Home » Мақалалар » Критериалды бағалау – оқушы мүмкіндігін арттыруға жол ашады

Критериалды бағалау – оқушы мүмкіндігін арттыруға жол ашады

Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын, дамыған елдер қатарында терезесін тең ететін күш – білім және білімді ұрпақ. Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің Жолдауларында білім саласына айрықша көңіл бөліп, еліміздің жарқын болашағы білікті де парасатты жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес.

Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – шығармашылық, белсенділік, жауаптылық, терең білімділік, кәсіби сауаттылық. Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін оқушы білімін бағалауда мүлдем жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден-бір жолы оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша сараптау. Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны бағаланады. Бағалауды өткізу үшін, оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын анықтау қажет.
Дәстүрлі бағалауда оқушының жеке жетістігін белгілі нормамен немесе оқушылардың көбінің нәтижелерімен салыстыру болады да, оқушы көкейінде «Оған неге «5», ал маған….», «Сол баяғы «4» қой», «Не үшін???» деген сауалдар болады. Ал критериалды бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді. Қалыптастырушы бағалау оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған болса, жиынтық бағалау мақсатты баға қою және сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару үшін қажет.
Критериалды бағалаудың, біріншіден, оқушы үшін тиімділігі табысқа жетелейтін бағалау критерилерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау арқылы өз біліміне рефлекция жасауға сыни ойлауына, екіншіден, мұғалім үшін өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға, сабақ берудің сапасын арттыруға, бағалаудың әр түрлі әдістерін пайдалануға, үшіншіден, ата-аналар үшін тиімділігі баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға мүмкіндік береді. Қорыта айтқанда, критериалды бағалау технологиясы оқушы бойындағы үрейленуді басады және мұғалімді «төрешілік» қызметінен босатып, оқушы бойында өзін-өзі бағалау, өз іс-әрекетіне баға беру, жауапкершілік қабілетінің дамуына ықпал етеді.

 

Оспан Әсия Мұхамеджанқызы
Созақ ауданы Иманов атындағы жалпы орта мектебінің
І деңгейлі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.