Home » Бастауыш » КЕМЕЛ ҰРПАҚТЫҢ БАҒБАНЫ

КЕМЕЛ ҰРПАҚТЫҢ БАҒБАНЫ

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі — Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашан да қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы дерттен аулақтатушы адам». Ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Сондай биік мәртебенің иесі — ДҮЙСЕМБАЕВА ТОҚЖАН ПӘРІМБЕКҚЫЗЫ.
Т.П. Дүйсембаева 1974 жылы Жамбыл обылысы Жуалы ауданында дүниеге келді. 1991 жылы Күреңбел орта мектебін бітіріп, осы жылы мұғалім болу арманына қол жеткізу үшін Көкшетауға жол тартып, Көкшетау қазақ педагогикалық училищесіне түседі. Аталмыш ЖОО-нын 1993 жылы үздік бітіріп, туған жеріндегі №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына бастауыш сынып мұғалімі болып қабылданды. Білімін жетілдіру мақсатында 2003 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін бітіреді. Асыл арманына қол жеткізген Тоқжан жоғары білімді, жоғары санатты ұстаз ретінде шыңдалып, бірнеше рет тәрбиелі де білімді шәкірттерді қанаттандырды.
1993 жылдан бастап Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып табан аудармастан 24 жыл абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Тоқжан Пәрменбекқызы өз білімі мен кәсіби шеберлігін арттыру бағытында ылғи ізденіс үстінде жүреді.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен  шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі  ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға  бүкіл адам баласы  құрметпен бас  иеді.
Дамыта оқыту, деңгейлеп оқыту технологияларын және сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасын меңгерген Тоғжанның әрбір сабағы жаңалыққа толы. Ол күнделікті сабақтарда озық технология әдістерімен қатар ұлттық педагогика элементтерін ұтымды пайдалана біледі.
Осының нәтижесінде шәкірттерінің білімге деген қызығушылығы жоғары. Тоқжанның шәкірт тәрбиелеу жолында жеткен жетістіктері аз емес, атап айтсақ, 2009 жылы «Мен зерттеуге үйренемін» атты аудандық байқауға қатысып жүлделі ІІ орынды және 2010 жылы аудандық бастауыш сыныптардың оқушыларының олимпиадасында Әбдіғапар Мағжан жүлделі І орынды иеленсе, 2010 жылы «Мен зерттеуге үйренемін» атты байқауға Әділбек Назерке қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. 2013 жылы аудандық «Патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқу» байқауында Орынбасар Бекұлан І орын, ІІІ Республикалық «Зерек » атты оқушылардың ғылыми жұмыстары сайысында Қуанышқызы Диана І орынға қол жеткізген. Ал 2016 жылы «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы «Ақ бота» интеллектуалды марафонында Абді Балнұр, Әбдінұрқызы Ақерке, Қамбар Махаббат, Орынбек Еркеназ ІІ-орын, ал Ерұлан Диана, Әбілқасым Нұрислам, Көпбай Гүлжазира ІІІ орын иеленген. 2017 жылы «Жас зерттеуші» атты V Республикалық зияткерлік турнирінде «Ізденімпаз оқушы» номинациясы бойынша І орын алса, «Универсиада-2017» байқауында Әділбек Дінмұхамед «Мен спортты жақсы көремін» номинациясының жүлдегері атанды.
Бастауыш сыныптың озық маманы Тоқжан Пәрменбекқызы жеке тұлғаның білімге деген қызығушылығын арттыру үшін әрбір оқушыны шығармашылық ізденіске, өнерге баулу қажет деп есептейді.
Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтініміз — әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп М.Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін.
Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек. Бұл тұрғыда Т.Дүйсембекованың озық маман ретінде аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, бірнеше марапаттарға ие болған мадақтаулары сөзімізге дәлел бола алады. Атап айтсақ, 2013 жыл «Патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқу» байқауында Жуалы ауданы Білім бөлімінің Алғыс хатқа қол жеткізсе, 2014 жылы «Оқыту және дамыту орталығы» ұйымдастырған «Ұлағатты ұстаз» атты ІІІ Республикалық оқытушылар конкурсында ІІ орын иегері атанып, дипломмен марапатталады. Ал 2015 жылы «ZIAT» ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Ұлағатты ұстаз» атты ҮІІ Республикалық оқытушылар конкурсында ІІ орын иеленіп, диплом табыс етіледі.
Тоқжанның білім беру ісінде жеткен жетістіктері де шаш-етектен. Солардың біршамасына тоқталсақ, білім негізі – бастауышта демекші, оның бірнеше мектеп бітіруші түлектері «АЛТЫН БЕЛГІ» иегері атанды. Мысалы, 2013 жылы Өтеш Аяжан мен Ақылбек Ерден, 2017 жылы Әлжән Гүлнар ЖОО-на түсті.
Бастауыш сыныптың жаңашыл ұстазы, тәжірибелі маман Дүйсембаева Тоқжан қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Мектеп көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған Тоқжанның бүгінде еңбегі ескеріліп, есімі биіктерден естілуде.
Тоқжан білім берудің жаңа талаптарын бойына сіңіріп, шәкірт санасына дарыту мақсатында бірнеше біліктілігін арттыру курстарынан өткен тәжірибелі ұстаз. Бұл тұрғыда ол 2013 жылы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадр біліктілігін арттыратын республикалық институтында «Жаңа білім беру жүйесі жағдайындағы бастауыш мектептің тәрбие технологиялары» атты курсынан, 2015 жылы «ӨРЛЕУ» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «Инклюзивті білім беруде инновациялық технологияларды қолдану», 2016 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім мазмұнын жаңарту шеңберінде» атты курстарынан өтіп, білім беру шеңберін кеңейтіп қайтты.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім.

Айталық, Ескендір Зұлқарнайын — Аристотельді, Абылай хан — Төле биді, Шәкәрім — Абайды, Бердақ — Күнқожаны, Жамбыл — Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
Тоқжанды да шәкірттері әріп үйретіп, сауатын ашқан ұстазы ретінде жоғары бағалайды. Оны мыңдаған жас қыранды білім көрігінен шыңдап шығарып, жүректерге ізгілік нәрін сепкен тәжірибелі ұстаз ретінде ғана емес, елінің ертеңіне шын жанашыр және болмысына ірілік пен қарапайымдылық қатар біткен абзал жан ретінде аса жоғары бағалап, әрдайым құрмет тұтады.
ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы, өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салып, бүгінгі білім мен білік бәсекелескен заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне жаңашылдығы мен жан-жақты берген тәрбиесі арқылы ықпал ете алған Тоғжан Пәрменбекқызының еңбегіне жеміс, деніне саулық, келешегіне кемелдік тілейміз!

Гүлжазира Құдайбергенқызы ЕРТАСОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Білім айнасы»,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.