Home » Білім және тұлға » Кемел тұлға

Кемел тұлға

Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Жігітке жеті өнер де аз» деген теңеулері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары жөніндегі бөлімінің бастығы, Маңғыстау мұғалімі», «Маңғыстау әдіскері» басылымдарының бас редакторы, облыстың білім беру саласына өзіндік сүбелі үлесін қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз, ұлт жанашыры, парасатты азамат Қуантқан Ырзаұлы Вановқа арналып айтылғандай. Себебі, оның бойынан жан-жақтылық пен өз ісіне деген ыждаһаттылықты, сүйіспеншілікті байқауға болады. Ол – ағартушылық салада дара жолын қалыптастырған мықты математик. Сондай-ақ, өнегелі өмірі бар – өнертапқыш, қарымды қаламгер, зерттеуші ғалым, арқалы ақын, дарынды сазгер әрі әдемі қоңыр дауыс иесі атанған әнші деп те айта аламыз. Өнердің осынша түрі бір басында кездесетін талантты жанның өмірі мен қызметтік жолын мақалама өзек етпекпін.

Қуантқан Ырзаұлы 1953 жылы 9 маусымда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды ауылында дүниеге келді. Ол алғаш мектеп табалдырығын Шайыр мектебінде аттап, осы білім шаңырағында 9-сыныпқа дейін білім алды. Бұдан кейін Шетпедегі №2 мектепте білімін жалғастырған ол осы оқу ордасын 1970 жылы бітіріп, Гурьев педагогикалық институтына оқуға түсті. Аталмыш оқу орнын 1974 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол туған ауылы Жыңғылдыдағы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепте ұстаздық еңбек жолын бастап, 30 жыл табан аудармастан осы білім ошағында мұғалім болды.

Ат төбеліндей ауыл мектебінде жүріп-ақ, ұлағатты ұстаз математиканы оқытуда озық идеяларды дамыту ісімен айналысып, бүкіл одаққа белгілі математик В.Ф.Шаталовтың идеясын жалғастырушы ретінде оның әдістемесін дамыта отырып, «Өзгермелі сүйеніш жазбалар» және «Бағалаудың екілік жүйесін» қолданымға енгізді, бұлар жөнінде екі әдістемелік құрал жазды. Қ.Вановтың тәжірибесі республикалық педагогикалық оқуда жүлдеге ие болып, бүкілодақтық педагогикалық оқуларға жолданды. 1988-1990 жылдары оның әдістемесі бойынша облыста озат тәжірибе мектебі құрылып, жұмыс жасады. Қуантқан Ырзаұлы 2001-2005 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әдістемелік-эксперименттік кабинет меңгерушісі, 2005-2006 жылдары педагогикалық зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарды.

Тәуелсіз Қазақстанның математика пәні бойынша негізгі мектепке арналған 5-ші, 6-шы сыныптың тұңғыш төл оқулықтарын ауыл мектебінің қарапайым мұғалімі жазып шыққанын бүгінде көпшілік жұрт біле бермейді. Қуантқан Ырзаұлының «Математика-5» оқулығы 1993 жылы, «Математика-6» оқулығы 1994 жылы жарық көрді. Бұл оқулықтар 1993 жылдан 2000 жылға дейін республика мектептерінде қолданылымда болды. Ванов оқулығының басты ерекшелігі – ұлттық есептер, қазақи ұғымдағы есептердің құрастырылуы, елін, ұлтын сүйгіштік рухында жазылған шығарма екендігі. Мысалы, оқулықта жыл қайыруға берілген, мүшел жасты есептеуге арналған, қазақтың табақ тарту дәстүрі жайлы айтылған есептер бар. Тағы бір артықшылығы — математикадағы аса маңызды тақырыптардың бірі мәселе есептерге оқулықта нақты анықтама берілді.

Ұстаздық пен ғылыми шығармашылықты қатар алып жүрген ҚР халық ағарту ісінің үздігі Қ.Ы. Ванов еселі еңбектерінің арқасында 2001 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке қабылдауында болды.

ҚР халық ағарту ісінің үздігі, математик, білім саласына 40 жылдан аса еңбек сіңірген ардақты ұстаз Қ.Вановтың тағы бір қыры – оның өнертапқыштығы. Оның «Демонстрациялық тақта», «Бесаспап циркуль» атты өнертапқыштық ұсыныстары 1985 жылы бүкілодақтық өнертапқыштар конкурсына қатысып, өндіріске енгізуге ұсынылды. Математика – күрделі пән. Оқушыға бұл пәнді меңгерту үшін көп ізденіс керек. Міне, осыны алдына мақсат етіп қойған ұстаз осы құралдарды ойлап табады. Бұл оқушыны сабаққа қызықтырды әрі сол кездегі мектеп мұғалімдерінің біразына сабақта қолдануға таптырмайтын көрнекі құрал болды. Бұған қоса, Қ.Вановтың «Жыл қайырғыш құрал», «Мәңгілік күнтізбе», «Нота сызықты домбыра», «Қазақтың жаңа әліпбиінің пернетақтасы және оған байланысты орыс, ағылшын пернетақталарына өзгеріс енгізу» атты керемет өнертапқыштық жобалары бар.

Қ.Ванов жайлы айтқанда оның қаламгерлігі туралы айтпай кетуге болмайды. Ол — «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты шығарып отырған «Маңғыстау мұғалімі» және «Маңғыстау әдіскері» басылымдарының бас редакторы. Облысымызда педагогтерге арналған тұңғыш газеттің ашылуында математик-ұстаздың еңбегі ересен. Қолына алған қандай іске де үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол 2006 жылдан бері басылымның үздіксіз әрі сапалы шығуына, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының атқарып жатқан игі істерімен оқырман қауымды хабардар етіп отыруда өзінің ерен еңбегін сіңіріп келеді. Қазіргі таңда өңірден асып, республикаға тарап кеткен ғылыми еңбектері мен шығармалары терең ізденіс, тынымсыз еңбек, саралау мен өз ісіне деген үлкен сүйіспеншіліктен туған дүниелер екені анық.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының http://orleumo.info сайтында да Қ.Ы. Вановтың өзіндік қолтаңбасы бар. Сайттың жаңалықтар лентасын мазмұнды әрі сапалы шығаруда, сондай-ақ, видеоақпараттар қорын толықтыруда оның еңбегі зор.

Қуантқан Ырзаұлының ғылыми еңбегі дегенде, алдымен оның қазақ тілін латын графикасына көшіруге байланысты зерттеулері ойға оралады.

Президент Н.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әрпіне көшіру жөнінде айтқан болатын. Мемлекет басшысы жақында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында да осы мәселеге ерекше тоқталып, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін әзірлеуді, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды тапсырды. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамына тың серпін беретін кең ауқымды жоба. Өйткені тілдің тәуелсіздігі ұлттың рухани жетілуіне айтарлықтай мол септігін тигізеді. Осы ретте латын әліпбиінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті.

Міне, осы еліміздің кемел келешегі үшін жасалып жатқан игілікті іске ұзақ жылдардан бері тіл ғылымымен айналысып жүрген зерттеуші ғалым Қ.Р. Ванов та өзінің сүбелі үлесін қосуда.

Латын әріптерінің саны — 26, яғни олар біздің дыбыстарымызды белгілеуге жетпейді. Соған байланысты белгілеуге латын әрпі жетпеген дыбыстарды таңбалауға әркім әртүрлі нұсқалар ұсынуда. Мұндай нұсқалар саны көп болғанмен, оларда негізінен 4 түрлі тәсіл пайдаланылады. Олар, атап айтқанда, дыбысты латынның басқаша дыбысталатын әрпімен белгілеу (мысалы, ш-ны c-мен), латын әріптерін қосарлап пайдалану (мысалы, ш – sh), латын әрпіне қоса апостроф таңбасын қолдану (мысалы, ә – a’) және диакритикалы латын әрпін (мысалы, ә – ä) қолдану.

Ал, Қуантқан Ырзаұлы бұл мәселені тың жолмен шешіп отыр. Ол өзінің әліпбиіне бүкіл дүниежүзіне ортақ Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбаларын пайдаланған. Осы арқылы оқуға да, жазуға да ыңғайлы әліпби түзіп шыққан. Фонетикалық таңбалардың бір ерекшелігі: олардың дыбысталуын тыңдауға болады және ол кез келген адам үшін қол жетімді. Мысалы, интернеттен «X-sampa», «IPA Sounds» тақырыптарын ашып, ондағы фонетикалық таңбаларды тінтуірмен басса, олардың дыбысталуын естуге болады және кез келген адам, тіпті өзге ұлт өкілі де, оны өз бетімен үйрене алады.

Екі әріп арқылы бір дыбысты беріп болса да әліпбиімізге тек латын әрпін ғана қолданып, ағылшын пернетақтасын пайдалануға болатындығы жайлы айтылып жүр. Осы пернетақта мәселесі жөнінде сұрағанымызда Қ.Ы. Ванов: «Ағылшын пернетақтасында біздің кейбір жиі кездесетін әріптеріміз қолайсыз орындарда орналасқан. Мысалы, қазақша мәтіндегі әріптердің 13%-ын құрайтын «А» таңбасы сол қолдың шынашағының тұсында тұр. Сондықтан ағылшын пернетақтасын қолданғаннан гөрі, әріптерді теруге қолайлы етіп орналастыруға мүмкіндік беретін өз пернетақтамызды жасағанымыз тиімді. Бұл соншалық қиын жұмыс емес. Біз жаңа әліпбиге пернетақтаны дайындап та қойдық», — деді. Талантты адам қай жағынан алсаң да талантты болатынына Қуантқан Ырзаұлы жасаған пернетақтаға қарап отырып тағы бір мәрте көзіміз жеткендей болды. Өйткені үш тілге арналған бұл пернетақтамен кирилді білетін адам жаңа әріпті меңгермей тұрып та жаза береді. Сондай-ақ ол әріптерді үйренуге де көмектеседі.

Қуантқан Ырзаұлы – ақын. Ақын болғанда да өлеңдерінің әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарайтын ақын. Онда артық-ауыс сөз болмайды. Ұйқасы, буыны, бунағы, шумағы түгел келісіп, әрбір сөз көтеріп отырған тақырыбының мәнін ашып, бір ойдың төңірегінде үйіріліп үйлесім тауып тұрады. Оның қай өлеңін оқып қарасаң да, жанға жайлы, жүрекке жылы тиеді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 40 жылдығына арнап, белгілі сазгер Марат Ордабаевпен бірге шығарған «Әдіскерлер ордасы» әні талғампаз ақынның айшықты сөз өрнектері арқылы тыңдарманының құлақ құрышын қандырып жүр.

Қуантқан Ырзаұлының тағы бір ерекшелігі – оның сазгерлігі. Ол жүрегін жарып шыққан әсем әннің әрбір сөзіне қатты мән беретін сазгер. Сол себептен болар, ол көптеген әндерінің сөзін өзі жазған. Сыры терең сұлу сөз бен әсем сазды әуезді әуен егіз өрілгенде, тыңдаушының құлақ құрышын қандырады, «Ауылым – киелі мекенім» әні туып өскен ауылыңды, «Бауырым» әні бір туған бауырларыңды, «Дос тойына» әні аяулы достарыңды еске түсіріп, жан-жүрегіңді елжіретеді. Оның қай әнін тыңдасаң да, көңіліңді ерекше бір күй тербеп, тебіренесің, толқисың, ойланасың…

Әсіресе, ол әнді әдемі қоңыр даусы сырнайдың сұлу үнімен үндесіп, автордың өзі шырқай жөнелгенде, қосыла шырқап кеткің келеді. Біразға дейін ән әсерінен арыла алмай, ыңылдап әндетіп отырғаныңды өзің байқамай да қаласың. Әнші-сазгердің жүрек қылын тербейтін әндері «Ән лебіз» атты жинағында топтастырылған.

Әңгімемізді ел игілігі жолында тынымсыз еңбек етіп, үнемі ізденіс үстінде жүретін білімі терең, ойы ұшқыр, рухы мықты, жүрегі кең «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат, бір сөзбен айтқанда кемел тұлға Қуантқан Ырзаұлы Вановтың шығармашылығына табыс, бастаған ісіне сәттілік тілей отырып түйіндеуді жөн көрдік.

Роза ЖҮСІПОВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты қызметкері

               

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.