2019 жылдың 14-15 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибе орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбында республикалық семинар өтті.
Латын негізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерін оқыта, түсіндіре алатын білікті мамандар дайындауды мақсат тұтып отырған республикалық семинарға Нұр-Сұлтан қаласы балабақшаларының қазақ тілі педагогтары қатысып, осынау тарихи сәттің куәгері бола отырып, арнайы сертификат алды.
Семинар жазылым және оқылым дағдыларын меңгертуге бағытталды. Жазылым тапсырмалары қолдағды қалыптастыра отырып, емле ережелерін меңгертеді. Ал оқылым тапсырмалары көздағды қалыптастыру арқылы оқуға баулитындығы баршамызға мәлім.
Семинар жұмысын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы, филология ғылымының кандидаты А.Фазылжанова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының аға ғылыми қызметкерлері С. Омарова, С. Кенжемұратова, Б. Исқақова және ғылыми қызметкер Д. Оспанова жүргізді.
Мамандар ауызша тіл мен жазба тілдің ара — жігін ашып, нақты түсініктер беріп екі күнге созылған семинар қатысушыларының «Ауызша тіл мен жазба тіл ұғымдары», «Қазіргі айтылым нормалары мен жазудың арақатынасы», «Жаңа қазақ әліпбиінің графикасы мен құрамы», «Бірге жазылатын сөздердің емлесі», «Дефиспен жазылатын сөздер емлесі», «Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы», «Бас әріппен жазылатын сөздердің емлесі» тақырыптары бойынша білімдерін жетілдірді.
Жаңа әліпбидің ұтымды тұстарын атап көрсеткен лингвистер жазба тілдің өз заңдылығы, ауызша тілдің өз заңдылығы бар екендігіне тоқталды. Біз дұрыс жазуға көп мән беретіндігіміз, орфоэпия мүлде тыс қалып жатқаны туралы біздерге ой салды. «Тіл мәдениетін меңгеру – адамның сәби шағынан іске асатындығын, адамның ойы тілден көрінетіндігіне тоқтала келіп, сондықтан да алғашқылардың бірі етіп балабақша педагогтарын оқытуды жөн көрдік», — дейді ұйымдастырушылар .
Латын әліпбиін меңгеру барысында тіліміздің ерекшеліктерін анықтап көрсететін өзгерген тұстары бар екендігін, шет тілінен енген сөздердің жазылуы, қосарлы дыбыстар жазылып келген сөздердің жазылуында ерекшеліктер бар екендігін тереңірек түсіндік.
Біз, балабақша педагогтары дәрісті емле ережесін жасаған мамандардан алғанымызға , латын графикалық жаңа әліпби мен жаңа емле ережелеріне қатысты көкейімізде жүрген сұрақтарға толық жауап алғандарымызға өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушы мен мамандарға алғысымызды айта отырып, біздер болашақта жұртшылыққа латын әліпбиін түсіндіру, меңгеру бағытында жұмыс жасайтынынымызға кәміл сенемін.
Шинтаева Күлзипа Сауранбекқызы,
№ 95 «Алматы» балабақшасының қазақ тілі педагогы