Home » Ашық сабақтар » Ұлыстың ұлы күні!

Ұлыстың ұлы күні!

Мақсаты: 1.Білімділік: оқушыларға Ұлыстың ұлы күні туралы және дүниежүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлауы туралы толық мағлұмат беру.

2.Дамытушылық: халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, ой-өрелерін, адами құндылықтарын дамыту.

3.Тәрбиелік: ұрпақ санасына халқына деген мақтаныш сезімін ұялату, ана тілін, оның тарихын, өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Ұлттық киім үлгілері, ұлттық тағам түрлері, тақырыптық бейнеролик.

Түрі: танымдық

Тәрбиелік шараның барысы: Ұйымдастыру бөлімі : 1-ж: Құрметті ұстаздар, қонақтар, оқушылар!

Бүгінгі «Ұлыстың ұлы күні!» атты мерекелік тәрбиелік шарамызды ашық деп жариялаймыз. Наурыз айы – Шығыс күні есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Бұл айда күн мен түн теңеледі, сол себептен Наурыз – жыл басы болып саналады.

Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,

Тәлімді ой, тәрбие көзі қалдырған.

Салт-дәстүрді ардақтайық ағайын,

Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.

Наурыз – думан басталды,                                                                                                   Ұштасқан оймен мәңгілік.

Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға,

Келе жатқан жаңғырып,

Наурыз – жыл басы! – дей келе, ендігі кезекте Наурыз мерекесінің шығу тарихына тоқталсақ.

(Оқушылар мейрам тарихын слайд арқылы баяндайды)

2-ж: Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Бұл бүгінге дейін жер шарындағы көптеген шығыс халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отыр. Бұл – күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстінде шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз сөзі парсы тілінің «Нау – жаңа», «руз – күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «Наурыз» сөзі біріншіден жыл басына байланысты думанды халықтық мейрам, екіншіден Наурыз айы, үшіншіден Наурыз күні жасалатын көжеге қатысты айтылған. Ендеше,тақырыптық бейнеролик тамашалап, мереке сырына терең үңілейік.

Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі (бейнеролик)

1-ж: Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, көктем келеді. Адамдар бір-бірімен көрісіп, жер аяғы кеңіп, шаруаға ең қолайлы уақыт басталады. Жер-Ана адамдарды мейірім шуағына бөлейді.

Наурыз қайтып оралды аты да аңыз,                                                                                     Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз.

Үй – дастархан, даламыз – сахнамыз,                                                                                                 Ұлы мейрам Наурызды қарсы аламыз, – дей келе, Наурыз мейрамындағы қазақ дастарханына қойылатын ұлттық тағамдарға кезек берейік.

Көрініс « Наурыз қонақтары».

2-ж: Аманбысың, ардақты халқым менің,                                                                                       Ардақта Наурыз тойын, салтыңды елім.                                                                                                        Мереке басы болсын берекенің,

Игі еңбектің жемісін бәрін жегін!                                                                                        Наурыз тойға жиналған халқым менің,

Бәріңнің ойға алғаның жарқын сенім.

Бүгінгі той, ертеңгі ардақты ісің,                                                                                                Ғажап болсын таппайтын тепе-теңің.

Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көжеге арнап «Қазақтың дастарқаны» әнін шырқайық.

1-ж: Қиыры жоқ менің байтақ далама,                                                                                              Әсем, көркем ауылыма, қалама.                                                                                                           Наурыз келді дүр сілкінтіп жерімді,                                                                                                      Сырлы күйге құлақ түрмей бола ма? – дей келе, кезекті ұлттық аспабымыз домбыраға кезек берейік.

Күй орындалады.

2-ж: Халқымыз батаға ерекше мән берген. Ендеше, мұндай ұлы күнде батасыз орта толмас.

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін, – деп, Наурыз күні үй аралап бата беретін, сән -салтанатымен ортаға келген Қыдыр атамыздан бата сұрайық.

«Наурыз бата»

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын,

Уайым-қайғы жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Әр күніміз жақсылыққа толсын!

Қорытынды:

Наурызды тәңір бізге нәсіп еткен,

Мейірімі таныс деп тасып өткен.

Наурыз сән-салтанат, ұлттық рух,

Бақытты наурызы бар халқым неткен!

Бұл күн – біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі.

 

Қуанова Бибігүл Зұлқашқызы,
БҚО, Орал қаласы
дарынды балаларға арналған мамандандырылған
ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің
тәрбиешісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.