Home » Оқу-әдістемелік материалдар » КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ДИАЛОГТЫҚ ОҚЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ДИАЛОГТЫҚ ОҚЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Рахым Арайлым Қайыргелдіқызы,
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филология магистрі

 

Қазіргі таңда білім жүйесінде реформалаудың басты мақсаты – білімді игеруде күтілетін нәтижелерге қол жеткізу. Мұнда басты назар мұғалімнен жеке тұлғаға ауысады. Бұл мезетте тұлға өзінің өмірлік проблемаларын тиімді және рухани тұрғыдан шеше білуге және өмірде қолдана білуге үйренеді. Жеке тұлға бұрын білімді қабылдаушы, жинақтаушы рольдерін атқарса, жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады. Сондықтан жеке тұлғаны осы рөлдерді атқаруға лайықтау үшін оның жаңа бейнесін заман талабына сай дайындауымыз қажет.

Соңғы уақытта қай елде де болсын білім беруді дамытудың тиімді жолдары қарастырылуда. Өйткені, заманның өзі соны талап етіп отыр.

Оқытушының негізгі принциптерінің бірі – оқыту әдісін жаңа арнаға бағыттау, тиімді технологияларды қолдану. Осыған байланысты жаңашыл педагогтар монологтық әдістерден гөрі диалогтық оқытудың тиімділігін алға тартады.

Педагогикада оқытудың түрлі моделдері қарастырылады:

  • Пассивті – оқушы тыңдайды және қадағалайды
  • Активті – оқушы өзіндік жұмыс атқарады, шығармашылықпен айналысады
  • Интерактивті – өзара әрекеттестік.

Осылардың ішінде көптеген оқытушылар екінші моделді ұстанады. Яғни сабақ барысында оқушының белсенділігін арттыруға, шығармашыл тұлға қалыптастыруға басты назар аударады. Әрине, бұл дұрыс ұстаным. Бірақ мұндай жағдайда оқушының жеке дамуы ғана есепке алынатынын ұмытпаған жөн. Ал, интерактивті модель оқушының тұлғалық өсуін ғана емес, кері байланыс жасауға, яғни қоғамда қалыптасуына да әсер етеді. Баланың ой бөлісуі, ортақ шешім шығара алуы, топ мүшелерімен қарым-қатынасы, ақпаратты қабылдау, жинақтау, дәлелдеу секілді қасиеттері дамытылады.

Диалог дегеніміз – екі жақты қатысушылардың ақпарат алмасу процестерін қамтитын сөйлеу түрі. Оқушының логикасын дамытып, талдай білуге, сыни ойлануға, анализ жасауға дағдыландыру диалогтық оқыту арқылы жүзеге асырылады.

Диалогтық оқыту жайында зерттеген Р.Александер былай дейді: «Оқытудағы әңгіме – қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, әңгіме барысында идеялар екіжақты бағытта жүріп, соның негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжитын белсенді үдеріс» [1]. Шынымен де, сабақты талдау бір адамның ғана пікірі арқылы жүргізілсе, онда бастапқы деңгейден жоғарылай алмаймыз. Ал егер ойдан ой туып, үлкен талқылауға ұласса, қорытындыда табысты нәтижеге жетуге болады. Р. Александер білімді игерудің бес үлгісін анықтай отырып, зерттеушілік әңгіме, дәйектеу және диалогтың студенттердің жоғары деңгейде ойлауын жетілдіріп, зияткерлік қырларын ашуға мүмкіндік беретінін көрсеткен.

Оқу үдерісіндегі диалогтың  маңыздылығын зерттеген Мерсер мен Литлтон (2007) сабақ барысында оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, білім деңгейін көтеретінін айтқан [1]. Әрине, өзара қарым-қатынас арқылы талқылау нәтижесіндегі бірлескен жұмыс оқушылардың танымына да әсер етеді. Оқу процесіндегі оқушылардың бірлескен әрекеті үлкен нәтижелерге жетелейді:

  • тақырып бойынша өз ойын ашық айта алады;
  • бірнеше адамның белгілі бір мәселеге қатысты әр түрлі пікірі болатынын түсіне алады;
  • өз пікірлерін дәлелдеуге тырысады;
  • бір-біріне сұрақ қоя отырып, пікір алмаса алады.

Мерсердің зерттеуі бойынша әңгіменің үш түрі – әңгіме-дебат, кумулятивтік және зерттеушілік әңгіме қолданылады. Кәсіби білім беруде зерттеушілік әңгімеге басымдылық берген дұрыс. Өйткені ұжымдық жұмыс арқылы табысқа жету үшін әңгіменің зерттеушілік түрі жүзеге асырылады.

Диалогтық оқытуда Л.Харгривс пен М.Гэлтонның тұжырымдамалары есепке алынады. Олар мұғалім сұрақ қойғаннан кейін оны қайталап немесе сол сұрақты өзге студентке қоймас бұрын бірнеше секундттай кідіріс жасау қажеттілігін баса көрсеткен. Л.Харгривс пен М.Гэлтонның алты параметрі – оқушылар жауабының ұзақтығы, ерікті жауаптардың саны, сұрақтардың жиілігі, қабілеттері төмендеу студенттердің жауап саны, «оқушы-оқушы» әдісі бойынша өзара іс-қимыл және пікірталас тудыратын жауаптардың жиілігі терең мазмұнды жауап алуға жетелейді [1]. Жоғарыда аталған ғалымдардың тұжырымдары мен зерттеулері кәсіби білім беруде диалогтық оқытудың маңыздылығын байқатады.

Алайда сабақты толығымен диалог негізінде жоспарлау қиын. Себебі, сыныптағы балалардың деңгейі әр түрлі: барлығы бірдей қарым-қатынасқа тез түсе қоймайды. Сондықтан кәсіби білім беруде осыған назар аударған жөн. В.С.Библердің «В основе диалогического обучения – отношения взаимного уважения, доверия, естественности и открытости и его основное средство взаимосвязи – диалогическое взаимопонимание как способ и взаимораскрытия, и взаимоутверждения, и взаиморазвития» деген тұжырымы да соған дәлел болып отыр [2].

Диалогтық оқытуда барысында оқытушылар келесі әрекеттерді орындауы тиіс:

  • диалогты әрбір сабақтарында қолдануы тиіс;
  • диалог негізінде өзекті мәселе жататынын естен шығармауы керек;
  • оқушының жауабы – оның өзіндік құнды пікірі, сол себепті оны құрметтеу керек;
  • топтық жұмысты жан-жақты ойластыруы қажет.

Осыған сәйкес, оқушылар да төмендегі әрекеттерді орындауы керек:

  • бірін бірі тыңдайды;
  • сұрақты дұрыс қоя біледі;
  • өз ойларымен бөліседі;
  • проблемалық сұрақтарды бірлесе отырып шешеді;
  • өзіне деген сенімділігі пайда болады;
  • құр оқудан – зерттей отырып, есте сақтауға үйренеді;
  • үлгерімі төмен оқушыларды жұмысқа тартады [3].

Міне, диалогтық оқытудың осындай ерекшеліктерін болашақ мамандарға меңгерту арқылы білім беруді сапалы жүйеге бағыттауға болады. Соңғы кездері кең қолданыс тауып отырған сындарлы оқытудың да басты мақсаты осы болып табылады.

Қорытындылай келе айтарым, біз маман даярлап отырмыз. Сол мамандардың болашақта өз ісіне берік, білікті болуы үшін жан-жақты ізденгеніміз абзал. Қандай да бір оқыту технологиясының өзіндік ерекшеліктері бар екені де белгілі. Осыған орай, диалогтық оқыту арқылы білім беруде біз тек маман ғана емес, жеке пікірі қалыптасқан, бәсекеге қабілетті, тұнық ойлы, құзыретті тұлға даярлайтынымыз анық.
Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Студенттерге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2015.
  2. Библер В.С. Михаил Михайлович Бахтин, или Поэтика и культура. — М.: Прогресс, 1991. — 176 с.
  3. З.У.Имжарова «Сын тұрғысынан ойлау білім үрдісінде» ОӘҚ. 2012 ж.3-4 бет

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.