Home » Мақалалар » Латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениетке ілесу немесе жаңалықты жатырқамайық

Латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениетке ілесу немесе жаңалықты жатырқамайық

     «Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылады. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби — «Біртұтас түркі әліпбиін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кирилл әліпбиіне ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиінен кирилл графикасы негізіндегі жаңа әліпбиіне көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің алфавитін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.

Кезінде Елбасы — Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын Науайы атындағы жалпы орта мектебі ұжымы елдің толғауы ретінде қабылданған еді. Елбасы бұл мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін толығымен латын әліпбиіне көшіру мәселесін қойды.

Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірегейі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп есептейміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Латын алфавитіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданыстағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ еліміз үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Латын әліпбиіне көшу іс-шараларының барлығы бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін айтуымыз керек. Дүние жүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліппиінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латын алфавитіне көшудің пайдасы өте көп. Сондай-ақ, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосады деуге болады.

Сондықтан Қазақстанның латын алфавитіне көшуі еліміздің болашағы қандай бағытта дамуын көрсететін бір белгісі деп қарастырсақ та болады. «Осындай маңызды саяси және мәдени өзгерістерге біздің көзқарастарымыз, пікірлеріміз қандай болу керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Біріншіден, біз, сөзсіз, Елбасының бұл саладағы реформасын қолдаймыз. Екіншіден, біз өзіміздің ежелгі дәуірлерден бастап жазу мәдениетіне ие ұлттардың бірі екенімізді ұмытпауымыз керек. Түркі тілді халықтар да сан ғасырлар бойы алуан жазуды қолданып келгені бәрімізге аян.

Үшіншіден, латын алфавиті кирилл алфавитінен ерекшеленетін, бөгде бір системадағы алфавит емес. Олардың келіп шығуы, яғни бұл алфавиттердегі әріптерде жалпы түрінде, жазылуында орталықтар бар.

Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары көбейген тұста ғаламтор желісін пайдаланушылардың латын тіліне қажеттілігі артпаса кемімейтіні анық. Екіншіден, бұл идея түркітілдес халықтарды біріктірудің басты көзқарасы болып табылады.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егемен мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Бұл рас. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазіргі қолға алынып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс.

Науайы атындағы жалпы орта мектебі педагогикалық ұжымы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 жарлығымен бекітілген «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін» қолдау мақсатында іс-шара жоспарын дайындап, ауқымды жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, 3 қараша күні «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін» қолдау мақсатында мектеп педагогикалық ұжымы және ата-аналармен жиын ұйымдастырылса, 6 қараша күні «Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың жарқын болашағы» тақырыбында мектеп оқушыларымен дөңгелек үстел өткізілді.

«Латын әліпбиіне көшу – еліміздің рухани өміріндегі елеулі қадам» тақырыбында әлеуметтік желі парақшаларында түсіндіру жұмыстары жүргізілді және бұл үрдіс жалғасын таба береді деп толығымен айта аламыз.

Қорыта айтқанда, латын қарпіне көшу біздің қоғамымыз үшін аса қажет дүние. Бұл – әлемдік үрдіс. Дүние жүзі осыған бара жатыр. Біз жеке арал болып, өзімізбен өзіміз қала алмаймыз. Қайта соған ене білуіміз керек. Кейінгі ұрпақтың санасына сіңіргеніміз жөн.

 

Марат Ушибаев Исмайлович,

Науайы атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары,

ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР журналисттер одағының мүшесі,

Созақ ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.