Білім саласы: «Коммуникация»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Сөйлеуді дамыту
Мақсаты:
Білімділігі: Балалардың қыс мезгілі туралы білімдерін кеңейтіп, сөздік қорын байыту. Сұраққа нақты жауап беріп, сурет мазмұнына сай әңгіме құрап айтуға үйрету. Қысқы ойындарды әңгімелеп айтуға баулу. Қыс мезгілінде ойналатын ойындарды, сырғанауға арналған заттарды ажырата білуге үйрету.
Дамытушылығы: Табиғат көрінісін сипаттап, қызықтарын әңгімелету арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілігі: Бір-біріне қамқор болуға, ұйымшылдықпен ойнауға тәрбиелеу.
Әдісі: Сұрақ-жауап, әңгімелеу, жұмбақ шешу, тапсырмалар орындау, ән айту.
Көрнекілігі: Қыс суреттері, аққала, қағаз, ойын суреттері, бейне мәлімет, ойын
құралдары (шана, шаңғы, коньки ).
Пәнаралық қатынас: қоршаған орта, математика, музыка, дене шынықтыру.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
— Балалар, бүгін бізде ерекше күн. Қане, орнымыздан тұрып, апайлармен амандасып алайық.
Шаттық шеңбері
Армысың, Алтын күн!
Армысың, Жер Ана !
Армысың, көк аспан!
Армысың баршаға!
Жылуыма жылу қос,
Міне менің қолым.
І. Кіріспе бөлім
Жұмбақ шешу:
Көзіңе көрінбейді,
Тоңдырып қызартады.
Күні-түні ерінбейді,
Өзенге мұз артады. (Аяз)
-Балалар, аяз жылдың қай мезгілінде болады?
— Қыс мезгілінде болады. Қыс айларын білесіңдер ме?
— Желтоқсан, Қаңтар, Ақпан
— Қыс мезгілінде ауа-райы қандай болады?
— Салқын болады, беті-қолымыз тоңады. Қар жауады, боран болады.
— Қыста біздер қалай киінеміз?
— Жылы киімдерімізді киеміз.
— Қандай қысқы ойындарды білеміз?
— Аққала соғамыз, шанамен сырғанаймыз, шаңғы, коньки тебеміз. Хоккей ойнаймыз.
Ал енді балалар, назарымызды теледидарға аударайық.
Бейне мәлімет: Теледидардан қысқы ойын-құралдарымен бірге ойналатын ойындар көрсетіледі. Сұрақтар қойылады.
–Балалар, біз не көрдік?
— Қандай құралдар бар екен?
— Бұл ойындарды қайда ойнайды?
ІІ. Негізгі бөлім — Дұрыс айтасыңдар. Қарлы боранымен, сықырлаған аязымен қыс та аяқталып қалды. Бірақ біз қыстан қорықпаймыз денемізді шыңдаймыз, жылы киінеміз. Сырғанап ойнап, аққала жасаймыз. (Есік тықылдатып, музыкамен Аққала келеді) — Қараңдаршы, балалар, бүгін бізге қонаққа аққала келіпті.
Аққала:
—Сәлеметсіңдер ме, балалар? Мен сендерге қонаққа келдім. Көптеген тапсырмалар ала келдім. Балалар аққала бізге құр келмепті, көптеген тапсырмалар ала келіпті. — Қане, балалар олай болса аққаланың әкелген тапсырмаларын бірге орындайық.
Аққаланың тапсырмалары:
1 тапсырма: Сурет бойынша әңгіме құрастыру.
2 тапсырма: Қыс туралы тақпақ айту.
— Ал, ендеше балалар қыс туралы тақпақ білсек айта қояйық. (Балалар өздері білетін тақпақтарын айтады)
1-ші бала
2-ші бала
3-ші бала т.б.
3 тапсырмасы:
Сергіту сәті — Балалар, ендеше орнымыздан тұрып бойымызды сергітіп алайық.
Боран соғар оң жақтан,
Боран соғар сол жақтан.
Қар лақтырып ойнасақ,
Су өтер мына қолғаптан. (Қимылмен көрсету)
4 — тапсырмасы: «Қайсысы артық» дидактикалық ойыны.
Үстел үстінде әр мезгілдің киімдері ілінеді, осы киімдердің ішінен артық киімдерді табу керек. Табылған артық киімдерді қай мезгілде киетінін сұрау.
5 — тапсырма:
«Не артық» (Қысқы ойынға жатпайтын ойын құралын табу)
6 — тапсырма: «Аққала» дидактикалық ойыны.
Ойын шарты: үстел үстінде жартылай қиылып жасалған аққала бөліктері ілінеді. Үстел үстінде қалған бөліктері: басына киетін шелегі, аузы, қолы, сыпырғышы, ілгегі сияқты суреттері жатады. Балалар осы бөліктерді алып, артындағы сұраққа жауап беріп іледі.
Аққаланың неше бөліктен тұратынын, қандай геометриялық фигуралардан құралғанын, оны неден жасайтынын айтады.
Оқу іс — әрекетін қорыту: — Қыс мезгілі сендерге ұнай ма? — Қыста ойнайтын қандай ойындарды білесіңдер? — Қардан не жасаймыз? — Сырғанаққа бару үшін қалай киіну керек? Мадақтау: Балалар, сендер бүгін сабаққа өте жақсы қатысқандарың үшін аққала сендерге рахметін айтып жатыр. Ол сендерге естелікке өзінің кішкентай суреттер сыйламақшы….
Бугенбаева Тажида Асанбайқызы
№19 орта мектеп тәрбиешісі
Қостанай облысы, Рудный қаласы