Home » Мақалалар » КІТАП ОҚУДЫ ДАМЫТУ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

КІТАП ОҚУДЫ ДАМЫТУ: ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Әдебиет туралы мыңдаған кітаптар мен мақалалар жазылған, ал оны оқу туралы кем де кем. Ал бұл құбылыстарды бөліп жару мүмкін емес. Оқусыз кітап – бұл қағаз үйіндісі ғана. Әдебиетсіз оқу – таза механикалық құбылыс. Олар тек бірге ғана жанданып, мәдениеттілікке айналады.

Оқу дегеніміз – бұл кітап мазмұнымен танысу, автордың кітаптағы ойын ұғыну. Оқу – бұл графикалық белгілермен берілген басқа біреудің ойын меңгеру. Әлеумет танушылардың есебі бойынша егер күніне кітап оқуға бір сағат, ал демалыс күндері үш сағат бөлінсе, бір жылда 573 сағат болады екен. Егер бір сағатта кітаптың 10 бетін оқыса, бір жылда 6000 бет оқылады екен. Бұл дегеніміз білімімізді толтыруға үлкен потенциолдық мүмкіндік болып табылады. Кез келген адам, ақыл иесі ретінде, өмір сүруге және оған қоса өзінің білімін жетілдіріп отыруға міндетті. Кітап ең мықты ой иелерінің ойластырып, құрастырғандарының жақсысын береді. Сондықтан оқу әр адам үшін қажет, оқусыз өмір мағынасыз өмір болып қалады. Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек; оқымай ойлау – қауіпті,»-деген. Ал Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың. Күндіздің қамы түнде күрсіндіруін қояды, сен өз-өзіңе масыл және басқаларға пайдасыз болмайсың,»-деп жазған.

Өздігінен оқу өздігінен білім алудың ең қолайлы жолы, ал кітап – ой еңбегінің әлде қайда кең таралған құралдарының бірі болып табылады. Бүгінгі күндерге шейін А.С. Пушкиннің оқу – ол ең жақсы білім деген ойы өзінің мағыналық тереңдігін жоғалтқан емес. Кітап адамды бүкіл өмірлік жолында қолдап жүруі керек: мектепке дейін отбасында, қазіргі кезде отбасылық оқу дәстүрін қайта жаңғырту тектен тек емес, отбасының үлкен мүшелері баланы балалар әдебиетімен таныстырғанда, оқуға деген сүйіспеншілік пен қызығушылығын оятады; мектепте, жоғары оқу орнында кітаппен жұмыс істеу алдыңғы уақытта ғылыми, көркем әдебиетті өздігінен оқуға баулиды.

Дегенмен кез келген адам, әсіресе жастар арасында дұрыс кітап оқуды біле бермейді, оқу мәдениеттілігінің элементтерімен таныс емес. Оқудың қарапайым дағдылары, әрине, кез келген сауатты авторға тән, бірақ бұл дағдылар біз оқу ретінде түсінетін өте күрделі шығармашылық процестер үшін тек негіз бола алады. Кейбіреулер оқуды тек көңіл аулау деп түсінеді. Оларды әдетте сюжет бойынша не болып жатқаны немесе не болатыны қызықтырады, бірақ оқиғаның қалай суреттелгеніне, автордың қандай ой қозғағаны, суреттеушінің шеберлігіне көңіл аудармайды. Кейбіреулер ғылыми және техникалық әдебиеттерді оқуды және жұмыс істеуді білмейді.

Кітаппен шындап жұмыс істей алмау біреулердің кітапқа деген сүйіспеншілігін мұқалтса, енді біреулерді жүйесіз, ойланбай оқуға әкеліп соқтырады. Сондықтан, басылған шығарманы дұрыс пайдаланып, одан неғұрлым көбірек пайда, сабақ алу үшін бір ғана оқудың техникалық дағдысы жеткіліксіз. Ол үшін оқу мәдениеттілігін игеру керек.

«Кітапханалық энциклопедияда» келесі анықтамаларды табуға болады: оқу мәдениеттілігі – «оқу процесін тиімді ұйымдастыруға арналған білімдер, шеберлік, дағдылар жиынтығы, оның қоғам маңыздылығына бағытталуын жүзеге асыру және басқа мақсаттар; жеке тұлғаның ақпараттық мәдениеттілігінің бір құрам бірлігі».

«Оқу мәдениеттілігі туралы» (1969) кітабының авторы А.П.Промосковский оқырмандарға кітаппен жұмыс істеудің көп шығын шығармайтын, бұл күнде өзекті болып табылатын қарапайым шараларын, әдіс-амалдарын ұсынуға тырысты. Өйткені қарапайым және қолайлы әдістер жүзеге асыру барысында бағалы да дұрыс нәтиже береді. Өз кітабында ол оқу мәдениеттілігіне мынадай түсініктеме береді – «бұл техника жетістіктерін және ой еңбегі гигиенасын есепке ала отырып, оқу және кітап мазмұнына, оқу мақсатына, уақытына байланысты кітаппен жұмыс істеудің әртүрлі әдістерімен дұрыс ұйымдастырылған оқу. Одан әрі ол «оқу мәдениеттілігі мәтінді дұрыс түсінуге жоғары талап қойылуымен, оған қажетті анықтамалық әдебиеттерді (сөздіктер, энциклопедиялар, көрсеткіштер және т.б.) пайдалана білумен түсіндірілетіндігін» ескертеді. Оқылғанды түсінуде – оқырманның үнемі ана тілін, сондай-ақ шет тілдерін тереңдетуге тырысуы, өзінің сөздік қорын, ойын терминдермен байыту, есімдер мен атаулардың тарихына, шығу тегіне үңілу (ономастика), ұғымдар мен белгілердің және т.б. шығу эволюциясы тәрізді тіл мәдениеті үлкен рөл атқарады.

Сонымен, жан-жақтылық – оқу мәдениеттілігінің келесі ерекшелігі болып табылады. Оның үстіне мақсаткерлік, жан-жақты оқу белгілі бір реттілік пен жүйелі түрде жүргізілген жағдайда жақсы нәтиже береді. Оқу мәдениеттілігінің ерекшелігі ретінде оқылған мәліметтерді түсіну, ең негізгісін, маңыздысын және бағалысын анықтап алуды ескерген жөн. Бұл ретте логиканы, заңдарды және дұрыс ойлау формаларын білу, оларды практикада пайдаланып, ойлау қабілетін тәрбиелеуде лелеял көмек көрсетеді. Сонымен бірге, оқырманның неғұрлым тиімді және үнемді оқу үшін оқырманға кітаппен жұмыс істеудің техникалық дағдыларын білуі қажет. Мұндай дағдыларға: іштей оқу, өте баяу оқымау, оқылғанды жоспарлай білу, үзінділер мен ең қажетті мәліметтерді жазып алу, мәтінді конспектілеу (аңдату және рефераттау тәсілдерін), анықтамалықтар, энциклопедиялар, сөздіктер пайдалану жатады. Техникалық дағдылар оқырманға кітапты терең пысықтауға және есінде жақсы сақтауға көмектеседі. Сондықтан осындай дағдылар қаншалықты көп меңгерілсе, адам соншалықты жылдам оқиды және оқығанын жақсы түсініп алады.

Оқу мәдениеттілігін көтеріп, оның тиімділігін арттыруда кітапханалық-библиографиялық білімнің мәні зор. Яғни, оқырман кітапхана мүмкіндіктерін толық және сауатты пайдалануы керек. Кітапхана ұсынатын қарапайымнан дерек көздерінен бастап кітапханалық-библиографиялық басылымдарға дейін: каталогтарды, библиографиялық көрсеткіштерді, оқу құралдарын, тізімдерді, кітапіші библиографиясын, ал қазір Интернетті қоса пайдалана білген жөн. Осы кітапханалық-библиографиялық білімнің барлығы оқырманға өздігінен қажетті әдебиеттер мен ақпаратты іздестіруде уақыт үнемдеу үшін қажет. Ақпараттық қоғамның даму кезеңінде оқу мәдениеттілігі ұғымы «ақпараттық мәдениет» ұғымына кеңейіп, онда оқу мәдениеттілігі негізге алынады. «Ақпараттық мәдениет» – білім, дағдылар мен ережелер, ақпараттық қызмет саласында жасалған және ақпарат пайдаланушыға ақпарат әлемін еркін меңгеріп, өзіне қажетті деректерді (құжаттарды) тұрған жеріне қарамай тауып, пайдалануға мүкіндік беретін жалпы мәдениеттің бір бөлігі».

Ақпарат және оқу мәселелерімен айналысатын мамандар ақпарат және оқу мәдениеттілігі деңгейінің құрамына әр бір адам қабілетті болуға тиіс қызметтер жиынтығынан тұрады деп есептейді. Шебер-оқырман келесі қабілеттерге ие болуға міндетті: танымдық, жобалық, конструктивтік, коммуникациялық, ұйымдастырушылық. Сондықтан, оқу мәдениеттілігі – бұл оқырманның шығармаларды толыққанды таңдауына, қабылдауына және ұғынуына мүмкіндік беретін білім, шеберлік және дағдылар. Оларды білікті оқырман болғысы келетін әр бір адам меңгеруі қажет. Тұлғаның ақпараттық мәдениет құрылымында когнитивті, аксиологиялық, технологиялық элементтер ерекшеленеді.  Аталған элементтерді ескере отырып, оқу мәдениеттілігі мен ақпараттық мәдениет ара қатынасы ортақ және ерекше екеніне көз жеткізуге болады

Кітапхананың алдында тағы да өз оқырмандарына кітаппен, ақпаратпен жұмыс жасауға көмектесу, оқу мәдениеттілігіне тәрбиелеу міндеті тұр. Сонымен, оқу мәдениеттілігі – бұл қажет ақпаратты таба алуды, оны дұрыс түсініп және бағалай білуді, өзінің жан-жақты дамуына шығармашылықпен пайдалануды қоса ақпараттық мәдениет кеңістігіндегі қызмет стратегиясы болып табылады.

 

Маева Гульсара Жаденқызы

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Атырау облысы

бойынша педагогикалық қызметкерлердің  

біліктілігін  арттыру институтының 

бөлім басшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.