Home » Балабақша » Көжекке анасын табуға көмектесейік (ойын-сауықтыру шарасы)

Көжекке анасын табуға көмектесейік (ойын-сауықтыру шарасы)

Мақсаты: гимнастикалық орындықтың үстіне етбетінен жатып, алға қарай екі қолымен тартыла ішпен жылжып, еңбектеуге үйрету, жерде жатқан қос жіптен (15-30см) қос аяқпен секіру, сапқа шеңбер жасап тұру, музыка ырғағымен бірінің артынан бірі, аяқтың ұшымен, өкшемен жүруді жалғастыру, түрлі кедір-бұдыр дәстүрден тыс кедергілерден өту кезінде майтабандықтың алдын алу, ептілікке, шапшаңдыққа, батылдыққа баулу, жаттығулар арқылы аңдарға деген мейірімділігін арттыру.

Керекті құрал-жабдықтар: гимнастикалық орындық, жіптер 3-5 м. 2 дана, сәбіз салынған себет, құрсаулар. Дәстүрден тыс түрлі кедір-бұдыр жабдықтар.

Сауықтыру ойын-сауықтыру шарасының барысы.

Балалар саппен музыка ырғағымен залға кіреді. Шеңбер жасап бірінің артынан бірі жай жүріспен аяқтың ұшымен, өкшемен жүреді.

Тәрбиеші: Балалар байқадыңдар ма, бізге көжек келіп отыр екен, өзі көңілсіздеу ме қалай, жақындап барып білейік.

Балалар алдымызда кішкене көпшік бар екен, көжекке жету үшін аяғымызды суға батырып алмай, қос аяқтап, секіріп өтуіміз керек. 3 рет.

Жарайсыңдар, балалар, міне, біз көжекке де жеттік.

Кәне, көжек не болды бізге айтшы.

Көжек: Сәлеметсіздер ме, балалар мен анамнан рұқсатсыз қыдыруға шығып, адасып кеттім. Анама барғым келеді, тоңып та кеттім.

Тәрбиеші: Балалар, көжекке анасын табуға көмектесеміз бе? Алдымен көжекке жылынуға көмектесейік.

Дамытушы жаттығулар.

«Қолымызды жылытамыз» — бастапқы қалып — аяқтарын алшақ қойып, қолдарын алға созу.

«Алақандарын ысқылау» қолдарын төмен түсіру, 4 рет.

«Алақанымыз қайда екен?» — б.қ. жоғарғыдай қолдарын алға созып, алақандарын көрсетіп, алақандарын артқа тығу, 4 рет.

«Көжектің құлағын жылытамыз» — б.қ.-аяқтарын алшақ қойып, қолдары төменде. Қолдарын бастарынан асыра көтеріп, қол буын сүйектерін майыстыру — алға, артқа, 3-4 рет.

«Көжекпен демалу» — б.қ. аяқты алшақ қойып, қолымыз төменде. Тізені бүгіп отырып, екі алақанымызды біріктіріп, бетімізге тақап көзімізді жұмамыз — 3 рет.

«Көжекпен ойын» — б.қ. екі аяқты қосу, шынтағымызды бүгіп қолымызды кеудемізге тақап қоянша секіру, 5-6 рет. Тұла бойы жылынып, қоян шықты ойынға. Қызығып тұр біздермен, жаттығулар жасауға.

Тәрбиеші: Көжек жылынды, енді бәріміз бірігіп, анасын тауып алайық.

Енді, балалар, көптеген кедергілер бар, сондықтан батыл, жеңіл, күшті және сақ болыңдар.

«Түрлі кілемшелерден өту» (Майтабандықтың алдын алу)

«Үйшіктен өту» (еңбектеуге жаттықтыру)

Гимнастикалық орындықтың үстінде етбетінен еңбектеу 2-3 рет (балаларды мадақтау)

Тәрбиеші: Міне, балалар, біз көжектің үйіне жеттік (қоян ана шығады)

Қоян ананың сөзі: Рақмет, балалар. Менің көжегіме көмектескендеріңе, сендер де аналарыңның айтқанын тыңдап жүріңдер. Міне, сендерге сыйлығым (сәбіз салынған себет береді) «Сәбіз тереміз» ойын жаттығуы.

Абдрашева Нұрлы Ұзақбайқызы,
 «Балдырған» МКҚК» балабақшасының тәрбиешісі,
Жымпиты ауылы, Сырым ауданы, БҚО

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.