Home » Балабақша » Латын әліпбиіне көшу – еліміздің рухани өміріндегі елеулі қадам

Латын әліпбиіне көшу – еліміздің рухани өміріндегі елеулі қадам

Қ.Р. Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірде “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: ”Бірінші қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық” деп айтқан еді. Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында “Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – қазақ елі болып шешуге тиіс принципті мәселе. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешімге келуге тиіспіз, және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең басты қазақ тілін жаңғыруға жағдай туғызады”- делінген.

Жаңа әліпби, яғни латын әліпбиіне көшу бізге балаларымыздың болашағына зор мүмкіндіктер сыйлап, жаңа жетістіктерге жол ашатыны анық. Себебі, ең бірінші латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытумен бірге қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Екіншіден, латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Әліпбидің өзгеруі тіліміздің халықаралық деңгейге шығуына және ғылыми техникалық прогрестің жетістіктеріне жол ашатыны сөзсіз.

Тарихқа көз жүгіртсек, біз үш әліпбиді ауыстырыппыз. Латынға өтуді кезінде Алаш көсемдері де жақтаған. Түркияның президенті Ататүріктен бастап, Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан да қолдаған. 1929 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедовтар ұлт мүддесі үшін латын әліпбиін қазақ тіліне үйлестіріп жасауға мемлекет қайраткерлері ретінде тікелей атсалысқандары белгілі. Ол кезде бүгінгідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықтарды еңсере білді. Тіпті, алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер де болды. Ал, бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбітшілік заман орнады. Шынымен де, бүгінде біз өмір сүріп жатқан ел қуатты мемлекетке айналды. Жастарымыздың көбісі ағылшын тілін жақсы, жетік меңгеруде. Қазіргі кезде білім саласындағы жаңа реформаның жүзеге асырылуы да, яғни жаңартылған білім мазмұны осы латын әліпбиіне көшу де өз үлесін қосады. Латын әліпбиін енгізу – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және дамыған елдердің қатарына енуіне, жаңғырту реформаларына толығымен сай келетін және ажырамас бір бөлігі болып табылатын практикалық сындарлы қадам. Демек, Тәуелсіз мемлекетіміздің жаһандық деңгейде дамуына жол ашатын латын әліпбиіне көшудің ғаламат жағдайы туып отыр.

Біз мұны “Қазақстан-2050” Стратегиясының басты мақсаттарына қол жеткізудің және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кірудің бірден-бір мүмкіндігі деп танимыз. Сондықтан Елбасы Н.Ә. Назарбаев “Қазақстан-2050” стратегиясында Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілді игереді деп болжады. Яғни осы мерзімде тұтас халық тілді жаппай игеріп алған кезде, біз де латынға жеңіл көше аламыз. Бұл жағын ескергенде Елбасымыздың үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз керек.

Латын әліпбиіне көшкенде ұтатын тұстарымыз төмендегідей:

  1. Тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді.
  2. Қазақ тілін оқытқан уақытта, басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.
  3. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тілінде компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдар ашылады.
  4. Түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми экономикалық қарым-қатынасты тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да қазақ еліне пайдасы зор екендігін айтқым келеді.                                                                                        

Қысқасы, латын әліпбиіне көшуімізге еш күмән жоқ. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл”, “Көз-қорқақ, қол-батыр”,- деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты нық қадаммен алға басайық!

                Якуб Жазира,

Үш тілде оқытылатын мамандандырылған

№1 мектеп-интернатының тәрбиешісі, ОҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.