Home » Ашық сабақтар » Кесе. Ғаниева Дүйсенкүл Өмірзаққызы

Кесе. Ғаниева Дүйсенкүл Өмірзаққызы

Білім беру саласы: Шығармашылық

Оқу іс-әрекеті: Жапсыру

Мақсаты:

Білімділік: Балаларға кесе жайлы түсінік беру. Кесенің түстерін, көлемін ажыратуға үйрету.

Түзете-дамытушылық: Ұсақ қол моторикасын жетілдіру. Сөздік қорын байыту.

Тәрбиелік: Ұқыптылыққа, тазалыққа, бір-біріне көмек беруге үйрету.

Көрнекілігі: отбасының суреті, әртүрлі кеселер

Қажетті құралдар: плакат, желім, ақ парақтар, сулық, конверт, кесенің үлгілері, үнтаспа

Әдіс-тәсілі: көрсету, түсіндіру, сұрақ-жауап, сөздік жұмыс, ойын, үнтаспа.

 

І. Балаларды психологиялық сабаққа даярлау

Жылулық шеңбері:

Мына сұлу әлемде

Адам өмір сүреді.

Үлкен менен кішіге,

Күн сәулесін төгеді.

 

ІІ. Негізгі бөлім:

— Балалар, біздің бүгінгі күніміз ерекше, өйткені бүгін бізді қонаққа Ақ әже шақырды.

— Қане, балалар, Ақ әженің үйіне қонаққа барайық.

— Сәлеметсіз бе, әже!

Әже: Сәлеметсіңдер ме, балалар төрлетіңдер. Балалар, сендерді көріп қуанып қалдым, шәй алып отырыңдар.

 

Міне, балалар, біз Ақ әженің үйінде қонақта отырмыз, кім әжеге арнап тақпақ айтып береді.

Нұржауар:

Әжем өрнек салады

Сырмақ сызып оюлап

Басы ауыра береді

Шәй ішпесе қоюлап

 

Әже: -Жарайсың Нұржауар, менің де сендерге қоятын жұмбағым бар, қане кім тапқыр екен.

Кесе – шыны, пиала,

Оларсыз шай құя ма?

Қасықсыз тамақ жемейді,

Бәрінің атын не дейді? (Ыдыстар)

Әже: Рахмет, балалар, өркендерің өссін!

Тәрбиеші: — Балалар, үстел үстіндегі ыдыстарға назар аударыңдаршы қандай ыдыстар тұр?

-Шәйнек, тәрелке, кесе, қасық

— Жарайсыңдар.

— Ақ әже шәйді бізге қандай ыдысқа құйып берді?

— Кесеге, кесе шәй құюға арналған ыдыс екен. Кесені ағаштан, қыштан, шыныдан жасайды екен. Кесенің іші шұңғыл және құлап кетпеу үшін жасалынған түбі болады екен, онымен шәйдан басқа да сусындар ішуге болады (сүт, су, шырын т.б.)

— Ал балалар, олай болса біз бүгінгі оқу іс-әрекетінде Ақ әжемізге әртүрлі қағаздардан кесенің үлгісін жапсырып көрсетейік.

 

ІІІ. Көрнекілікпен жұмыс:

— Балалар, суретте кімді көріп отырсыңдар?

— Ата, әже, әке, апа, аға

— Оларды бір сөзбен айтқанда қалай айтамыз?

— Отбасы.

— Олар не істеп отыр?

— Шәй ішіп отыр.

— Шәйді немен ішіп отыр?

— Кесемен.

— Қане, кесені кім көрсетеді?

Балалар суреттен кесені көрсетеді

 

ІV.Ұжымдық жұмыс:

Плакат бетіне төртке бөлінген қиынды бөлшектерден кесені құрастыру.

 

  1. Жеке жұмыс:

Балаларға жапсыру ережесін түсіндіру.

І-топ Нұржауар, Айлин, Тоғжан. Өздеріне берілген ақ парақ бетіне кесенің үлгісін жапсырады

ІІ-топ. Жалғас, Досжан үстелдің үстіндегі кеселерді подносқа салып алып сөреге апарып жинайды.

 

VІ. Сергіту сәті: «Иілеміз оңға бір» сөзі: Е.Өтетілеу. Әні: А.Асанов

Бала, бала, баламыз,
Бақшамызға барамыз.
Күні бойы қызыққа,
Қанамыз да қаламыз.
Қиынсынып қашпаймыз,
Шынығамыз жастай біз.
Көңілді әуен сазымен,
Жаттығуды бастаймыз.
Иілеміз оңға бір,
Иілеміз солға бір,
Тәрбиеші қарайды,
Аяққа бір, қолға бір.

VІІ. Ойын: «Түсіне қарай жина»

Ойын мақсаты: Балалар өздеріне берілген кесенің түсіне сәйкес кесені көрсету.

VІІІ. Сұрақ-жауап:

— Балалар, біз бүгінгі оқу іс-әрекетінде қайда бардық?
— Ақ әже бізге не берді?
— Шәйді қандай ыдыспен іштік?
— Кесенің қандай түрлері бар екен?
— Кесенің түсі қандай?

ІХ. Қорытынды:

-Жарайсыңдар, балалар, олай болса жасаған жұмыстарымызды Ақ әжеге сыйға тартайық. Одан кейін Ақ әженің өзімізге дайындаған сыйлығын алып сабағымызды аяқтаймыз. Сендерге көп-көп рахмет!

Ғаниева Дүйсенкүл Өмірзаққызы,
№2 облыстық балалар оңалту орталығы,
Тәрбиеші,
Қызылорда қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.