, бүгін бізге қонаққа Алдар көсе келіпті, ол бізге бір жаңа әріпті өзімен бірге ала келіпті. Бірақ ол бізге қандай әріп әкелгенін «айтпаймын» дейді, ол әріпті табу үшін біз мынадай тапсырмаларды орындауымыз керек.

— Тапсырмаларды орындаймыз ба? (балалардың жауаптары).

1-тапсырма.

— Мынау не? (Лақ)

— Лақ қай малдың төлі және ол қалай дыбыстайды? Лақ ешкінің төлі, ол мә-мә-мә деп дауыстайды

— Лақ сөзінде неше дыбыс бар? (3 дыбыс)

— Лақ сөзін буынға бөліп көрейік? (буынға бөледі)

— Неше буын бар? (1 буын)

— Сөздің басында қандай дыбысты естіп отырсыңдар? (хормен айтқызу)

— Л қандай дыбыс? (дауыссыз)

— Дауыссыз дыбысты қандай түспен белгілейміз? (көк)

«Кім жылдам?» дидактикалық ойынын ойнау.

Балаларға ойын ойнату арқылы тақтаға ілінген суреттегі заттардың атауларын атату.

Оларды буынға бөлгізу. Дыбыстың сөз басында, ортасында, аяғында келетінін баланың өзіне байқатып атату. Сөйлем құрату.

Тақтадағы суреттер:

 Дәптермен жұмыс.

Жазбаша жұмыс орындату. Дәптердегі Л әріпінің кіші және бас әріптерін үлгі бойынша жазады.

Сергіту сәті.

Шөре-шөре, лағым,

Тентек болма, шырағым.

Секектеме деміңді ал

Селтеңдемей кұлағың.

Дидактикалық ойын: «Ойлан тап!»

 1-ші себетке Л дыбысы бар суреттерді саламыз.

2-ші себетке Л дыбысы кездеспейтін суреттерді саламыз.

Қорытындылау.

— Балалар,бүгін бізге кім қонаққа келді?

— Алдар көсенің тапсырмаларын орындадық па?

— Сонымен, ол бізге қандай жаңа әріпті алып келіпті?

— Л дыбысы дауысты ма, дауыссыз ба?

— Жарайсыңдар, балалар, сендерге Алдар көсе де ризашылықтарын білдіріп жатыр.

— Ал, енді балалар, осымен бүгінгі оқу іс-әрекетімізді аяқтап Алдар көсемен қоштасайық.

Біз ақылды баламыз,

Айтқан тілді аламыз.

Бүгін келген қонаққа,

Сау болыңыздар деп айтамыз.

Күтілетін нәтиже:

Нені біледі: л дыбысы және әрпімен таныстыру.  

Қандай түсініктерді игерді: л дыбысы кездесетін сөзге мысал келтіртіп, сөйлем құрату.

Меңгерген дағдылары мен іскерліктері: сөздік қорларын толықтыру, ойын жеткізе білуге баулу.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.