Табиғат – дегеніміз әлемді қоршаған орта, табиғат пен адамның арасындағы байланыс тығыз болғандықтан, кейбір құбылыстарға ерекше сипатпен қараймыз. Табиғат құбылысының мәні зор, кей кезде таңырқай қараймыз, бірақ, оны байқамайтын жандар да көп кездеседі. Әрбір адам дүниеге келгеннен соң, жан-жағына қарап, көрсем, ұстасам, сезінсем, естісем деп, алға қарай ұмтылуға тырысады. Ал, кейбір адамдарға еш маңызы жоқ, жесем, қарнымды тойдырсам, ұйықтасам дейді. Мен қазір терезеден қарап, ойланып отырмын. Әйнектің аржағынан көп нәрселерді көріп үлгердім. Қараңдаршы, жапалақтап жауған қар, арлы-берлі өтіп бара жатқан адамдар, ойнап жүрген балалар, қандай керемет десеңші! Менде балалар сияқты далаға шығып бар даусыммен айқайлағым келді. Кенет, балалығым есіме түсті, біз бір жанұяда бес бала тату-тәтті өмір сүрдік. Әрқайсымыздың орнымыз бір бөлек, шығармашылыққа жақын болдық. Менен үлкен ағам Ержан бала кезінен Мұқағали Мақатаев ағамыздың өлеңдерін оқып, кітапқа құмар болды. Екі сіңлім ән айтатын. Мен көбіне терезеден қарап ойланғанды, домбырамен ән шырқағанды ұнататынмын. Анам мен әкем ұлағатты ұстаз, шығармашыл жандар. Мүмкін, сондықтан болар, кейде қолыма қалам алып, ақ қағазбен тілдескенді қалаймын. Балабақшада, ІІ кіші топта тәрбиеші қызметін атқара жүріп, «Тіл дамыту» саласы, көркем әдебиет оқу қызметіндегі тақырыптарға сәйкес өлең жолдарын шығарған болатынмын. Бұл менің жұмысымның алғашқы діңі. Балалықтың бал дәуренін бастап кеткен шәкірт бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді дарыта отырып, білім жолына жетелеу – әр ұстаздың міндеті! Сондықтан, оқырмандарға рухты оятар, аз ғана болса да пайдасы болар деген ниетпен өлең жолдарының жарыққа шығуын қаладым. Қалай десек те, әр нәрсенің өз шешімі болады. Сол шешімнің куәгері мына біз. Ұрпақтың саналы болып өсуіне, сапалы білім алуына бірден – бір себеп болатын балалар әдебиетін жетілдіруге көп еңбек сіңіруіміз қажет.
ДОМБЫРА
Әжем маған асыға,
Кел, құлыным, кел деді.
Мынау біздің қазына,
Көңіліңе түйіп ал,
Бұл – домбыра киелі.
Деді дағы, қолына ап,
Домбыраны шертеді.
Айналайын, шырағым.
Атадан қалған көз еді,
Есіңе сақта үнемі,
Жоғалмасын сүйегі,
Қос ішегі,тиегі,
Кеуде, басы, құлағы,
Үш бөліктен тұрады.
Әжем сөзін аяқтап,
Домбыра құлағын бұрады.
Жоғарыға ілді де,
Орны деді тұрағы.
Әжемнің сөзі шуақты,
Жарық сәуле секілді.
Қоям түрлі сұрақты,
Көңілге жағам шырақты.
МАМАНДЫҚ
Аспаз болғым келеді,
Дәмді тамақ пісірер.
Сәулетші болғым келеді,
Жай табатын кісілер.
Ұстаз болғым келеді,
Тәрбиелер ұрпақты.
Дәрігер болғым келеді,
Тез емдейтін сырқатты.
«ШАЛҚАН» ОРЫС ЕРТЕГІСІ
Әрі тартты шалқанды,
Бері тартты шалқанды.
Кемпір, шалдың әлі жоқ,
Бұған бар жұрт таң қалды.
Жатса – дағы жығылып,
Тартты көп боп бірігіп.
Көмектесті тышқан кеп,
Шалқан қалды жұлынып.
АЛТЫН ДӘН
Күн көзі балқиды,
Табиғат нәр құйды.
Қол бұлғап тұрғандай,
Алтын дән шалқиды.
АРЫСТАН МЕН ТЫШҚАН
Гүрр – гүрр етті арыстан,
Шиқылдады тышқан да.
Бірі – кіші, бірі – нән,
Бір – біріне дұшпан ба?
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
Сөкпе досты, табалап,
Өсек айту жаман – ақ.
Бабалардан біздерге,
Қайырымдылық – аманат.
АЙЛАКЕР ТҮЛКІ
Бұғып, барлап жан – жақты,
Тірлік жайын қамдапты.
Қу, айлакер түлкілер,
Алдарды да ойлапты.
ҚАСҚЫР МЕН ЖЕТІ ЛАҚ
Тұрды бірге жеті лақ,
Енесіз олар жетім – ақ.
Қорқау қасқыр олрды,
Жүрді сырттай бақылап.
Тәтті сөзін арнады,
Сол маңды ол шарлады.
Енесі боп келсе де,
Лақтарды алдай алмады!
СУРЕТШІ ҚЫС
Ақ бояумен бояды,
Айналаны қыс келіп.
Басқан ізі сықырлап,
Тұрды аяз тістеніп.
Әйнектерге салыпты,
Шыршалардың суретін.
Қызыл бояу жаққандай,
Алабұртып тұр бетім!
ОТАН
Таңы сәнді атады,
Көк орманы жыр –жырлап.
Шашу шашып жатады,
Бұлақтары сыңғырлап.
Берік әр кез іргесі,
Алынбайтын қамалдай.
Отанымды сүйемін,
Өзім туған анамдай.
ӘКЕ МЕН БАЛА
Жанымызды төсейік,
Жүрген бізге пана боп.
Бәріміз де өсейік,
Әкеге лайық бала боп.
Осы – сөздің сарасы,
Әке – сәні төріңнің.
Әкесі мен баласы –
Қос қанаты өмірдің!
ДӘРІГЕР АЙБОЛИТ
Күшікті де емдеген,
Мысықты да емдеген.
Қой – ешкіні емдеген,
Емдеп бәрін терлеген.
Ауырады қай жері,
Доктор бірден аңдапты.
Аса үлкен ісі үшін,
Медаль, орден алмапты.
СЫПАЙЫЛЫҚ САБАҚТАРЫ
Қаңқу сөзді аңдыған,
Болмаңыздар жалатай.
Үлкендердің алдынан,
Кесіп өтпе, балақай.
Кесірленіп жүрме сен,
Көзге жақсы ілінші.
Ата – анаң әрқашан,
Ұстазың ең бірінші.
ЖАҚСЫ , ЖАМАН ДЕГЕН НЕМЕНЕ?
Өсіп – толып қанарсың,
Білімнің сен нәріне,
Ұлағаты Абайдың,
Жауап берер бәріне.
«Дүниеге кірпіш боп»,
Тек ілгері бас қадам.
Жақсы менен жаманды
Айыра алмас хас надан.
АЙНА
Мейлі тіпті, қайда да,
Қарайсың сен айнаға.
Сол айнаға қарайсың,
Шашыңды да тарайсың.
Ұғып алшы сөзімді,
Түзетесің өзіңді!
ҚҰЛЫНШАҚ
Құлыншақ – ау, құлыншақ,
Шаба бермей тыным тап.
Қой – ешкіні теуіп қап,
Болып жүрсің ұрыншақ.
Айтам мына жайында,
Дайын ер мен айыл да.
Тәртібіңді түзетем,
Жүген салып тайың да!
АНА
Ана сүті нәр болып,
Өн бойыңа тараған.
Ақын, батыр, дана да,
Туған осы анадан.
Ана – бақыт, ана – жыр,
Сәуле себер ана – нұр.
Болғың келсе саналы ұл,
Ана тілін ала біл!
НАУРЫЗ
Ескі жылда есейтіп,
Қоштастырған Наурыз.
Адамдардың бәрін де,
Достастырған Наурыз.
Ақ уызын күбіге,
Салып келген Наурыз.
Құшаққа алып көктемді,
Алып келген Наурыз!
ҮШ ЖОЛДАС
Санамызға болар түйін,
Дос көреміз кімдерді аса.
«Үш жолдас» деп айту қиын,
Бағыттары бір болмаса!
ӨКПЕЛЕМЕ
Бағамдамай өткен істі,
Орынсыз сөз төкпелеме.
Сатқындығын анық білмей,
Сен біреуге өкпелеме.
Көңілге түй келер ұрпақ,
Жалған жала көктемейді.
Дұрыс ісін бұрыс десең,
Досың саған өкпелейді!
ТҮЛКІ МЕН ТЫРНА
Төрт аяқты біреуі,
Қос қанатты біреуі.
Дегенге мен сенбеймін,
Бірге өмір сүреді.
Бір – біріне осылар,
Қорған болмас жолда аса.
Кейіпкері ертектің,
Дегеніміз болмаса.
АҚҚУ – ҚАЗДАР
Аққу менен қаз егіз,
Көктем менен жаз егіз.
Осы екеуін қосарлап,
Неге айтамыз, бәсе біз?
Көңіліме түнетем,
Мәңгілікке жыр етем.
Екеуінің жүзетін,
Айдын көлі бір екен.
ЖАЗ
Күні тұрар шыжғырып,
Ыстығынан қашасың.
Бірақ дәмді қарбызын,
Жеп ап көңіл басасың.
ЖАЙЛАУДА
Бұлақтан су сіміріп,
Өбесің сан гүлдерді.
Жаз – жайлауда рахат,
Түріп қойсаң іргеңді.
Сұлу қандай табиғат,
Жүрегімде жанды алау.
«Жаны – жайлау» деген сөз,
Осындайдан қалған – ау!
Қорытындылай отырып, барлық Қазақстандықтарды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі болашағы, бүгінгі тәрбиеленушілер болғандықтан, әлемді билеген дана да, ойшыл да ұстаз ілімінен өнеге алу арқылы шыңдалады. Осы өлеңдерімнің шығуына себепкер болған кішкентай бүлдіршіндер менің шабытыма шабыт қосты. Теңіздің тамшысындай болса да, қолымнан келгенше тәрбиеленушілердің көркем әдебиетке деген құлшынысын ояту парызым деп санаймын. Маңғыстау өлкесінде дүниеге келген, абыз ағамыз Әбіш Кекілбаевтың сөзімен аяқтаймын. «Кітап бар жерде – барлығы бар, кітап жоқ жерде ешнәрсе де болмайды. Кітапқа зор көңіл бөлу керек, кітапты сүю керек, қолымызға алып сипап көріп сезінуіміз керек». Көркем әдебиет – рухани байлығымыз!
Н.К. Ыбрай
Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы,
Мұнайлы аудандық білім бөлімінің
«№8 «Алтын сақа» балабақшасының әдіскері