ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, бүгінде тегін кәсіптік-техникалық білім берудің жаңа механизмі әзірленді. Соның аясында жастарды жұмысшы мамандықтармен барынша қамтып, әрбір студентке шәкіртақы, тіпті тегін тамақ беру жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда республика бойынша орналасқан 807 колледжде 498 мың адам білім алуда. Солардың ішінде 97 мың адам жұмысшы мамандықтарында оқиды. Бұл — барлық студенттердің тек 20 пайызы ғана. Олар тегін білім алып жатыр. Ал қалған 80 пайызы орта буын мамандықтарын игеріп жүр. Енді, аталған арасалмақты өзгертіп, жұмысшы мамандықтарға басымдық беру көзделіп отыр. Оған түскен жастар орта буын мамандықтарын да тегін тәмамдай алады. Сөйтіп, екі бірдей мамандықты алып шығуға мүмкіндік бар.
«Гранттар алдымен жұмысшы мамандықтарына бөлінеді. Қалғаны басқа мамандықтар арасында таратылады. Мәселен, болашақта жаңа жүйемен 160 мың адам қамтылса, 40 мың адам жұмысшы мамандықтарына қабылданады. Осы механизмге сәйкес, техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылығы мамандықтарының барлығы тегін болады. Мәселен, бұрын аспаз болғысы келетін бала алдымен осы мамандықты аяқтап, содан кейін технолог болатын. Ендігі кезекте, технолог болу үшін ол екі бірдей мамандықты алады. Алдымен төменгі сатыдан бастайды да, орта буын мамандықпен бірге бітіріп шығады», — деді Э. Сұханбердиева бүгін депутаттарға жаңа жобаны таныстыру рәсімі кезінде.
Оның айтуынша, министрліктің негізгі мақсаты — жұмысшы мамандықтары бойынша маман даярлауды екі есеге арттыру. «Ол үшін ыстық тамақ, шәкіртақы, жол жүру ақысы, жатақхана түрінде әлеуметтік қолдауды қарастыру қажет. Біз жұмысшы мамандықтар білім алатын 90 мыңдай студентті ыстық тамақпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде осы мәселе Үкіметте қаралып жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша үздік оқитын студенттер стипендия алатын болса, жаңа жобаға сәйкес, барлық жұмысшы мамандықтар бойынша оқитындар стипендиямен қамтамасыз етіледі», — дейді вице-министр. Аталған шаралармен жұмыссыз жүрген жастар, сондай-ақ оқудан шығып кеткендер де қамтылады.
Бұдан бөлек, колледждерде оқитын жастарды жатақханамен қамту көрсеткіші төмен болып тұр. Қазіргі сұраныс 13 мың орынды құрап отыр. Барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 200 орынды 69 жатақхана салу қажет. Аталған мәселе жергілікті билік оргындарына тапсырылып отыр.