Home » Мақалалар » Латын әліпбиіне көшу – өмір талабы

Латын әліпбиіне көшу – өмір талабы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде халыққа жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» — деп ерекше тоқталып, бұл өзекті мәселені жеделдетіп іске асыру жайын атап өткен болатын. Келешегі кемел, болашағы сәтті қадамға жол тартқан ауқымды құжатта елдік пен ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың өзекті де маңызды тұстары қарастырылған. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданғаны баршамызға белгілі. Сонау тарихтың қатпарлы қойнауына көз жүгіртер болсақ, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін қолданысқа ие болып, кейіннен барып кириллицаға ауыстырылғанын жақсы білеміз. 1940 жылдың 13 қарашасында «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң өз күшіне енген болатын.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: “2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды – бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз”, – деп мәлімдеді. Өйткені, бұл күрделі мәселе – халық үшін, ұлттың болашағы үшін ойластырылған маңызы зор мәселе деп пайымдағанымыз жөн.

“Ғылым таппай мақтанба” деп ағартушы-демократ Абай атамыз айтқандай, бүгінгі күні осы даналық сөздің үлгісімен “Латын білмей мақтанба” деген лексикалық бірлікті орынды қолдануға болады. Себебі, бар ақпарат, ғылыми жаңалықтар ағылшын тілінде, латын қарпімен жарық көріп жатқандығы белгілі ғой. Бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған барлық жаңалықтарды оқып, біліп жүрмесек, жан дүниеміз қараңғылықта қалатыны даусыз. Бүгінгі таңдағы күрделі мәселе – латын әліпбиіне көшу тұрғысындағы екіұдайлы пікірлерден арылу. Бұл түсінбестікті азайтып, керісінше, бұл құндылықтың аса қажет екенін ұғынғанымыз абзал. Себебі, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз туралы нақты белгіленген. Ел арасында өзіндік ой айтып, бұл маңызды бастамаларды жоққа шығарып жүрген саясаткерлердің де, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың да бір тұжырымға келе алмай жүргенін көзіміз шалып қалады. Бірақ Елбасының “Латын әліпбиі – заман талабы” деген сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін саяхаттап, өзге елдің ғаламат жаңалықтарымен бөлісіп, білім деңгейі өзгемен иық теңестіретіндей дәрежеге жететінімізге кәміл сенуіміз керек.

Латын тілі – жалғыз Қазақстанның ішінде жобаланған саясат емес, бұл бүкіл дүние тілдерінің тұғыры. Қазіргі ағылшын, француз, неміс, италиян секілді өркениетті елдердің тілдері терең бастауын сол латын тілінен алатындығын ескеруіміз қажет. Сол үшін әліпби жасауда таза латын тілінің өз заңдылықтарын негізге алғанымыз жөн. Сонымен қатар, орыс тілінің ықпалынан бүтіндей арылуымыз керек, яғни қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген кирилл әліпбиін жаңа латын әліпбиімен ауыстырып, ескіден жаңаға, яғни таза латын қаріптеріне негізделген әліпби жасауымыз керек. Әлемдік кеңістікте кең өріс алған ағылшын тілінің дүниені жаулауына байланысты, соның тілдік заңдылықтарына да көңіл бөлмесек болмайды. Дәл осы тұрғыдан алып қарағанда, таза 26 таңбадан қазақ әліпбиін жасаған жөн деп есептегеніміз дұрыс.

Дүние жүзінде тіл саясаты деген бар, ол саясаттар тілдер арасындағы шайқастардың негізі, бір-бірін әлсірету үшін барынша кедергілер жасау жолдары қарастырылады. Ал ең жиі қолданылатын тәсілі – әліпбидегі ерекше таңбаларға қойылатын кедергілер. Осы тұста 26 таңбалы латын әліпбиіне ешкім дау жасап, тілдік заңдылықтар мен қағидаттарына ешқандай тосқауыл қоя алмайтындығы айдан анық. Оның үстіне, қарыштап дамып келе жатқан жаңа технологиялар мен инновациялық идеялардың қарқынды жүзеге асырылуы мен меңгерілуіне оңай әрі тез септігін тигізеді деп түсінгеніміз дұрыс. Әр түрлі құжаттарда аты-жөніміз, тегіміздің жазылу сынды мәселелер латын әліпбиінде шешімін тауып, толыққанды және түсінікті етіліп жазылатын болады. Бүгінгі күні қолданыстағы кириллицада кейбір азаматтар мен азаматшалардың есімдері немесе тегінің жазылуында ақаулар кетіп, көптеген кедергілерге еріксіз байланып, өкінішке бой алдырып жүргені ақиқат. Ал латын әліпбиі қолданысқа енген тұста бұл сауатсыздықтар мен қиындықтарға тоқтау қойылады деп тұжырамдағанымыз абзал. Бұл – тіліміздің әлем кеңістігінде кедергісіз шалықтап, ғажап көрінісін дамытып, өзге тілдерден аудармалар жасау үшін де оңтайлы тұстарымен мүмкіндік береді. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиі мен идеасын басшылыққа алғанымыз – ұтқыр шешім, өйткені ол осыған дейінгі ең дұрыс әрі ғылыми дәлелденіп жасалған әліпби болып табылады.

Дүниедегі тілдердің барлығы латын тіліне бастайтын сара жол секілді. Бұл тілдің ғылыми әрі көркем жасалғаны соншалықты, одан кемшілік іздеудің өзі қылмыс секілді көрініп тұрады. Жасалған алфавитінің тұғырының беріктігі соншалықты, екі мың жыл бойы ешқандай өзгеріске ұшырамай қаз қалпында сақталғанына бас шайқамау мүмкін емес. Сондықтан да болар, сөзімізді жандандыра түсер бір ақиқат: қазіргі таңда дүниедегі тілдердің 70 пайыздан астамы осы латын алфавитінде сөйлейді. Сол себепті қай тілдің болмасын латын әліпбиінде жазылуының өзіндік мәні бар, ол – өзіндік бір мәртебе.

Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» — деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл – бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан.

Жазу – әрбір елдің, халықтың рухани мүддесі, әлеуметті мәні қарыштап қанат жаятын құбылысы. А.Байтұрсыновтың: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген ғажап болжамын негізге ала отырып, Елбасының сындарлы саясатына қолдау көрсетіп, бір ауыздан мақұлдап, ел үшін ортақтасқан аса маңызды қызметке атсалысқанымыз абзал.

Баймырза Қожамберлиев,

«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

МКДППҚЕ кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы

Шыңғыс Бекенов

МКДППҚЕ кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.