Home » Мақалалар » Игі істің бастамасы

Игі істің бастамасы

Қазақстан Республикасы жаңа өмірге қадам басқаннан бері көркейіп, дамуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруға аяқ басқанын жариялаған болатын. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталады. Аталған жоба бойынша Республикамызда білім деңгейі көтеріліп, сапалы мамандар дайындауға мүмкіндік туады. Сонымен қоса, Елбасы осы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Нақтырақ тоқтала кетсек, бағдарламаның мақсаты – туған өлкені, жерді, елді, ауылды қастерлеу арқылы Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу.

«Қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және география пәндері негізінде әр өлкенің әдебиеті, тарихы, қайталанбас табиғаты мектепте оқытылып, оқушылардың білімі шыңдалып, бағалануы тиіс. Ал факультативтік сабақтары есебінен жүргізілетін танымдық экскурсиялар мен мұражайларға, тарихи ескерткіштерге саяхаттар теориялық білімді толықтыру үшін ғана қолданылуы керек», — деп «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев басты тапсырмалардың бірін түсіндіріп өтеді. Әрине, ол тапсырманы орындауға, ең алдымен, тұрып жатқан мекеніндегі тарихи тұлғаларды зерттеп, олар туралы кітаптар жазып шығаруға, мұражай ашуға, т.б. шараларды өткізуге болады. Осы орайда айта кететін жайт, Білім күнінің қарсанында, 30 тамыз – Конституция күні мерекесінде Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында, Қорғалжын мектеп-гимназиясында Ермек Балтабайұлы Біжкенов атындағы қазақ тілі және қазақ әдебиеті дәрісханасы ашылған болатын. Біжкенов Ермек Балтабайұлы – Қорғалжын ауылына көп үлес қосып, еңбегі сіңген қоғам қайраткері. Ол жасынан өте зерек, дарынды, талапты болған. Мектепте үлгерімі өте жақсы болып, 4-5 сыныпты бір жылда бітіреді де, 16 жасында аяқтап шығады. Алматы қаласында ҚазМУ-дың филология факультетіне түседі. Бұнда да үздік оқып, Сталин стипендиясының иегері, комсомол көшбасшысы атанады. Оқуын бітірісімен халыққа қызмет етеді. Мектепте біраз жұмыс жасап, директор қызметін де атқарды, СССР кезіндегі Партия төрайымы да болды. Ермек Балтабайұлы өте әділ, шыншыл, 3 тілді: қазақ тілін, орыс тілін, араб тілін жетік меңгерген ғұлама жан болған. Алайда өмірдің заңына қарсы тұра алмай, небәрі 51 жасында дүниеден озды. Қысқа ғана уақыт аралығында қаншама іс атқарған жанға арнап балалары мектептен дәрісхана ашты. Дәрісхана ашылуына ұйытқы болған Ермек Балтабайұлының күйеу баласы Алимжанов Сейтжапар Мухамедалиұлы және қызы Бижкенова Айгуль Ермековна. Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғалжын ауданының және аудандық білім бөлімінің басшылары, еңбек ардагерлері, ауыл қарттары, мұғалімдер, оқушылар және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бірқатар ғалымдары қатысты. Оқыту бөлмесі күрделі жөндеуден өтіп, оқу процессіне қажетті құралдармен жоғары деңгейде жабдықталған: заманауи компьютерлер, теледидар, кондиционер, мәжіліс үстелі, бөлме жиһазы. Және де Ермек Балтабайұлының фото-суреттері, мақтау қағаздары, алғыс хаттары, өзі жазған кітаптары жинақталған. Бұл дәрісханада оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығы арта түсуі сөзсіз. Тарихи оқиғаға айналған іс-шара тек Қорғалжын мектеп-гимназиясын ғана емес, күллі Қорғалжын тұрғындарын қуанышқа бөледі.
Міне, осындай игі іс арқылы апа-ағаларымыздан үлгі алып, туған елге, туған жерге, Отанымызға деген патриоттық сезімді оята аламыз. Ел болып, жұрт болып бірге бірігіп жұмыс атқарсақ, алға қойған мақсаттар мен жоспарларды жүзеге асырып, дамыған 30 елдің қатырына қосылатынымызға сенеміз. Қазақстан – тұғыры биік, мақсаты анық, болашағы жарқын ел!

Жусупова Баян Амангельдиновна
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы,
Қорғалжын мектеп-гимназиясы,
директордың орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.